Экономика • 25 Тамыз, 2019

Өндірісті өлкеден – өміршең өзгерістерге

82 реткөрсетілді

Өткен жұма күні Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды облысына екі күндік жұмыс сапарымен келді. Мемлекет басшысын «Сарыарқа» әуежайында облыс әкімі Ерлан Қошанов күтіп алды.

Сапар барысында Қасым-Жомарт Тоқаев «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағындағы бірқатар нысанды аралап, өңірдің индустриялық әлеуетімен танысты. Облыс орталығында индустриялық-инновациялық даму жөнінде кеңес өткізді. Келесі күні Президент Жезқазған мыс балқыту зауытында болып, онан кейін «Ұлытау-2019» халықаралық туристік форумының жұмысына қатысты.

 Индустрия – игіліктің көзі

Президенттің әуелгі ат басын тіреген жері неміс технологиясы бойынша шарлы ілмекті арматура шығаратын, бүкіл Орталық Азияда теңдесі жоқ кәсіпорын «Бёмер Арматура» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болды. Кәсіпорын шығарған өнім түрі мұнай-газ секторы мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында зор сұранысқа ие.

Бүгінгі күнде зауытта 50 адам еңбек етеді. Олардың көбі Германияда оқып келген. Еліміздегі маңызды жобалар  құрылысында кәсіпорын өнімдері кеңінен қолданылып жүр. Мысалы, Қарағанды облысы мен астанамызды көгілдір отынмен қамтамасыз ететін «Сарыарқа» магистральді газ құбырына осы зауыттың шүмектері орнатылған.

 – «Сарыарқа» газ құбыры құрылысына қатысқаннан бері біздің жұмыс күшіміз 75% жетті. Біздің негізгі бағытымыз жылумен қамтамасыз ету. Үш жылдан бері өз өнімдерімізді Ресейге экспорттап келеміз. Олардың тізіліміне енгенбіз, –  дейді «Бёмер Арматура» ЖШС директорының орынбасары Асқар Мұқанов.

Мемлекет басшысы бұдан кейін Қазақстандағы ескі көлік құралдарын өңдейтін тұңғыш зауытта болды. «Recycling Company» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты бұл кәсіпорында жылына 50 мың автомобильге дейін қайта өңдеуге мүмкіндік беретін балқыту цехы жұмыс істейді. Цехтың жұмысы мен шредерлік құрылғы Президенттің ерекше қызығушылығын туғызды. Машиналарды жинап, өңдеудің кешенді әдісі еліміздің автомобиль паркін жаңартуға, экологиялық ахуалды жақсартуға мүмкіндік береді.

Бүгінгі күнге дейін кәсіпорынға 171 мың жарамсыз көлік жеткізілген. Оларды сатып алуға 11 млрд теңгеге жуық қаржы жұмсалыпты.

– Күні кешеге дейін жарамсыз автокөліктерге қоқыс ретінде қарап келдік. Бірақ, кейін оларды өңдеу арқылы жаңа өнім алуға болатынын түсіндік. Бір сөзбен айтқанда, жарамсыз деген металдардың өзін кәдеге асырып  жатырмыз. Көлікті өңдемес бұрын, біз алдымен оларды қауіпті заттардан тазартып аламыз. Жалпы, еліміз  бойынша әзірге 17 көлік қабылдау бекеті бар. Олар Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында орналасқан, – дейді «Recycling Company» ЖШС-нің директоры Әзімжан Оспан,

«Әлфарух» көтерме-бөлу орталығында Мемлекет басшысы кросс-док, климаттық қойма мен көтерме-бөлшек орталығын аралап көрді. Президент аталған нысанның транзиттік-логистикалық мүмкіндіктерін кеңейтудің маңыздылығын және Қарағандының тәжірибесін басқа өңірлерге енгізу қажеттігін атап өтті.

Сондай-ақ, мұнда Қарағандыдағы тұрғын үй құрылыстарының жүргізілу барысына арналған таныстырылым рәсімі өтті. Мемлекет басшысына алдағы уақытта облыс орталығының ажарын аша түсетін жаңа сәулет жобалары көрсетілді. Облыс әкімі Ерлан Қошанов Қарағандының жаңа орталығында бой көтеретін тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар мен спорт кешендері туралы баяндады.

Мемлекет басшысы Қарағанды облысына жасаған жұмыс сапарының аясында Пришахтинск елді мекеніндегі жаңадан салынған балалар емханасына барды. Жаңа медициналық мекеме бір ауысымда 300 адамды қабылдайды. Қасым-Жомарт Тоқаев емдеу кабинеттерін, заманауи медициналық құрал-жабдықтарды қарап көріп, дәрігерлермен әңгімелесті. Сондай-ақ, Президентке облыстың міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды (МӘМС) енгізуге дайындығы жөнінде айтылды. 

 Инновация өмірді өзгертеді

Сол күні түстен кейін Мемлекет басшысы Қарағанды облыстық әкімдігінің ғимаратында еліміздің индустриялық-инновациялық дамуы жөнінде кеңес өткізді. Жиынды ашқан Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға жаһандық, әсіресе өңірлік нарықта табысты бәсекеге қабілетті, қуатты әрі технологиялық тұрғыдан прогрессивті өнеркәсіп қажет екеніне баса назар аударды.

Президент мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдері кездесуінің мақсаты экономикадағы құрылымдық өзгерістерді табысты іске асыру үшін шешуге тиісті мәселелерді талқылау екенін айтты.

– Біз әлемдік конъюнктураның нашарлаған жағдайында бәсекенің артқанын, сауда қақтығыстарының шиеленіскенін, жалпы жаһандық қарама-қайшылықтарды бақылап отырмыз. Біз көріп отырғандай, әлем бір орнында тұрмайды. Сондықтан, біз уақыттан қалып қоймауымыз қажет, – деп атап өтті  Мемлекет басшысы.

Жиын барысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқармасының төрағасы Ахметжан Есімов, «Евразиан Фудс» АҚ басқармасының төрағасы Олег Винокуров, Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңесі жанындағы жеңіл өнеркәсіп комитетінің төрағасы Андрей Шмарин, «Azala cotton» ЖШС бас директоры Бауыржан Жамалов, «Зерде» ЖШС бас директоры Мұхтар Битеміров, «Алматы вентилят зауыты» ЖШС бас директоры Марат Баққұлов, «Қазэнергокабель» АҚ бас директоры Владимир Бобров сөз сөйледі.

Сондай-ақ, бұл басқосуға Премьер-Министрдің орынбасары Жеңіс Қасымбек, Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов та қатысты.

Жиын барысында Президент баяндама жасаған Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Склярдан қайта өңдеу секторында жаңа технологияларды енгізу үдерісінің жай-жапсары туралы сұрады.

         – Статистикалық деректер бойынша, біздің кәсіпорындар бір триллионнан аса теңгенің инновациялық болып табылатын өнімін шығарған. Бірақ біз алда зор мүмкіншіліктер бар екенін білгендіктен, мұндай жағдайға қанағаттана қоймаймыз. Бізде технологиялық қайта қарулануды іске асыру үшін кәсіпорындарға түрлі гранттар түрінде берілетін мемлекеттік қолдау ретіндегі  бірқатар шаралар бар. Оны кәсіпкерлер жақсы біледі. Біз индустрияландырудың екі бесжылдығында технологиялық тұрғыда дамыған кәсіпорындарды іске қостық. Былтырдан бері іске қосылып жатқан кәсіпорындардың барлығында 4.0 индустриясының барлық жиынтығы бар, –  деп жауап берді Роман Скляр.

         Министр технологиялық қайта жарақтанудың зор әлеуеті бар екенін атап өтті. «Бұл технологияларға иелік ететін жаңа кәсіпорындар құрылысы ғана емес, ол дегеніңіз қайта жарақтандыру деген сөз. Ол дегеніңіз, түрлі гранттар, арзандатылған  несиелер», деп сөзін толықтырды министр.  

Осы жерде Мемлекет басшысы «инновация» мен «технология» түсініктерінің ара-жігін айыра білудің қажеттілігін еске салды.

         «Инновация» сөзін айтқанда өте абайлау керек. Инновация – өмірді түбегейлі өзгертуге алып келетін ертеңгі күннің жаңа технологиясы. Мұны Елбасы да Nur Otan партиясы Саяси кеңесінің жақында өткен отырысында айтқан болатын», деді Мемлекет басшысы.

 Экспортсыз ырыс еселенбейді

         Сонымен қатар, Президент Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтан жергілікті экспортерлерді қолдау мәселесі туралы сұрады.

         – Біз жаңа сауда және интеграция министрлігін құрдық. Бұл турасында әр алуан пікірлер болды. Мен осы министрлік құрылсын дегендерді қолдадым. Қазір бүкіл әлемде, оның ішінде біздің негізгі әріптестеріміз болып саналатын елдерде протекционизм бой көрсете бастаған. Тауар өндірушілер Үкіметке, виртуалды қабылдау арқылы маған «тауарымызды экспорттауға көмектесіңізші», деп өтініш білдіріп жатады.  Экспортсыз, нарықсыз индустрияландыру деген түкке де тұрмайды.  Мәселен, инвестиция мен мемлекеттік қолдау болса, зауыт салудың еш қиындығы жоқ. Ал қазір барлық халықаралық қатынас нарыққа қолжетімділіктің маңайына топтасқан. Міне, біз бар күшімізді осыған салуымыз керек. Осыған байланысты менің мынадай сұрағым бар. Біздің негізгі әріптестеріміз экспортты, тіпті өздерінің тауарларына арналған сауда нүктелерін де субсидиялайды. Осыған байланысты біз не істеуіміз керек? – деп сұрады Мемлекет басшысы.

         Министр алдымен негізгі ұйымдастырушылық мәселелердің сәтті шешім тауып жатқанын атап өтті.

         – Қазіргі таңда біз маңызды, басым бағыттағы өткізу нарығында өзіміздің мүдделерімізді ілгерілету мәселелері бойынша алға белсенді түрде жылжып келеміз. Бұл нарықтар – Еуразиялық экономикалық одақ, Орталық Азия мен Қытай. Еуразиялық үкіметаралық кеңестің соңғы отырысында біз Еуразиялық бірлесу аясындағы барлық отырыстар кедергілерді азайтуды талқылаумен  басталсын деген келісімге келдік. Күні кеше Татарстанда өткен премьер-министрлер Мамин мен Медведев кездесуінде біз астыртын кедергілердің барлығын, олардан арылу керектігін айтып, мәселе көтердік, – деп жауап берді Бақыт Сұлтанов.

«Жалпы, біз бес жыл ішіндегі шикізат емес экспорт өсімін 2022 жылы бір жарым есеге, ал 2025 жылға қарай екі есеге жеткізуіміз керек», деп нақты міндет қойды Мемлекет басшысы.

Жиын барысында Мемлекет басшысы атқарылған жұмыстардың қорытындысын шығарып, нақты цифрларды келтірді. Экономика құрылымында түбегейлі өзгерістердің байқалмай тұрғанына тоқталды. 10 жылдан астам уақыт бойы жалпы ішкі өнімдегі өңдеу өнеркәсібінің үлесі 11 пайыздың айналасында. 2015-2018 жылдар аралығында еңбек өнімділігінің өсімі жоспарланған 12 пайыздың орнына 4 пайызға ғана жеткенін мысал ретінде келтірді.

– Индустриалдық бағдарлама – шындығына келгенде мемлекеттің экономикалық дамуының берік іргетасы. Сондықтан Үкіметтің назары бұған ауған. Елбасының бастамасымен соңғы жылдары бұл бағытта ауқымды жұмыстар атқарылды. Индустрияландыру үдерісінің арқасында инвестиция көлемі 8 трлн теңгеден асатын 1250 жаңа өндірістік кәсіпорын ашылып, 120 мың жұмыс орыны құрылды. Бес жүзден астам жаңа өнім түрлерінің шығарылымы жолға қойылды. Былай қарасаңыз, толайым табыс сияқты. Дегенмен, ашып айтар болсақ, экономика жүйесінде айтарлықтай ілгерілеушілік байқалмайды. Соңғы 10 жылдан астам уақыт ішінде қайта өңдеу өндірісінің ішкі жалпы өнімдегі үлесі 11%-тің маңайында қара көрсетеді. Біз елдің индустрияландырудың озық технологияларды қолдануға табан тірейтінін анық сезінуіміз керек. Бұл тұрақты экономикаға бастар жол, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жиын барысында Мемлекет басшысы Үкімет пен әкімдіктер алдына қойылған бірқатар міндеттерді жіпке тізді.

Дайын өнім экспортын белсенді дамыту – бірінші бағыт екені айтылды. Президент соңғы үш жыл ішінде экспорттың жалпы құрылымында өңдеу секторының үлесі 34 пайыздан 8 пайызға, яғни 2016-2018 жылдары 26 пайызға дейін төмендегенін сынға алды. Қазақстан өңдеу өнеркәсібінің 180-ге жуық тауар түрлерін экспорттайды. Бұл көрсеткіш бізге көрші елдерде әлдеқайда жоғары екен. Мәселен, Ресейде – 358, Беларусьте – 690, Қытайда – 1400, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдері бойынша орташа көрсеткіш – 1950.

Мемлекет басшысының айтуынша, перспективті экспорт нарықтарына талдау жасау, осы нарықтарға шығу үшін кедендік салықтарды, тарифтік және басқа да талаптарды зерттеу, тиімді көлік-логистикалық шешімдерді анықтау қажет. Осыған байланысты ол отандық өндірушілердің сыртқы нарыққа шығуына серпін беретін бірқатар нақты шараларды ұсынды.

Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев сапалы маркетинг сынды маңызды салаға назар аудару керектігін айтты. Президент жалпымемлекеттік бренд, ал оның базасында инвестициялық, туристік және салалық брендтер қалыптастыру жөніндегі тапсырманың әлі орындалмағанына қынжылыс білдірді. Мұндай ахуалдың отандық өнім үшін шатырлы брендтерді қалыптастыруда да байқалатынын айтты Президент.

Мемлекет басшысы Үкіметке бренд қалыптастыру жөніндегі жұмыстарды аяқтауға екі ай уақыт берді.

 Әл-ауқатты арттыру – басты мақсат

Екінші бағыт – «қарапайым заттар экономикасын» дамыту екендігін атап өткен Президент елімізде мақтан тұтатын көптеген тауар өндірістері бар екендігін де жоққа шығармады. Дегенмен, бұл саладағы кемшіліктерге де тоқталды. Мәселен, отандық өндірушілерді қолдауға бөлінген мақсатты 600 миллиард теңге бюрократиялық проблемаларға байланысты тиісті адресатына жетпеген.

«Маған баяндалғандай, 16 тамыздағы жағдай бойынша жалпы құны 62,3 миллиард теңгені құрайтын 148 жоба ғана мақұлданған», деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті мемлекет реттейтін сатып алулардың жағдайын сынға алып, жыл сайын мұның көлемі 10 триллион теңгеден асатынын тілге тиек етті. «Бұл ретте, Қазақстанның үлесі 34 пайызды құрап отыр. Бұл дұрыс емес. Біз оның үлесін әлдеқайда арттыра аламыз», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы сөйлеген сөзінде инвестиция саласындағы ахуалға жан-жақты талдау жасады. Атап айтқанда, еркін экономикалық және индустриялық аймақтар «инвестиция тарту орындарына» толықтай айнала алмағаны атап өтілді.

Сонымен қатар, Президент жоғары қайта жасау өндірісінің, индустрия 4.0 элементтері мен инновацияны дамытудың, индустрияландыруға қолдау көрсету құралдарының тиімділігін арттырудың перспективаларына тоқталды.

«Жаңа экономиканы құру базалық салаларды инновациялық және ғылыми-техникалық тұрғыдан ілгерілетуге, сондай-ақ «болашақ экономикасының» салаларын дамытуға негізделуге тиіс», деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың ескертпелері мен жиынға қатысушылардың ұсыныстары индустрияландырудың үшінші бесжылдығының жобасын жетілдіру барысында ескерілетін болады.

Президент Үкіметке инновациялық ғылыми-техникалық дамудың бірыңғай стратегиясын әзірлеуді тапсырып, ғылымсыз алға жылжудың мүмкін еместігіне назар аударды. Жаңа технологияларды игеруде көрші мемлекеттердің, әсіресе «кибер держава» болуды алдына мақсат етіп қойған Қытайдың тәжірибесін пайдалану керектігін атап өтті.

– Біздің мемлекетіміздің басты мақсаты – тұрақты экономикалық өсу мен  азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыруды қамтамасыз ету. Еліміздің индустриалдық және инновациялық әлеуетін кең ауқымда дамыту түйінді фактор болып саналады. Менің принципті түрдегі ұстанымым сіздерге белгілі және бүгінгі жиын оның дәлелі бола алады. Біз өзіміздің өндірушілерді барынша қолдайтын боламыз, – деп қорытты сөзін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

Қарағанды облысы

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Импорттан не ұттық?

Экономика • Кеше

Лисаковтың «Бәйтерегі»

Аймақтар • 20 Қыркүйек, 2019

Гобелен – текті өнердің туындысы

Руханият • 20 Қыркүйек, 2019

«Мәдени қабат» жойылған жоқ

Қоғам • 20 Қыркүйек, 2019

Шахмардан тербелген талбесік

Руханият • 20 Қыркүйек, 2019

«Жоғалмайсың, жоқтаушы халқың барда...»

Руханият • 20 Қыркүйек, 2019

Аймақтың экспорттық мүмкіндігі артуда

Аймақтар • 20 Қыркүйек, 2019

Көк айдында көршілер жаттығуда

Аймақтар • 20 Қыркүйек, 2019

Банктер артық ақшаны жасырып отыр ма?

Экономика • 20 Қыркүйек, 2019

Бұқара қамын ойлаған басшы

Қоғам • 20 Қыркүйек, 2019

Оқу мәдениеті

Қоғам • 20 Қыркүйек, 2019

Өзбек туризмі ояна бастады

Қоғам • 20 Қыркүйек, 2019

Алаштың айбоз абызы

Руханият • 20 Қыркүйек, 2019

Сотты жетілдіру мәселесі талқыланды

Парламент • 20 Қыркүйек, 2019

Қазақстан – Қытай: жаңа кезең

Саясат • 20 Қыркүйек, 2019

Қыста қысылмаймыз ба?

Қоғам • 20 Қыркүйек, 2019

Несие аз, жабылған кәсіпорындар көп

Экономика • 20 Қыркүйек, 2019

Халық пікіріне құрмет

Саясат • 20 Қыркүйек, 2019

Әңгіме өзегі – әдебиеттің ертеңі

Руханият • 20 Қыркүйек, 2019

Ұқсас жаңалықтар