Президент • 26 Тамыз, 2019

Ұлытау – ұлтымыздың алтын бесігі

1270 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қарағанды облысына сапары Жезқазған қала­сында жалғасты. Мемлекет басшысы алдымен қаладағы іргелі өндіріс ошағы «Kazakhmys Smelting» мыс балқыту зауытының жұмысымен танысты. Ал келесі күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытау ауданы жерінде Мәденит және спорт министрлігі, «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы АҚ, Қарағанды облысы әкімдігі ұйымдастырып отырған «Ұлытау – 2019» халықаралық туристік форумға қатысып, аталған шара аясында биыл екінші рет өткізіліп отырған халықаралық «Jezkiik» музыка фестивалінің ашылу салтанатын тамашалады.

Ұлытау – ұлтымыздың алтын бесігі

Ұлытау ауданы орталығынан батысқа қарай созылып жатқан екі шақырым жердегі қыратты қойнаудағы құс ұясындай дөңгелек алаңқайға 40 шақты киіз үй тігіліп, аумақтың сырты табиғи тал-қайыңмен қоршалса, Ақмешіт жотасының етегін жастана бой көтерген алып сахна, оң қапталда аталған форум үшін тұрғызылған көшпелі зал, кіреберісте спорттық ойындар алаңы сәнді де мәнді жасалған.

Маңызды жиынға арнайы шақырылған еліміздегі археология, экология және ту­ризм саласының мамандары, сондай-ақ шетелдік ұйымдар мен мемлекеттік және жергілікті атқарушы орган қызмет­кер­леріне арнап форумның беташар сөзін айтқан Мәдениет және спорт минис­трі Ақтоты Райымқұлова, Ұлытау хал­қы­мыз үшін тарихи маңызы құнды мекен болғандықтан халықаралық туристік фору­мның осында өтуі тиіс деген уәжін алға тарта отырып, жиының мәртебелі қонағы Қазақстан Республикасының Прези­денті Қасым-Жомарт Тоқаевқа сөз ретін ұсын­ды.

– Ұлытау барша қазақ қадір тұтатын қастерлі өлке. Ұлытау ұлтымыздың – алтын бесігі. Үш жүздің басын қосқан «Ұлытауда» бабаларымыз ұлттың келешегін ойлап, осында бірліктің туын желбіреткен. Қалың қауым осы киелі өлкеде ел билеген хан­дарды ақ киізге көтеріп, таққа отырғызған. Сондықтан біз Ұлытау жеріне – Хан ордасы, қазақ жерінің кіндігі деп, ерекше құр­метпен қараймыз, – деп сөз бастаған Мемлекет басшысы  бұл жердің қадір-қасиетін ғұламалар да мойындағанына, оған әйгілі Геродоттың жазбалары дәлел екеніне тоқталды.

 – Ұлытау топырағы – алып тұлғалардың рухы тоғысқан жер. Халық бұл жерге Жошы хан, Алаша хан, Хан ордасы мен Әулие- тау­дай киелі орындарды көру үшін келеді. «Азияның арыстаны» атанған атақты Ақсақ Темір де осы өңірге ат шалдырған. Ұлытау аңыздарында – ұлт­тың ұйысуы, жұрттың жұмылуы айқын көрініс тап­қан, – деп атап көрсетті.

Бір-бірін дауға қиса да, жауға қимаған халқымыз береке-бірлікті бәрінен жоғары қойған. Бабалардан қалған салт-дәстүрлерді бүгінгі ұрпақ лайықты жалғастыруы тиіс. Сол себепті біз бүгін киелі өлкеге тағзым етіп, оның келешегі жа­йында ой бөлісу үшін Ұлытау жерінде бас қосып отырмыз. Тарихы терең Ұлытаудың қадір-қасиетін бағалай білу – бар­ша­мызға ортақ парыз.

Мемлекет басшысының осы форумда сөйлеген сөзінің толық мәтіні жеке беріліп отыр­ған­дықтан, біз ондағы негізгі ойларға ғана аз-кем тоқтала кеткенді жөн көріп отырмыз. Атап айтқанда, Қазақстан Пре­зиденті Ұлытау ауданындағы  еліміздің бай мұрасын басқа ел-жұртқа таныстырудың жаңаша жолдарын ойластыру керектігіне назар аударып, Шыңғыс ханның үлкен ұлы,  мазары қазақ же­рінде тұрған  Жошының, яғни  Алтын орданың негізін қала­ған Жошы ханның есімін ұлық­тауды міндетті түрде қолға алу қажеттігіне тоқталды. Оның тарихи тұлғасына әлем назарын аударып, кесенесін мәдени туризм нысанына айналдыру өте маңызды міндет болмақ.

Мемлекет басшысының айтуынша, Ұлытау, біріншіден, туристік мекенге, яғни демалыс аймағына айналуы тиіс. Бұл жерге қазақ тарихының символы болатын ескерткіш-ансамблін орнату қажет. Ұлы­таудың тарихы мен тағылымын жастар тәрбиесі мен отаншылдық рухты дамытуға пайдалану керек. Қысқасы, жаңадан Ұлытау ұлттық паркін құру қажет.

Жоғарыда айтылған, яғни міндетті түрде орындалуы тиіс жұмыстар Алтын орда­ның 750 жылдығын мерекелеу аясын­да басталуы қажет деген Мемлекет басшысы, қазіргі таңда отандық туризм индус­триясы кенже қа­лып келе жатқанына, жыл сайын қыруар қаражат салынса да, толық­қанды дамымай отыр­ғандығына тоқталды.

Жалпы, әлемдік тәжірибеде туризм даму үшін менеджмент қажет. Осы жағын тиянақтау үшін Президент, Туризм университетін ашу жө­нінде ше­шім қабылдап, білік­ті жұмыс істей алатын кадр да­йындау қажет дегенді айтып, туризмді дамыту аясында өңірде көлік-логистикалық инфрақұрылымды қалыптастыру және Қазақстанның бар­лық рекреациялық аймағында қо­нақ­үй­лер­дің, тамақтанатын және демалатын орындардың құры­лысына кәсіпкерлерді тарту, сонымен қатар еліміздің туристік әлеуетінің ақпараттық қол жетімділігін қам­тамасыз ету керек екенін де атап өтті.

Сөзінің соңын Мемлекет басшысы: «Мәдениет және спорт министрлігі, сон­дай-ақ Цифр­лық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі турис­терге Қазақ­стан туралы ақпараттар, соның ішінде Ұлы­тау мен өзге де тарихи жерлер жөнінде қажетті мәліметтер ұсынатын арнайы   қосымша немесе платформа әзірлеуі тиіс. Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы – дәл осындай халықтық жобалардың қайнар көзі. Ұлы тарихтың куәсі – Ұлы­тау ұдайы мемлекет назарын­да болады. Сондықтан ұлт­тың ұясы, бірліктің бесігі – Ұлы­тау­ды ұлықтау – бәріміздің ортақ мін­детіміз» деп аяқтады.

Президеттен кейін формуға жан-жақтан келген өкілдерге пікір білдіру мүмкіндігі беріл­ді. Әуелгі сөздің тізгіні тиген БҰҰ-ның Тұрақты коор­динаторлық міндетін атқа­рушы Якуп Бериш ханым, этно­мәдени құндылықтарды алға сала отырып, әлемдік ту­ризмнің қазақстандық үлгісін қалыптастыруға зор мүмкіндік бар десе, Моңғолияның Қазақ­стандағы елшісі Лувсангийн Баттулга, біз көшпенділер ұрпағы болғандықтан моңғол және қазақ халқының этномәдениеті өте ұқсас, алда­ғы уақытта аталған саланы ілгерілету мақ­сатында еларалық келісімдер жасалып жатқанын жеткізді. Сонымен қатар әлемге танымал швейцариялық «Indy Guide» веб-порталының негізін қалаушы Ата­хан Тосын, неміс-аустриялық «Studiosus» ком­паниясының басшысы Александр Кромбач, әзербайжандық дипломат Джей­хун Шахвердиевтер өз кезегінде ұсыныс­тарын айтты.

Форум соңында Қазақстан Пре­зи­денті «Jezkiik» халық­аралық музы­калық фестивальдың кон­церттік бағдар­ла­масын тамашалады. «Nomad stunts» атты-каскадерлер шоуы, «Хассак» этно тобы, «Тоқырауын тол­қын­­дары» фольк­лорлық ән-би ансамблі, «Alatau serileri» тобы, «Аққу» фольклорлық-хорео­графия­лық ансамблі, Тәт­тімбет атындағы қазақ халық аспаптары академиялық оркес­трі, Қ.Байжанов атындағы концерт бірлестігі, сондай-ақ жеке өнерпаздар: әнші Сержан Мұсайын, Дәуренбек Әркенов, Гүлмира Тапай, алматылық сопрано Жәмила Бас­пақова, күйшілер – Айгүл Үлкенбаева, Жанғали Жүзбай, Секен Тұрысбек, Тұрар Әліпбаев, т.б. тұлғалар жұртты өнері­мен сусындатты. Түстен кейін ақындар Аманжол Әлтаев пен Сара Тоқтамысова сөз сайыстырса, кешкісін «Арлан» ұлттық дәс­түрлер театры, «Дос-Мұқасан», «Ұлы­тау», «Alatau Serileri», «Алтын батыр» топ­та­рының қатысуымен гала-концерт ұйымдастырылды.

* * *

Сөз басында айтып өтке­німіздей, Мем­лекет басшысы «Kazakhmys Smelting» мыс балқыту зауытында болып, ондағы жұмыс­шылардың жай-күйімен және әлемдік сұранысқа ие өнім өндіріп отырған кәсіп­орынның өндіріс цехтарымен танысқан болатын. Бұл за­уыт заман ағымынан қалыс­пай халықаралық стандартқа сай өнім өндіріп отырған елі­міздегі ірі құрылым. Өткен жылдың аяғында кәсіпорынның өнім дайындау қуатын аттыру мақсатында жылына 100 мың тонна мыс өндіруге мүмкіндік беретін тағы бір кенқыздыру пеші іске қосылған болатын.

Қарапайым еңбек адамдарымен жүз­дес­кен Президент оларға еліміздің бола­шақ игі­лігі үшін атқарып жүрген еселі еңбек­теріне ризашылығын біл­дірумен қатар, алдағы күндері өңір тұрғындарының тұр­мыс-тіршілігін жақсарту жолында мем­лекет тарапынан нәтижелі істер атқары­ла­тынын жеткізді.