Руханият • 23 Тамыз, 2019

Азаматтық ұстаным

1521 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін
Азаматтық ұстаным

«Елу жылда – ел жаңа, жүз жылда – қазан», дейді дана халқымыз.

Өмір, заман, уақыт хақында дәл, тауып айтылған шын сөз, ақиқат пайым!..

Иә...

Біз – жаһандану дейтін аласапыраны мол өзгерістерді есепсіз төлдеткен дәуірде өзгермей, өз қалыбыңды бұзбай қалудың, ұлт болып сақталудың қаншама қиын, күрделі міндет екенін әр сағат, әр күн сайын басынан өткеріп келе жатқан буынның өкіліміз.

Тәуелсіздікті жариялау мен орнатудың тағдырлы, тарихи міндетін жүзеге асырған, көшін Нұрсұлтан Назарбаев есімді қайсар мінезді, ұлы қазақ бастаған дәуірдің жүгін көтеру, көтерісу бақыты да біздің буынның пешенесіне бұйырғаны тарихи ақиқат.

Ақан Құсайынұлы Бижанов – осы кезеңде халыққа есімі кең танылған сондай мемлекет және қоғам қайраткерлерінің бірі. Не істесе де асықпай, «сегіз өлшеп, бір пішуге» ерте кезден бойы мен ойы әбден дағдыланған, ұстанымы берік жанның өмірлік жолына үңілген, онымен күнделікті тіршілік ағысында араласқан, қызметтес болған кез келген адаммен тілдесе қалсаңыз, бірінші айтатын сөзі: «сабырлы, сырбаз мінезді кісі». Өз басым осы сөздерге: «ісіне тиянақты, біреудің ала жібін аттамайтын, обал-сауап деген ұғымдарды жадынан шығармайтын, жауапкершілікті өмірінің кредосына айналдырған қоғамшыл, мемлекетшіл, биікке көтерілген білікті басшы, беделді тұлға» деген анықтамаларды қосар едім.

Олай дейтінім, мен Ақан Бижановты аты жұрт аузына іліге қоймаған ана ғасырдың жетпісінші жылдарында еңбек жолын Алматы қаласының темір-бетон бұйымдарын шығаратын зауытында инженер-электрмеханик болып бастаған жігіт кезінен білемін.

Алғаш көргенімде әдеміше келген аққұба өңді жігіттің өзін-өзі ұстауынан жұмысшы ортасында жүретін қарапайым еңбек адамынан гөрі жүзінен бекзаттық бітім менмұндалап тұратын интеллигенттік тәрбиенің нышаны көбірек аңғарылатындай еді. Жүрісі сыпайы, сөзі өткір жас жігітті зауыттағы әріптестері комсомол комитетінің жетекшілігіне ұсынған екен. Одан соң... Аудандық комитет құрамына сайланады. Білікті, білімді жас жігіт 1976 жылы партиялық қызметке жіберіледі. Киров атындағы аса ірі машина жасау зауытында аудандық партия комитетімен терезесі тең партком хатшысының орынбасары, сонан соң Алатау аудандық атқару комитетінің орынбасары, Алатау аудандық атқару комитетінің төрағасы, осы аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметтерін атқарады.

Ақан Құсайынұлы көп те емес, аз да емес, осындай маңдайына бұйырған кезең ішінде өзі өсіп-өніп, көгеріп-көктеген ұлы шаһарда құдай қосқан қосағы Ғалиямен қол ұстаса жүріп, тіршілік дейтін көк теңізде бірге жүзеді. Отбасы бақытына кенеледі. Ұрпақ сүйеді. Қоғамдық ортаға еркін еніп, ел тізгінін ұстар қызметтерді абыроймен атқарады. Қабілетті басшы биігіне көтеріледі. Осы жылдарда ол бірнеше мәрте аудандық, қалалық халық кеңестерінің депутаты болып сайланып, астаналық шаһардың әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты алуан-алуан мәселелерді шешуге қызу атсалысады, өзінің үлесін қосады.

Бір сөзбен айтқанда, Абайдан қалған «ақырын жүріп, анық басу» мектебінен өткен, парасат-пайы­мы терең, жаратылысынан халықшыл, қайраткер азамат «ел басына күн туып, етігімен су кешкен» желтоқсанның жүрек қарып, жанды мұзға бөлеген қиын-қыстаулы кезеңінде де, қазақ елі буынып-түйініп, күрес жолын таңдаған тәуелсіздіктің алмағайып мінезді алғашқы жылдарында да ұлттық қалыбымызды танытар елдік пен еңбектің өрінен көріне біледі.

Ол 1992 жылы Алматы қалалық кеңестегі депутаттардың төрағасы болып сайланады. Өтпелі кезеңнің өрті мен суын қатар кешеді. Алматы қалалық әкімшілігінде әкімнің бірінші орынбасары қызметін атқарады. 1994 жылы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты бола жүріп, Парламент жанынан құрылған «Халық бірлігі» одағының депутаттық фракциясына жетекшілік жасайды. Келесі жылы Халық бірлігі партиясы Орталық комитетінің Төрағасы қызметіне сайланып, Республиканың саяси өміріне белсене араласады. Өтпелі дейтін өрті қалың кезеңде тәуелсіздігін жаңа жариялаған жас мемлекеттің аяғынан тұрып кетуі қиынға соққаны белгілі. Тұңғыш Қазақ Президентінің иығына түскен ауыр жүкті бөлісуге мүдделі тұлғалар қатарынан табылған жаңа партияның басшысы саяси кеңістікте өзінің сабырын серік ете білер ұстамдылығымен, мол білімімен, терең парасатымен көзге түседі.

1999 жылы саяси күштерді шоғырландыру мақсатында республикалық «Отан» саяси партиясының құрылғаны белгілі. Ақан Бижанов басқарған «Халық бірлігі» партиясы «Отанның» құрамына енеді. Бұл партияның бірте-бірте бүгінгі Елбасы басқаратын еліміздегі тегеурінді саяси ұйымға айналғаны, «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы болып құрылғаны мәлім. Тәуелсіз Қазақ елінің тағдыршешті кезеңінде ерекше рөл ойнаған саяси ұйымдардың құрылуында, олардың бірте-бірте сұрыпталып, іріктеліп, «Нұр Отан» есімді қуатты саяси күшке айналуында бірде басшы, бірде қосшы бола жүріп, өзінің қайраткерлік қарымы мен азаматтық дарынын орнымен жұмсай білген саясаткер-ұйымдастырушы, табанды тұлға, тиянақты басшы болып қалыптасады, іскерлік қабылеті шыңдала түседі.

1995 жылы Бижановты Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі қызметіне шақырады. Ақан Құсайынұлы Елбасының қасында жүріп, Мемлекет басшы­сы­ның сенімді серіктерінің біріне айналады. Президент Әкімшілігінде Ішкі саясат және қоғамдық-саяси бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарады. Осы уақыт аралығында А.Бижанов ұлтаралық келісім мен өзара түсіністік, халықтар арасындағы татулық, Қазақстан халқының бірлігі мен демократиялық үрдістердің дамуы мәселелеріне өзіндік үлесін қоса біледі.

Ел тәуелсіздігінің бастауында тұрған Тұңғыш Қазақ Президентінің жанында жүрген көмекшісі ретінде ол әлемнің көптеген елін аралайды. Талай алқалы жиындар өткізуге араласып, мемлекеттік және ресми сапарлардың құрамына кіреді. Ол бес жылдай Алматы қалалық әкімінің орынбасары қызметін атқарады. Оңтүстік астананың әлеуметтік, мәдени дамуына, ұлт әдебиеті мен өнерінің, ғылымы мен білімінің ошағы саналар, қаржы көздері орналасқан, дүмпуі қатты саяси күштер шоғырланған ірі мегаполистегі қоғамдық-саяси мәселелердің тұрақталуына, жұртшылықтың тұрмыстық жағдайының жақсаруына қатысты өзекті мәселелердің оң шешілуіне құлшына араласып, барынша ықпал ете біледі.

Иә...

Өмір бір орнында тұрмайды.

Ілгерілеу, алға жылжу – өмірдің, қоғамның мінезі. Табиғи заңдылық.

Дүниелік құбылыстардың барлығына философиялық тұрғыдан ұстамды қарайтын азаматтың да басынан осы жылдар ішінде он сан өзгерістер өтті. Ол 2005 жылы тамызда баламалы негізде Парламент Сенатына депутат болып сайланып, сол жылы Сенаттың Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі тұрақты комитетінің төрағасы қызметін атқарады. Бұл іскер азаматқа сол тұстағы Парламент Сенатының Төрағасы мен әріптестері тарапынан көрсетілген сенімнің айқын нышаны-тын. Осы комитет жұмысына жетекшілік жасай жүріп, Бижанов ұлт топырағында енді-енді қалыптасып келе жатқан парламентаризм институтының сыры мен жұмбақ тұстарына бойлайды. Ол ішкі саясат пен сыртқы саясаттың ажырағысыз бірлікте өрбитін біртұтас мемлекеттің қос қанаты екенін сезінеді. Сезініп қана қоймай, елдің ішкі, сыртқы саяси тұтастығының қалыптасуына себепкер болған Әбіш Кекілбаев, Өмірбек Байгелди, Оралбай Әбдікәрімов, Қуаныш Сұлтанов, Нұртай Әбіқаев, Мұхтар Алтынбаев, Қайрат Мәми, Әділ Ахметов, т.б. секілді көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлерімен тізе қоса отырып, көрнекті дипломат, айтулы мемлекет қайраткері, Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың басшылығымен Сенат қабырғасында жемісті еңбек етеді. Өз басым Бижанов сенатор, комитет төрағасы болған жылдарда Қасым-Жомарт Кемелұлымен тығыз, ынтымақта жұмыс істегенінің сан куәсі болған адаммын.

«Жүрісі таза, еңбегі адал, мінезінде мін жоқ бір адам болса, осы азамат-ау» деген ойға еріксіз жетелер Ақан Құсайынұлының көп замандастары қызыға қарайтын, бірақ көп айтыла бермейтін бір ақиқат бар. Ол бәлкім замандас-інімізге тәуелсіздік дәуірінің берген тартуы болар?! Қарап отырсақ, Ақан Бижановтың маңдайына сонау азаттықтың елең-алаң кезінде алғашқы Қазақ Президентіне алғашқы көмекшілердің бірі болу бақыты жазылса, Қазақ елінің екінші Президентімен Сенат қабырғасында жүріп, бірге қызмет ету несібесі бұйырыпты...

А.Бижанов осы жылдары екінші мамандықты меңгеріп, Жоғары партия мектебін қызыл диплом­мен бітіреді, гуманитарлық білім бойынша саясат­тану саласының маманы болады. Осы салада докторлық қорғап, Ұлы дала жұртының арғы-бергі тарихын тәуелсіздік дәуірінің бүгінгі жаңа тарихымен сабақтастырады. Өткеннің өзек өртер өкініштерін жаңа жаһандану дейтін жаратылысы күрделі дәуір биігінен саралай отырып, саяси, ғылыми тұжырымдар айтуға ұмтылады.

Бәлкім... Ғылым мен өмір ақиқатын, ғылым мен қоғам ағысын тап басып ұстап, жан-жақты талдауларға батыл бара білгендіктен де болар, осыдан бір жылдан астам уақыт бұрын Ақан Құсайынұлы Бижанов тізгінін ұстаған философия, саясаттану, дінтану институты өзінің жаңа кезеңін бастап жатқандай әсерге бөлейді.

Ол аталмыш институтқа қызметке келер-келместен елімізде латын әліпбиіне көшу туралы Елбасы шешімі шықты. Біле білгенге қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру аса маңызды мемлекеттік шара еді. Мемлекет басшысы қабылдаған батыл шешім институт тарапынан қызу қолдау тауып, аз уақыт ішінде қыруар іс тындырылды. Бұл игі шараның басы-қасында институт директоры Ақан Бижанов болды. Көп жұмыс атқарылды. Аз уақыт ішінде бірнеше кітап, ғылыми еңбектер, монографиялар жарық көрді. Институт Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан елдерінің тәжірибесі назарға алынды. Тисті жерлерге ұсыныстар берілді.

Иә...

Философия, саясаттану және дінтану инс­ти­туты – еліміздегі танымал жоғары кәсіби, ғылыми-зерттеу орталығы.

Бижанов басшылық ететін ғылыми мекемеде жүргізілетін кешенді ғылыми зерттеулер адамның сана-сезімін, рухани жетілуі мен шығармашалық жасампаздығын, білім мен ғылым мәселелерін жан-жақты талдауға негізделген. Соңғы уақыт аралығында адам капиталын әлеуметтік-философиялық тұрғыдан зерттеуге арналған әлденеше ұжымдық монографиялар мен ғылыми мақалалардың жарық көріп, ғылыми-көпшіліктің сұранысын тудыруы, айналымға енуі – соның айғағы. Қалыптасқан дәстүрі мен ұлт ғылымында өзінің оқшау орны бар институт жаңару жолында келе жатқаны анық. Институт қазіргі таңда көптеген елмен ғылыми қатынасын өрбітіп отыр. Ресей, Беларусь, Әзербайжан, Қырғызстан, Қытай, Германия, АҚШ, Түркия, Иран, Өзбекстан, Тәжікстан және басқа да елдердің ғылыми-зерттеу орталықтарымен тығыз ғылыми ынтымақтастығын орнықтырып келеді.

Ақан Бижанов – кез келген ортаны жатсынбай, жылы мінезімен, мейірімді күлкісімен, парасатты қалыбымен бірден баурап әкететін жаратылысы таза жан. Ол өзінен үлкен аға буынға көл-көсір ілтипатын ірікпейтін, соңынан ерген жас буынға қашан көрсең «қарағым», «шырағым» деген шуағы мол сөздерінен жаңылмайтын мәдениеттің иесі. Оның бұл қасиеттеріне Сенатта бірге болған жылдарда көзім жетті. Басшы боп қарамағындағы қызметкерлерге орынсыз дауыс көтергенін көрмеппін. Сөйте тұра комитеттегі әр адамның не бітіріп, не бітіре алмай жүргенін қадағалай білетін, қажетті жерінде «сүйектен өткізіп», сөзін мірдің оғындай етіп жеткізе де білетін... Әсіресе жастардың жұмыс істеуі мен жауапкершілігін назарда көбірек ұстайтынына іштей риза болатынмын.

Астанада, Сенатта жүріп, кейде Бижанов бойындағы осы қасиеттерді көргенде, жадым жаңғырып, көкірегімнің төрінде тұмардай болып сақталған Алматы мен айналайын Алатау еске түсетін еді. Мәселе Алатауда да емес, Алматыда да емес. Мәселе, сол Алаштың ұлы қаласына деген құрмет пен ықыластың көзіндей болған әр үй, әр көшесінде бір дәуірдің ізіндей болып қалған аға буынның өмір сүру, елмен араласу, халық жүрегіне жол табу мектебінің мықтылығында...

Ақан Құсайынұлы Алматыда әкімнің орынбасары қызметін атқарған кезде оңтүстік астананың ақсақалдарымен, аға буын өкілдерімен қойын-қолтық араласып, ықыласпен жұмыс істегені есімде. Ол кезде екі дәуір ақиқатын тең көріп, тең игерген ақсақалдар мен ағалардың ел төрінің көркі болып отырған кезі. Қайран ағалар-ай! Нарқасқалар-ай! Әрқайсысы бір-бір ауыл, бір-бір аудан емес, бір-бір аймақты, қала берді қазақты аузына қаратардай сөйлесе – сөзге, ойласа – ойға дес бермес жүйрік кісілер еді. Нағыз ел ағалары еді! Сол ақеділ мінезді ағаларымның ортасынан бүгін мен үшін орны бөлек, бекзат мінезді, байсал жүрісті Құсайын Бижанов есімді ақсақал түсіп отыр. Қазақ «Сөзінен, мінезінен аңғарасың. Тектіден шыққан!» деп жатады. Ақанның әкесі Құсайын Бижанов Алматы обылысының бірқатар ауданында басшылық қызмет атқарған, халыққа қадірі асқан, Жетісу жұртына танымал, соғыс ардагері, қоғамға кіршіксіз қызмет еткен беделді кісі еді. Шамасы, Ақан бойындағы ізгі қасиеттер мен мінездер сол әке сүйегімен сіңгені шүбәсіз. Қалай дегенде де «әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген ескінің есті сөзіне осындайда еріксіз ден қоясың, иланасың...

Мақала басында айтылған «Елу жылда – ел жаңа, жүз жылда – қазан» деген аталы сөзге қайта оралып, ойымды түйіндегім келеді.

Иә...

Елінің ортасында уақыт өзгерсе де, өзінің туабітті мінезінен өзгермей, сабыр мен бекзаттық бітіміне көлеңке түсірмей тәуелсіз Қазақстанға қызмет етіп келе жатқан замандас-ініміз, елге белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым, саяси ғылымдар докторы, академик, жаратылыстану ғылымдары академиясының президиум мүшесі, Еуропа Кеңесі Парламенттік Ассамблеясының өкілі және Ұжымдық Қауіпсіздік келісімшарт ұйымының саяси мәселелер мен халықаралық істер жөніндегі қазақстандық Тұрақты комиссиясының жетекшісі қызметін атқарған, «Парасат», «Құрмет», «Содружество» ордендері мен бірнеше медальдардың, Құрмет грамоталарының иегері Ақан Бижанов бүгінде кемел жастың биігіне көтеріліп отыр.

Азаматтық ұстанымына көлеңке түсірмей көтеріліп отыр.

 

Нұрлан ОРАЗАЛИН,

ақын, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты