Руханият • 24 Тамыз, 2019

Қалиола Ахметжанның «Уақытқа саяхат» атты көрмесі ашылды

796 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елордадағы Ұлттық музейде танымал суретші, Мәдениет қайраткері, тарих ғылымдарының кандидаты, қарутанушы-этнограф, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Қалиола Ахметжанның 70 жылдығына және шығармашылық қызметінің 40 жылдығына арналған «Уақытқа саяхат» атты мерейтойлық көрме ашылды.

Қалиола Ахметжанның «Уақытқа саяхат» атты көрмесі ашылды

Іс-шараның ашылу салтанатында сөз алған Ұлттық музей директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы Қалиолла Ахметжанның картиналары елімізде және шет елдерде танымал екенін айтты.

«Суретшінің туындылары автордың ойлап тапқан бірегей кескіндеме техникасында жасалған және Қазақстанның ең үздік музейлерінің коллекцияларында, еліміздегі және шетелдердегі жеке коллекцияларда сақталған.

«Уақытқа саяхат» көрмесінде көрермендер көретін барлық туынды Қазақстанның заманауи мәдениетінің жарқын көркем феномені, керемет суретшіміздің үлкен жетістіктерінің дәлелі ретінде есте қалады. Жас суретшілер үшін Ахметжанның шығармашылығы лайықты үлгі, адамның еңбекпен қандай жетістікке жететінінің керемет дәлелі» деді министр.

Қалиолла Ахметжан – топтық, қалалық, республикалық және Чехословакия, Эфиопия, Оңтүстік Корея, Германия, Түркия, Қытай және АҚШ сынды мемлекеттерде өткен көптеген көрмеге қатысқан. Суретшінің туындылары  Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік бейнелеу өнері музейі, Ұлттық музей, Мемлекеттік музей, Тұңғыш Президент музейі, Шығыс Қазақстан облыстық Невзоровтар отбасы атындағы бейнелеу өнері музейі, Кутаиси Картиналар галереясы (Грузия), Түркі мәдениетінің халықаралық ұйымы  (ТЮРКСОЙ),  Елабуга мемлекеттік тарихи-сәулеттік және көркем өнер қорық музейі (Ресей) қорларында, Қазақстан, Англия, АҚШ, Швеция, Пәкістан, Германия, Иран, Жапониядағы жеке коллекцияларда сақтаулы тұр. Экспозицияда суретшінің әр жылдары әртүрлі жанрларда әртүрлі техникалырмен жасаған картиналары, кітап иллюстрациялары, мультфильм эскиздері, музей экспозицияларының, тарихи реконструкциялардың жобалары таныстырылатын болады. 

Қ.Ахметжан көп жылдан бері ғылыми зерттеу жұмыстарымен де айналысып келеді. Ол қазақтың дәстүрлі қару-жарақтарының тарихы бойынша республикадағы жалғыз маман саналады, алты монографиялық, 100-ден астам ғылыми және ғылыми-көпшілік мақаланың авторы.

Көрмеге автордың қазақтың қару-жарақ тарихы, Қазақстан фольклоры және тарихы бойынша автордың өзі иллюстрациялаған кітаптары, ғылыми басылымдардағы мақалалары, ҚР музей қорларындағы қазақтардың дәстүрлі қару-жарақтарын зерттеген жұмыстарын көрсететін қолжазбалары қойылған.