Елім менің – бақыт бесігі!
Сейсенбі, 29 қаңтар 2013 7:27
Дәулеті 46,5 млрд. долларды құрайтын әлемдегі бай адамдардың бірі Уоррен Эдвард Баффет: «Менің өмірдегі жолымның болғаны Америка Құрама Штатында және өз уақытында (1930) туғанымнан» депті. Осыдан кейін Economist Intelligence Unit/Зияткерлік экономист блогы «2013 жылы қай елде туған баланың болашағы жарқын?» деген сауал төңірегінде зерттеулер жүргізіп, 2030 жылға дейінгі экономикалық болжамын жасады. Осы зерттеулердің нәтижелеріне келсек, 2013 жылы Швейцарияда дүниеге келген баланың өмірде жолы болмақ. Екінші орында – Австралия, келесі орындарды – Норвегия, Швеция және Дания бөліскен.
Сейсенбі, 29 қаңтар 2013 7:27
Дәулеті 46,5 млрд. долларды құрайтын әлемдегі бай адамдардың бірі Уоррен Эдвард Баффет: «Менің өмірдегі жолымның болғаны Америка Құрама Штатында және өз уақытында (1930) туғанымнан» депті. Осыдан кейін Economist Intelligence Unit/Зияткерлік экономист блогы «2013 жылы қай елде туған баланың болашағы жарқын?» деген сауал төңірегінде зерттеулер жүргізіп, 2030 жылға дейінгі экономикалық болжамын жасады. Осы зерттеулердің нәтижелеріне келсек, 2013 жылы Швейцарияда дүниеге келген баланың өмірде жолы болмақ. Екінші орында – Австралия, келесі орындарды – Норвегия, Швеция және Дания бөліскен. Алтыншы орынды – Сингапур, жетінші орынды – Жаңа Зеландия деген сияқты шұбырып кете береді. Біраз ел қамтылыпты, Ресей де бар, 72-орынға табан тірепті. Маған Қазақстан қайда деген ой келді. Жоқ. Сосын, зерттеулер барысында қандай мәселелер назарға салынғанын анықтамаққа ұмтылдым.
«The Economist» журналында жарияланған Economist Intelligence Unitтің болжамы мемлекеттердің географиялық жағдайына, демографиясына, әлеуметтік деңгейі мен мәдени ерекшеліктеріне, саясаты мен әлемдік экономикада алатын орнына негізделген.
Енді ойланып көрейік. Бұл орайдағы біздің елдің мүмкіндіктері қандай? Географиялық жағдайын алсақ, Қазақстан – асқар шыңды таулардың, көкорай жасыл шалғындардың, көкжиекпен астасқан жазықтардың, ертегідей сұлу ормандардың, жусанды шексіз дала мен құмдардың, көптеген өзендердің, көлдер мен теңіздердің елі. Жер көлемі бойынша ірі мемлекеттердің алғашқы ондығына кіретін және Еуропа мен Азияның түйіскен жерінде орналасқан мемлекеттің мүмкіндіктері ұшан-теңіз.
Еліміз кен байлықтарының қоры мен әр алуандығы жағынан Жер шарындағы бай мемлекеттердің қатарында. Ерекше табиғатымен минералдық қазбалардың орасан мол қорына иелік етеді. Қазақстанның жер қойнауында Менделеев кестесіндегі 105 элементтің 99-ы бар, бүгінде оның 70-і барланып, 60-тан астамы игерілді. Мұнай қоры жөнінен әлемдегі алғашқы ондықта, ашылған уран кен орындарының әлемдік қоры бойынша екінші, алтын қоры бойынша алтыншы орынды иеленеді. Сарапшылардың есебіне жүгінсек, Қазақстанның барланған жер қойнауы шамамен 10 триллион АҚШ долларына бағаланады.
Бүкіл әлем мойындап отырғанындай, Қазақстан экономикасы қарқынды дамып келеді. Мәселен, елдегі ІЖӨ 2011 жылы 180 млрд. долларға дейін, яғни жан басына шаққанда 15,7 есеге өсті. Елбасымыздың мәлімдегеніндей, «әлемдегі ешбір мемлекет тәуелсіз 20 жылдың ішінде мұндай жетістікке жеткен емес». Салыстырмалы түрде алсақ, Малайзияда мұндай көрсеткіш 2 есеге, Оңтүстік Кореяда – 3 есеге, Сингапур мен Польшада – 4 есеге, Венгрияда 5 есеге өскен. Қазақстан Республикасының сыртқы сауда айналымы 2010 жылы 90,7 млн. АҚШ долларын құраса, 2011 жылы бұл көрсеткіш 115 млн.-ға жетті. Зерттеушілердің пікірінше, Қазақстанның экспорттан алатын үлесі – 40 пайыз, әлемдік деңгейде алғанда – 26 пайыз, ал АҚШ – 7, Япония – 10, Австралия – 13, Канада мен Қытай – 21, Германия – 35, Ресей – 38 пайыз иемденеді.
Бүгінгі таңда елімізде нарық принциптеріне негізделген және «Назарбаев үлгісі» деген атпен танылған заманға сай табысты экономика қалыптасты. Экономикасының даму қарқыны бойынша Қазақстан жер бетіндегі ең серпінді дамып келе жатқан мемлекеттердің үштігіне еніп отыр. Ұлттық егемендігіміз бен еліміздің экономикалық қауіпсіздігін нығайтуға мүмкіндік беретін үдемелі индустрияландыру және инновацияларды басым түрде меңгеру үрдісі жолға қойылды.
Республикамызда жаңа саяси жүйе құрылды. Табысты даму жолына түскен мықты мемлекет қалыптасты, оның жаңа елордасы – Астана қаласы заманға сай бой түзеп келеді. Барлық қазақстандықтардың әл-ауқаты мен өмір сүру сапасы тұрақты түрде артуда. Еліміз әлеуметтік жаңғырту және ұлттың адами капиталын дамыту бағытын ұстанып отыр. Біздің жетістіктерімізді мойындай отырып, БҰҰ өзінің 2009 жылғы баяндамасында Қазақстанды адам әлеуетінің жоғары деңгейі бар елдер санатына қосты.
Еліміздегі орнықты әлеуметтік-экономикалық жағдай ішкі саяси тұрақтылықпен үйлесіп, ел демографиясының өсуіне қолайлы жағдай туғызды. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек 2012 жылдың 1-қыркүйегінде халқымыздың саны 16836,7 мың адамды құрады. Жылдың басымен салыстырғанда, халқымыздың саны 161,3 мың адамға артқан. Жыл сайын елімізде 300 мың сәби дүниеге келеді. Халық санының тығыздығы республика бойынша тұтастай алғанда бір шаршы шақырымға 5,5 адамды құрайды. Мәселен, Қытайда бұл көрсеткіш бір шаршы метрге 140 адамнан келеді.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік демографиялық саясаты тұжырымдамасы ойдағыдай жүзеге асырылуда. Тұжырымдаманың негізгі мақсаты халықтың бала туу деңгейін көтеріп, өлімді азайту мен саламатты өмір салтын қалыптастыру. Демографиялық саясатқа байланысты Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан-2030» Стратегиясында «қуатты демографиялық саясат – мемлекет қауіпсіздігінің негізгі басымдықтарының бірі» делінген.
Қазақстан Республикасының әлемдік аренада да беделі зор. Оны еліміздің демократиялық мұраттар мен адам құқықтарын сақтауды мақсат ететін әлемдегі беделді ұйымдардың бірі –Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуінен де аңғаруға болады.
Әлемнің күшті мемлекеттері, тіпті, дүниежүзілік державалар да экономикалық және мәдени интеграция мәселесіне терең мән беріп отырған бүгінгі таңда Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев күрделі геосаяси және геоэкономикалық халықаралық жағдайда кез келген елдің жалғыз, жеке-дара дами алмайтынын ескеріп, тарихи-мәдени және географиялық-экономикалық тұрғыдан мүдделес елдермен одақ құрып, аймақтық деңгейде бірлесу мәселесіне ерекше назар аударуда. Еліміз ТМД, Кеден одағы, Еуразиялық экономикалық одақ, Орталық Азия ынтымақтастық ұйымы сияқты әртүрлі аймақтық экономикалық интеграциялық жобаларға белсене қатысуда. 2011 жылы Алматы қаласында Президент Н.Ә.Назарбаевтың ұсынысымен Түркітілдес елдердің ынтымақтастық кеңесі (Түркі кеңесі) құрылды.
Қазақстан 2011 жылы Түркі кеңесі ұйымына төрағалық етті. 2012 жылы Астана түркі әлемінің астанасы болып жарияланды. 2011 жылы Түркі кеңесі БҰҰ жанында бақылаушы мәртебесіне ие болды. Сондай-ақ, келешекте ғаламдық ауқымдағы іс-шара – ЭКСПО-2017-ні өткізу мәртебесі де бізге бұйырып отыр.
2012 жылдың 14 желтоқсанында Елбасымыз «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауын жария етті. Президенттің болашаққа арналған стратегиялық құжатты жария етуі Қазақстанды жаңа белеске шығаруға бағытталған. Аталған құжатта жеті бағыт бойынша нақты міндеттер тұжырымдалып берілді.
Елімізде Тұңғыш Президентіміздің басшылығымен жүзеге асырылып жатқан осындай өрелі істерді, өркенді өзгерістерді ойлаған сайын менің алдағы күндерде Қазақстанда дүниеге келген нәрестенің болашағы жарқын болады, елім менің – бақыт бесігі деген сенімім нығая түсті.
Назгүл КАДРИМБЕТОВА,
«Назарбаев Орталығының»
ғылыми қызметкері.