Руханият • 23 Тамыз, 2019

Адал еңбек абырой биігіне көтереді

576 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Көптеген мамандық иелерінің ішінде сөз­ден гөрі нақты іске бейім мамандық өкілдерінің бірі – мал дәрігерлері. Ветеринарлар туберкулез, бруцеллез, эхи­ноккоз және басқа да аурулармен алы­сып жүріп қақаған қысты да, аптап­ жазды да төрт түлікті емдеумен өткізеді.

Адал еңбек абырой биігіне көтереді

Бұл мамандықтың иелері жалақысының аз екенін де сирек сөз етеді. Өйткені олардың отбасының мүшелері азғантай айлыққа ғана қарап отырмай, құс, мал ұстауға бейім. Сон­дай білікті мал дәрігерінің бірі – Рахмет Төлемісов еді.

Рахмет Төлемісов 1958 жылы Алматыда Қазақ зоотехника институтын бітіріп, күнгей облыстағы Түркістан ауданының ұжымшарларында мал дәрігері қызметін атқарды. 1963 жылы Оңтүстік Қазақстан өлкесі ұйымдастырылып, жас мамандарды орталыққа тартқан. Солардың қатарында Рахмет аға облыстық ветеринарлық зертхана басшысының қызметін атқарды. Ұқыпты, жауапкершілігі зор, мәдениетті, өз ісінің маманы жылы сөзбен-ақ ұжымды бір кісідей ұйымдастыра білді. Типтік зертхананың салынуына мұрындық болды, төрт түлікке екпе салу науқанына жіті назар бөлді.

Одақ кезінде жұқпалы ауру шыққан жерге Мәскеуден, Ленинградтан, Алматыдан ата­ғы әлемге мәлім профессорлар келе­тін еді. Негізгі мақсаты орындалған соң, об­лыстық мал дәрігерлеріне сол ғалым­­дар­дың қатысуымен семинарлар ұйым­дас­тыры­ла­тын.

Ұжымын өрге сүйреген басшы

Р.Төлемісов жұмыстан қолы қалт еткенде бар уақытын ғылымға арнады. 1974 жыл­дың ақпан айында диссертация қорғап, ветеринария ғылымдарының кандидаты атанды. Сол жылдың наурызында обком­ның нұсқауымен Ет комбинатының директоры болып тағайындалды. «Мен малды емдеймін, технолог емеспін» деген қарсылығына қарамастан, басшылар оны осы қызметке лайық деп тапты.

– Рахмет аға біз сияқты өрімдей жастар­ды қолымыздан жетектеп жүріп үйретіп, жұмысымызға жетекшілік жасады. Қа­зіргі таңда ағамыздың жолын жал­ғап, облыстық Ветеринарлық зертха­наның басшысы қызметін атқарып келемін. Қазір малдәрігерлікті Санитарлық-эпиде­мио­логиялық стансаның қызметімен шатастыратындар көп. Осы екеуінің айырмашылығын атап өткім келіп отыр. Мал дәрігерлері азық-түліктің қазанға түскенге дейінгі кезеңін қарастырады. Еттің тазалығын, жұқпалы аурулардан амандығын қамтамасыз ете­ді. Мұнда мал дәрігерінің ішкі интуициясы да рөл атқарады. Мәселен, еттің ана­лиз­дері жақсы, алайда бауыр органында ауытқулар болуы ықтимал. Ал Санитарлық-эпи­демиологиялық станса ауқаттың қазанға түскеннен кейінгі тазалық шараларына жауап береді, – дейді Шымкент қаласындағы облыс­тық ветеринарлық зертхананың басшысы Асқар Қалтаев. Қазіргі таңда мекеме атауы Ауыл шаруашылығы министр­лігі Ветеринариялық бақылау және када­ға­лау комитетінің «Республикалық ветери­нариялық зертхана» РМК Оңтүстік Қазақ­стан өңірлік филиалы деп аталады.

1973-1988 жылдар аралығында қазіргі Түр­кістан облысындағы ет комбинатында бас технолог қызметін атқарған жандардың бірі Ғайрат Қырғызбаев:

– 1974 жылдың наурыз айында ком­бинаттың директоры болып Рахмет Төлеміс­ұлы келді. Тағайындала сала бірден жұмысқа бел шешіп кірісті. Сол жылдың көктемінде біздің бір қызметкеріміз той жасады. Әрине, тойда Рахмет Төлемісұлы да болды. Көптеген халықтардың салт-дәстүрімен таныс, білімі жан-жақты, көп саладан хабардар интеллектуал Рахмет Төлемісұлы өзбектің халық әні «Дилхирожға» билеген сәтте жұрт оның өнеріне, қарапайымдылығына таң­ғалды, – дейді. Оның айтуынша, Рахмет Төлемісұлы жұмыс барысында қара­ма­ғындағы адамдарға ешқашан дауыс көтер­ген емес. Барлық адамдармен санасатын, олардың ой-пікіріне құлақ түретін. Сол қасиеті үшін қызметкерлер оны құрметтеді, тап­сырмаларын барынша бұлжытпай орындауға тырысты.

– Ет комбинатында ең ауыр жұмыс иесі – қасапшы. Бірде асхана бастығы Махмұт Алиев мекеме ғимаратының 5-қабатынан қасапшылар үшін асхана филиалын ашуды ұсынды. Ондағы ойы қасапшылардың аз да болса тынығуына мүмкіндік жасау еді. Рахмет Төлемісұлы бұл ұсынысты қуана мақұлдады,– дейді Ғ.Қырғызбаев.

Жыл сайын республика бойынша ет комбинаттары арасында социалистік олимпиадалар кезінде Р.Төлемісұлы басқаратын ұжым жүлделі орындарға ие болып, түрлі мадақтамалар, орден мен медальдар алды.

– Жарысқа қатысатын қызметкерлердің дайындығы үшін бізде волейбол, баскетбол алаңы болды, сол жерде түскі үзіліс ке­зінде спорт нұсқаушысы Әбдімәжит Керім­баевтың арқасында түрлі спорт ойын­дары ұйымдастырылатын дәстүр болды. Рахмет Төлемісұлы оны әрқашан қолдады, оның «Спорт пен еңбек қатар жүруі керек» деген ұстанымы болатын. Жұмысқа ынталандыру үшін қызметкерлерге арналған сүт және ет өнімдері сатылатын дүкендер ашылды. Рахмет Төлемісұлы әділ, әдепті, өз ісінің білікті маманы болса да, өзі ешқашан марапатқа құмартқан емес. Ол бірінші кезекте ұжым мүшелерінің марапатталуын ойлайтын, – деп еске алады Ғ.Қырғызбаев.

Саланың қыр-сырын білетін маман

Тыл және еңбек ардагері, Түркістан қаласының құрметті азаматы, «Ерен ең­бе­гі үшін» медалінің иегері Р.Төлемісұлы Түркістан ауданы Сауран ауыл кеңесіне қа­расты 1 мамыр колхозында 1936 жылы дүниеге келген. 1953 жылы Шорнақ ауы­лы­ның мектебін бітіргеннен кейін, сөз басында айтып өткеніміздей, Алматыдағы Қазақ зоотехника институтына түсіп, вете­ринар мамандығын алып шықты. Инс­титуттан кейін Түркістан ауданында және Кентау қаласында 5 жыл мал дәрігері қыз­метін атқарды. Кентауда жаңа типтік малдәрігерлік емдеу орнының салынуына мұрындық болды.

Білікті маман, шебер ұйымдастырушы ре­тінде жоғары бағаланған ол 1963 жылы Шымкент қаласындағы облыстық Вете­ри­нар­лық зертхананың директоры қызметіне ауыс­тырылды. Оның басшылығы тұсында 11 жылдың ішінде жаңа типті зертхана және қыз­меткерлерге 8 пәтерлі үй салынды. 7 аудан­да ветеринарлық зертхана салуды ұйым­дастырып, толық жабдықтауына тікелей жетек­шілік етті. 14 жылдың ішінде 3 ауданда ет ком­бинаты ашылды, Машатта балалар демалатын 320 орындық лагерь салынды. Жас ма­ман­дарға арналған жаңа жатақхана іске қосылды.

Р.Төлемісұлы 1988 жылы наурыз айында өз өтінішімен мал шаруашылығына оралып, облыстық басқарманың ветери­нар­лық бөлімінің бас инспекторы маман­ды­ғына тағайындалды. Бұл қызметте жүріп үкіметтің, жекеменшіктің малына жауап­кер­шілікпен, жанашырлықпен қарады. Мәселен, Германиядан асыл тұқымды сиыр әкелгенде таулы-тасты аудандарда мал­дардың тұяқтары жарақаттанбасын деп киіз­бен орағаны бар. Сондай-ақ қоражайларға Германияның ауа райына ұқсас микроклимат жасатты. Облыста алғаш рет қораларға желдеткіштер орнатылды. Далада температура +35 - +43 градусқа дейін көтеріл­генде, желдеткіші бар қоралардағы температура +13 - +15 градус болатын. Соның нәти­жесінде Германиядан әкелінген 2500 бас не­містің қара ала тұқымды сиырлары күнгей­дің климатын жерсініп, уақыт өте келе саны да артты. Ірі қара малға және қой-ешкіге уақ­тылы екпе салу және дер кезінде емдету шара­ларын жолға қойып, Оңтүстік Қазақстан облы­сында мал шаруашылығының дамуына сүбелі үлес қосқанын бүгінде жергілікті жұрт жақсы біледі. 

 

Асқар Қалтаев,

Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті «Республикалық ветеринариялық зертхана» РМК Оңтүстік Қазақстан өңірлік филиалы Ветлаборатория бастығы