Қоғам • 23 Тамыз, 2019

Дәурен Абаев фейк жаңалықтармен күресу туралы айтты

361 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Үкіметте өткен баспасөз конференциясында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев бұқаралық ақпарат құралдарында жалған ақпарат таратумен күресу және оны заңнамалық тұрғыдан реттеу туралы айтып берді. Бұл туралы primeminister.kz хабарлады. 

Дәурен Абаев фейк жаңалықтармен күресу туралы айтты

«Елбасының алаңдаушылығын бірінші кезекте, азаматтардың ары мен абыройына зиянын тигізетін жалған ақпаратты тарататын аноним ақпарат көздерінің, фейк аккаунттар мен парақшалардың көптеп пайда болып жатқаны тудырып отыр, — деді Д. Абаев. — Өз сөзінде Елбасы бұқаралық ақпарат құралдары мен телекоммуникация желілерін пайдаланумен орын алатын осындай жағдайлар туралы айтты».

Министрдің айтуынша, бүгінде фейк жаңалықтармен күресу шараларын түрлі мемлекеттердің үкіметтері де, әлеуметтік желілердің әкімшілері де қабылдауда. 

ҚР АҚДМ ақпаратына сәйкес, Қазақстан заңнамасында бұл мәселе реттелген. Қылмыстық кодексте екі бап — жала жабу туралы 130-бап (адамның ар-абыройына нұсқан келтіру) және әдейі жалған ақпарат тарату туралы 274-бап (қоғамдық тәртіпті бұзу қаупін тудыру) қарастырылған. 

Мәселен, Қылмыстық кодекстің 130-бабында 2 мың АЕК дейін айыппұл салу және 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру түрінде жазалау қарастырылған. Тұлғаны ауыр және аса ауыр қылмыс жасағаны үшін айыптаумен жала жабылған жағдайда 3 мың АЕК бастап айыппұл салу немесе 3 жылға бас бостандығынан айыру көзделген. Әдейі жалған ақпарат тарату туралы 274-бап бойынша ауырлығы жағынан барынша жоғары жазалауды үдету қолданылады — әскери жағдайларда немесе төтенше жағдайларда қылмыстық топпен осы қылмысты жасағаны үшін 7 жылға бас бостандығынан айыру. 

«Біздің мамандарымыз бұл мәселені қарастырып жатыр (еск. – жала жапқаны үшін жазаны күшейту). Міндетті түрде Бас прокуратурамен, Жоғарғы сотпен, құқық қорғаушы ұйымдармен,  “Nur Otan” партиясының фракциясымен жұмыстар жүргізілетін болады. Халықаралық тәжірибе зерттеледі», — деді Д. Абаев.

Министр атап өткендей, екі баптың да қазіргі редакциясы (жалған ақпарат таратқаны үшін) әлемдік тәжірибеде бар. Осыған байланысты, құқық қолдану тәжірибесін жетілдіруге ерекше көңіл бөлінетін болады. Барлық ұсыныстар БАҚ, сарапшылар мен құқық қорғаушылардың қатысуымен жұмыс топтарына және ведомствоаралық комиссияларда талқыланады.