Қоғам • 23 Тамыз, 2019

Туризмді дамытуға ұлттық компаниялар дайын ба?

255 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Алакөлге (Үржар жағы) 4-5 жылдан бері келмеп едік, үлкен өзгерістер бар екен. Біз жағалаудан 20 метрдей ғана қашықтықта орналасқан «Лазурный берег» аталатын демалыс үйіне түстік. Екі қабаттан салынған демалыс үйінің үш корпусында кемінде 70-80 адам демалуда. Олардың тамақтануына арналып, үлкен асхана салынған. Қызмет көрсетушілер жағы туристердің көңілін қайтсек табамыз дегендей жүгіріп еңбек етуде. Бәрі де инабатты, мәдениетті қазақтың қаракөз жастары. Демалыс үйінің басшысы Бауыржан деген кәсіпкердің өзін көрмесек те, мұндағы жұмысты жолға қоюына қарап, іскер азамат екендігін байқадық.

Туризмді дамытуға ұлттық компаниялар дайын ба?

Демалыс үйінің 1 адамға бір күндік орташа бағасы 7,5 мың теңге екен. Тіпті бұл бағадан да арзан нөмірлерді табуға болады. Осы бағаға туристің үш мезгіл та­мағы да кіреді. Нөмірлердің ішін­де жайлы төсек, душ, әжетхана ор­натылған. Сонда бар болғаны 75 мың теңгеге 10 күн демалып, көл қызығына батып, ем алып қай­туыңызға болады. Басқа қай елден мұндай арзан демалыс орнын таба алар едіңіз? Арзан дейтін Түр­кия­ның Анталиясына барсаңыз, ке­мінде 1 мың доллардың басына су құйып қайтарыңыз анық. Жоқ, мұндай бағаны тек туған ел та­би­ғаты ғана ұсына алады.

Алакөлге туристердің қаптай түсуінің бір сыры осы баға қолай­лылығында жатқан секілді. Со­ған сай мұндағы демалыс орын­да­рының саны да жылдан-жылға жедел өсіп, біздің көз алдымызда жаңа бір жазғы қала пайда болыпты. Мәселен, біз бұрын келген кезімізде «Лазурный берег» те, онымен қанаттаса, самсай бой көтерген басқа демалыс орындары да болмаған еді. Көлдің бұл тұсы жалаңаштанып бос жататын. Жа­ға­жайдың орнына құламалы жар­ды ғана байқауға болар еді. Ал енді сол жар шегенделген. Бір шет­­тен жел соқса алас ұрып ке­те­­тін бура толқындардың екпінін ба­сатындай көл ішіне қарай сұғына кіретін құрылғы жол салынған. Оның жағасына туристерге көлді ара­латып қызмет көрсететін шағын моторлы және моторсыз қайықтар тоқтайтын болған.

Осыдан он шақты жыл бұрын Алакөлде әрі асқанда 100-150 мың адам ғана демалатын еді. Былтыр демалушылар саны 800 мыңнан асыпты. Соның ішінде бір жылдың ішінде ғана келушілер саны 30 пайызға ұлғайыпты. Ал осы жылдың есебі белгісіз. Өйткені маусым әлі аяқталған жоқ. Бірақ қызмет көрсетуші қо­нақүйдегілер сөзіне қарағанда 1 млн-нан асып жығылуы әбден мүм­кін. Өйткені келушілер қарасы бұ­рынғыдан да молая түскен.

Соңғы жылдардың тағы бір жа­­ғымды жаңалығы, демалыс үй­­лерінің ортасынан және көл жа­­ғалауынан түзу және кең етіп қы­­дырушылар көшесі – Арбат тұр­­ғызылған және ол түн­нің өзін сама­ладай етіп тұра­тын жарық­тармен, сәнді орындықтармен, әткеншектермен, басқа да құрал-жабдықтармен безендіріліпті. Ар­баттың екі жағы – толған кафелер, дүкендер, түрлі сауда-ойын са­уық нүктелері. Жастар үшін дис­котекаңыз да, жасы келгендер үшін сейіл-серуен құратын, айналасын қызықтап, демалатын жерлер де осында.

Ал енді кешкісін Арбатқа қарай өріп шығатын халықтың қарасында қисап жоқ. Осыны көріп, мұнда отбасымен жылма-жыл келіп жүр­ген белгілі журналист-аудармашы Жұмағазы Игісінов ағамыз «Ала­көл қазақтың Лас-Вегасына ай­налған екен» деп қалды.

Сонымен қазіргі кезеңде Ала­көл жағалауындағы бизнес қар­қынды даму үстінде. Көлдің бір бө­­лігі аумақтарында орналасқан Шы­ғыс Қазақстан облысы мен Үр­­­жар ауданының әкімдіктері осы іске үлкен мән беріп, ту­рис­­тік инфрақұрылымдарды же­тіл­ді­ру бағытында көп жұмыс жүр­­гіз­ген­дігі көрініп-ақ тұр. Ал ин­фра­құрылымдардың дамуы биз­нестің күрт дамуына әкелген.

Бір өкініштісі, Алакөл туризм­нің дамуына көл­денең болып отыр­ған жайт­тар­дың бар екендігін де өз кө­зі­мізбен көріп қайттық. Мә­се­лен, көл жағалауындағы де­ма­лыс орындарында жарық жиі сө­ніп қалады екен. Ал мұның өзі келу­шілер үшін де, қонақүйлер қыз­меткерлері үшін де үлкен әбі­гер. Екіншіден, интернет қызметі өте әлсіз. Мұның өзі туристердің сырт­қы әлеммен байланысын шек­теуде. Үшіншіден, туристерге пойыз ар­қылы келіп-кету мәселесі ше­шіл­генімен пойыз тоқтайтын Жа­­­ла­ңашкөл стансасында оған мі­­­ніп-түсу дегеніңіз қиямет қа­йы­м екен. Қай вагонға қалай оты­­рар­ларын білмей сеңдей со­ғы­лыс­қан халық. Станса ғи­ма­ра­ты се­кілді шағын бірдеңе қал­қиып тұр­ғанымен, ол жабық. Стан­са ба­сында жөн сұрайтын қыз­мет­кер жоқ. Оның үстінде, стан­са перроны бар болғаны екі-үш ва­гонға ғана арналғандықтан по­­йыз келіп тоқтаған сәтте жолау­шы­лардың өз вагондарына жетуі үшін қолдарындағы жүктерін жол­­сыз жермен сүйрелеп, арпа­лыс­қа түсуіне тура келеді. Өз ва­го­ны­ңызға жетіп үлгергеніңізбен, ен­ді оған мініп көріңіз! Темір жол тегіс емес сай-саланың ішімен бір­­­­неше метр биіктікке көтеріліп са­­лынғандықтан вагоныңызға мі­­ну үшін тауға шыққандай бо­ла­сыз. Одан кейін жолсерік сізді жо­­­­ғарыдан қолын созып көтеріп ал­­маса, тағы міне алмайсыз. Қыс­қа­сы, қан сорпаңыз шығады. Сіз­дің көл жағалауында өткізген де­ма­лысыңыздың бар рахатын осы жер сығып алады.

Әрине, бұл жағдай бір күндік емес, Жалаңашкөл стансасында жазғы маусымдағы пойыз қа­ты­насы орнағаннан бергі күнделікті болып жатқан көрініс қой. Бірақ соған қарамастан «Қазақстан темір жолы» АҚ-тың тиісті мекемелерінің көз­жұмбайлыққа салынып, тым-тырыс отырғаны ойландырмай қой­­­майды. Тым құрығанда аузы бе­кітіліп тұрған стансаның шағын ғана үйін жеделдетіп жөндеп, сол жерге қай вагонның қай жер­ге тоқтайтындығын білмей, са­был­­­­ған халыққа жол сілтеп, жо­лау­­шылардың арыз-арманын тың­­дап, жоғары жаққа жеткізетін бір-екі қызметкерді отырғызуға бо­лады ғой.

«Қазақстан темір жолы» АҚ-тың тиісті мекемелері үнсіз жат­қанымен жолаушылардың жа­н­айқайы мемлекеттік органдарға жете бастаған секілді. Мәселен, біз пойызға мінгеннен кейін ва­гондарды аралап, халықтың талап-тілегін тыңдап жүрген Алматы об­лысы бойынша Көліктік ба­қы­лау инспекциясының қызмет­кер­лерін көрдік. Олар бізге Көлік проку­ратурасының тапсырмасы бойынша тексеру жұмыстарын жүргізіп жүргендерін, өйткені Жалаңашкөл және жол бойындағы басқа да стансалар бойынша пер­рондарда жолаушылар қауіп­сіз­дігінің дұрыс сақталмай тұр­ған­дығын айтты. Оларды көріп біз мін­ген вагонның ашуға булыққан жо­лаушылары бірден шулап қоя берді. Мәселен, Жезқазғанда тұ­ра­тын Шахбан Жүнісова деген ег­де жастағы әйел өзінің пойызға пер­роны бар жерден мінбек бол­­ғандығын, бірақ ол жерден бас­­қа вагонның жолсерігі өзін мін­гізбегендігін, өз вагонына зорға жетіп оған мінбек болғанда вагон есігінің жақтауына қолының, теп­­­кішегіне аяғының жетпей тө­мен қарай домалап кеткендігін, бір үлкен адамның әупірімдеп жү­­ріп өзін мінгізгендігін айтты. Бас­қа жолаушылар да бастарынан өт­кен осындай оқиғаларын баян­дап жатты. Көліктік бақылау инс­пек­ция­сының қызметкерлері осы­ның бәрін жазып алды. Енді тиісті же­ріне жеткізген де болар.

Сонымен біздің баяндаған бұл үш проблемамыз «КЕГОК», «Қа­з­ақ­телеком», «Қазақстан те­мір жо­лы» секілді ұлттық компа­ния­ла­ры­мыздың қызметіне қатысты мә­селелер. Қысқасы, туризмді да­мы­туға жергілікті билік әзір бол­ға­нымен, ұлттық компаниялар дайын болмай шықты.

Алдағы уақытта бұл мәселелер ес­керілсе деген тілек бар.