Облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Ізтұрған Баймұханов еңбек ұйымдарындағы әлеуметтік базаны нығайтуда кәсіподақ ұйымының рөлі ерекше екенін айтады. Күнделікті жұмыс барысында бастауыш кәсіподақ ұйымдарының саны аз болғандықтан жұмыс берушілер тарапынан қызметкерлерді қудалаушылық деректері анықталған. Еңбек жанжалдарының басты себептерінің бірі – өмір сүру деңгейінің төмендеуі, яғни ақшаның құнсыздануы, жалақының өспеуі. «Облыстық кәсіподақтар бірлестігіне еңбекақының аздығына шағымданып, кәсіподағы жоқ мекемелердің жұмысшылары келеді», дейді Ізтұрған Ұзақбайұлы. «Алтиес Петролеум» компаниясының 100-ден аса қызметкері осындай себеппен көмек сұрап келген. Облыстық кәсіподақтар орталығы келіссөздер нәтижесінде сот пен құзырлы органдарға жүгінбей, жалақыны өсіріп, еңбек жағдайларын жақсартуға ықпал жасады. Биылғы жартыжылдықтың өзінде кәсіподақтар бастамасымен 57 өндірістік кәсіпорын еңбекақыны көтерді.
Еңбек дауларының туындауына тағы бір себеп – жұмыстан босатылу. Көбіне жұмыс берушілер қызметкерлерді ешқандай себепсіз, Еңбек кодексінің 50-бабы, 3-тармағы негізінде жұмыстан босатады. Бір қарағанда бәрі заңды, бірақ... Айталық, «ЮСС Супорт Сервисез» компаниясы Теңіз кенішінде 25 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан бірнеше жүргізушіні 3 айлық өтемақымен жұмыстан шығарып жіберген. Ал Атырау қаласындағы «Байзар» сауда, ойын-сауық кешенінің күзет фирмасы қызметкерін 1 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 2,5 мың теңге өтемақымен жұмыстан босатқан. Заңсыз жұмыстан шығарылған тағы 10 қызметкер кәсіподақтар көмегімен қайтадан жұмысқа орналасты. Мұндай мысалдар аз емес. Қайсысын алып қарасақ та, кәсіподақ ұйымының араласуы нәтижесінде іс оңынан шешіліп, еңбек адамының мүддесі қорғалғанын айқын аңғаруға болады.
Кәсіподақ үйінде облыстық сотпен бірлескен жоба Татуластыру орталығы жұмыс істейді. Кәсіби медиаторлар жеке еңбек дауларын қарап, екі тарапты да риза ететін шешімдерді табуда. «Жыл басынан бері 100-ге жуық еңбек дауы қаралды. Облыс бойынша кәсіподағы бар 500 ұйымда жеке еңбек дауларын қарайтын келісу комиссиялары құрылды. Жыл сайын 1500-ден аса комиссия мүшелері еңбек заңнамасының негіздеріне оқытылады», дейді облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы.
Қарапайым еңбек адамының тағдырына қатысты түйткілді тұстарды әділ де адал жолмен, заң шеңберінде шешуге ықпал етуде кәсіподақ ұйымдарының жұмыстары тиімді екенін уақыттың өзі дәлелдеп отыр. Дау-жанжалды бейбіт келісім арқылы шешуге ниеттенген әр адам қазір кәсіподақты бетке алатын болды. Бұл – аталған институттың жаңа деңгейге көтерілгенінің айқын айғағы.
АТЫРАУ