Руханият • 23 Тамыз, 2019

М. Өтемісұлының 215 жылдығына арналған күй-кеші өтеді

537 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтан қалалық Мемлекеттік академия­лық филармониясы жанындағы Қазақ оркестрінің ХХIII концерттік маусымы батыр бабамыз Махам­бет Өтемісұлының 215 жылдығына арналған «Қайран, Нарын» күй-кешімен ашылмақ.

М. Өтемісұлының 215 жылдығына арналған күй-кеші өтеді

Елбасының «Рухани жаң­ғы­ру» бағдарламасы аясында өтетін іс-шарада Махамбеттің   «Қайран, Нарын», «Шілтерлі терезе»,  «Жайық асу», «Жорықта», «Исатайдың Ақтабаны-ай»,  «Жұмыр-Қылыш», «Өкініш»,  «Ары­сымнан айрылдым»,  «Мен, мен, едім, мен едім» сынды, т.б. қадау-қадау күй-мұралары орындалып, сахналық көріністер  тарту етіл­мек. Сондай-ақ бағдарламаға Құрманғазының «Кішкентай», КСРО халық әртісі Нұрғиса Тілендиевтің «Махамбет», Қазақ­станның еңбек сіңірген қай­рат­кері, «Парасат» орденінің иегері Айтқали Жайымовтың «Ере­уіл атқа ер салмай», Нұрлан Беке­нов­тің «Қызғыш құс» сияқты көптеген күй-симфониясы еніп отыр.

Халқы ардақ тұтқан асыл ер Ұлы даланың азаттығы жолында, тәуелсіздік таңы үшін күресті десек, баһадүр батырдың отты жырлары мен жүректі қақ жаратын туындыларының маңызы кейінгі ұрпағы үшін әлі де құнды, әлі де баға жетпес байлық саналады. Махамбет – қазақтың қашанда асқақ рухы, аласармас арманы, мәңгілік үлгі тұтар тұлғасы. Оның ерлік жолын, күрескерлік болмысын дәріптеу, ұрпақтан-ұрпаққа насихаттау – келешектің ортақ парызы, ұлы миссиясы. Мемлекеттік академиялық филармониясының күй жобасын «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алудағы  мақсаты да сол – тарихи-мәдени мұраны сақтау, дамыту және кеңінен дәріптеу.

 

Қаршыға КҮЛЕН