Нұр-Сұлтанның әкімі Алтай Көлгіновтің айтуынша, қазіргі таңда елорданың шет аудандарында 16 тұрғын үй алабы бар. Онда қала халқының төртен бірі, яғни, 280 мыңнан астам адам тұрады. Бұл жердегі тұрмыс деңгейі қаланың орталығынан төмен.
Әкімнің баяндамасында айтылғандай, 700 көшенің үштен екісінің жағдайы нашар, асфальт төселмеген, жөндеуді қажет етеді, жарық тартылмаған, үйлерге су жеткізілмеген. Үйлердің 90 пайызы пеш жағады, бұл қаланың экологиясына да зиян, өрт шығу қаупін де күшейтеді.
– Nur Otan партиясының XVIII съезінде Елбасы елорданың шет аймақтарын дамытуды тапсырды. Биыл инженерлік желілер, жолдар мен абаттандыруға 7,5 млрд теңге бөлінді. Ильинка ауылын дамытуға 2 млрд 300 млн теңге бөлінді. Елорданың тұрғын үй алаптарын дамытуға Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ерекше көңіл бөліп отыр. Мемлекет басшысы «ашық мемлекет саясаты» қағидатына көшуді тапсырды. Біз әріптестерімізбен барлық 16 тұрғын үй массивіне бардық. Тұрғындармен кездесіп, өзекті мәселелерді тыңдадық, - деді А.Көлгінов.
Осы отырыста айтылғандай, елорданы дамытудың 5 жылға арналған бекітілген кешенді жоспары бар. Жасалатын жұмыстар 3 негізгі блокқа бөлінген, ол: жол және инженерлік инфрақұрылым, әлеуметтік нысандардың тапшылығы және абаттандыру мәселелері. Қысқа мерзімді, орта мерзімді және ұзақ мерзімді деп бөлінген жұмыстар сатылап жүзеге асырылады.