Қазақстан халқы ассамблеясының бастамасымен елімізде биыл бесінші рет өтіп отырған ұлттық (этникалық) театрлар фестивалі қиын жылдары қазақ жерінен пана тапқан, оны өзінің жерұйығына айналдырған ұлыстар өнерін дамытуға да мол мүмкіндікті сезініп отырғанын көрсетті.
Қонақтарға облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтың жылы лебізін жеткізген облыстық Мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов, көрермендер мен театр әртістерін ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың атынан құттықтаған министрліктің Кинематография және театр басқармасының бас сарапшысы Гүлнафис Мырзашева шараның басты мақсаты елдегі этникааралық келісімді нығайту және Қазақстан халқының бай мәдениетін сақтау екенін айтты.
Бұл жолы Қостанайға мемлекеттік академиялық корей музыкалық театры, Шымкент қалалық өзбек театры, Қ.Қожамияров атындағы мемлекеттік республикалық ұйғыр музыкалық комедия театры және фестиваль шарты бойынша І.Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театры мен облыстық орыс драма театры да өнер бәйгесінен сырт қалған жоқ.
– Біздің ұйғыр театры театр болғалы Қостанайға бірінші рет келуіміз екен. Фестивальдің арқасында Тобыл-Торғай өңірі жұртына өнерімізді ұсындық. Көрермен мен театр көзайым боп кездеспей бұл өнердің қанаты қатайған, қадамы жүрген емес. Театр өнерінің ерекшелігі де сол ғой. Сондықтан біз фестивальге өте ризамыз, – деді Қ.Қожамияров атындағы ұйғыр театрының көркемдік жетекшісі Ялқынжан Шамиев.
Фестивальден өнер өрісінің кеңдігі мен этникалық театрлардың өскені байқалды. Мұны театрлардың ойға жетелеген шығармаларын көріп, тамашалаған Қостанайдың талғампаз жұрты да білмей қалған жоқ.
– Фестиваль шеңберіндегі спектакльдің бірін де қалдырмай, тегіс қарап шықтым. Өнердің аты – өнер, таланттың аты – талант екенін байқадым. Қазақ әдебиетінің маржаны «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» спектаклі корей театрының сахнасында асыл тастай қырлана, құлпыра түскен. Жаңа тәсіл, жаңа леппен қойылған. Шығарманы қазақ театры сахнасынан көрген басқа да, корей театры сахнасынан көргендегі алар ләззат бөлек екен. Керемет! – деген еді Қостанай қаласының тұрғыны Меңзада Сәмембет.
Фестиваль тек өнер бәйгесінің бірі ғана емес, бұл театрлардың өз ара тәжірибе алмасуы, бір бірінен үйрену, кем-кетігін түзеу мен жетпей, олқы түсіп жатқан жағын бірлесіп іздеу мүмкіндігі-тұғын. Қазақстандағы алпыс шақты театрлардың арасындағы этникалық театрларға да драмалық шығармалар мен жас кадрлар тапшығы, техникалық жабдықтау мәселелері ортақ екенін айтты журналистермен кездесуде Ғ.Мүсірепов атындағы мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының көркемдік жетекшісі, өнертану ғылымының кандидаты, фестиваль қазылар алқасының төрағасы Еркін Жуасбек.
Қайткенде де бәйгенің аты – бәйге. Қазылар алқасы сараптай келгенде, «Екінші пландағы үздік ер адам бейнесі» номинациясы бойынша Н.Садурдың «Панночка» спектакліндегі Явтух рөлін сомдаған Қостанай облыстық орыс драма театрының актері Олег Смирнов, Н.Гогольдің «Үйлену» спектакліндегі Подколесин рөлін сомдаған І.Омаров атындағы Қостанай қазақ драма театрының актері, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Қонысбек Бегайдаров марапатталды. «Екінші пландағы үздік әйел бейнесі» номинациясына Н.Гогольдің «Үйлену» спектакліндегі Дуняша және Агафья Тихоновна рольдерін ойнаған Қостанай облыстық І.Омаров атындағы қазақ драма театрының әртістері Назира Иман мен Диана Тұрсынова ие болды. Шымкент қалалық өзбек драма театры «Қасқыр ұлыған түн» спектаклі үшін «Көрермен көзайымы» номинациясын еншіледі. «Үздік сценографиялық жұмысы» номинациясы бойынша Н.Садурдың «Панночка» спектаклі үшін Қостанай облыстық орыс драма театры марапатталды. Қазылар «Үздік режиссерлік жұмыс» номинациясы жүлдесі «Апат» спектаклі үшін Ялкынжан Шамиевке лайық деп тапты. Ал фестивальдің бас жүлдесі – «Үздік спектакль номинациясы» «Поэма о любви» спектаклі үшін республикалық мемлекеттік академиялық корей музыкалық комедия театрына берілді.
ҚОСТАНАЙ