Ұлытау ауданы орталығынан батысқа қарай созылып жатқан екі шақырым жердегі қыратты қойнаудағы құс ұясындай дөңгелек алаңқайға 40 шақты киіз үй тігіліп, аумақтың сырты табиғи тал-қайыңмен қоршалса, Ақмешіт жотасының етегін жастана бой көтерген алып сахна, оң қапталда аталған форум үшін тұрғызылған көшпелі зал, кіреберісте спорттық ойындар алаңы сәнді де мәнді жасалған.
Маңызды жиынға арнайы шақырылған еліміздегі археология, экология және туризм саласының мамандары, сондай-ақ шетелдік ұйымдар мен мемлекеттік және жергілікті атқарушы орган қызметкерлеріне арнап форумның беташар сөзін айтқан Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Ұлытау халқымыз үшін тарихи маңызы құнды мекен болғандықтан халықаралық туристік форумның осында өтуі тиіс деген уәжін алға тарта отырып, жиының мәртебелі қонағы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа сөз ретін ұсынды.
– Ұлытау барша қазақ қадір тұтатын қастерлі өлке. Ұлытау ұлтымыздың – алтын бесігі. Үш жүздің басын қосқан «Ұлытауда» бабаларымыз ұлттың келешегін ойлап, осында бірліктің туын желбіреткен. Қалың қауым осы киелі өлкеде ел билеген хандарды ақ киізге көтеріп, таққа отырғызған. Сондықтан біз Ұлытау жеріне – Хан ордасы, қазақ жерінің кіндігі деп, ерекше құрметпен қараймыз, – деп сөз бастаған Мемлекет басшысы бұл жердің қадір-қасиетін ғұламалар да мойындағанына, оған әйгілі Геродоттың жазбалары дәлел екеніне тоқталды.
– Ұлытау топырағы – алып тұлғалардың рухы тоғысқан жер. Халық бұл жерге Жошы хан, Алаша хан, Хан ордасы мен Әулие- таудай киелі орындарды көру үшін келеді. «Азияның арыстаны» атанған атақты Ақсақ Темір де осы өңірге ат шалдырған. Ұлытау аңыздарында – ұлттың ұйысуы, жұрттың жұмылуы айқын көрініс тапқан, – деп атап көрсетті.
Бір-бірін дауға қиса да, жауға қимаған халқымыз береке-бірлікті бәрінен жоғары қойған. Бабалардан қалған салт-дәстүрлерді бүгінгі ұрпақ лайықты жалғастыруы тиіс. Сол себепті біз бүгін киелі өлкеге тағзым етіп, оның келешегі жайында ой бөлісу үшін Ұлытау жерінде бас қосып отырмыз. Тарихы терең Ұлытаудың қадір-қасиетін бағалай білу – баршамызға ортақ парыз.
Мемлекет басшысының осы форумда сөйлеген сөзінің толық мәтіні жеке беріліп отырғандықтан, біз ондағы негізгі ойларға ғана аз-кем тоқтала кеткенді жөн көріп отырмыз. Атап айтқанда, Қазақстан Президенті Ұлытау ауданындағы еліміздің бай мұрасын басқа ел-жұртқа таныстырудың жаңаша жолдарын ойластыру керектігіне назар аударып, Шыңғыс ханның үлкен ұлы, мазары қазақ жерінде тұрған Жошының, яғни Алтын орданың негізін қалаған Жошы ханның есімін ұлықтауды міндетті түрде қолға алу қажеттігіне тоқталды. Оның тарихи тұлғасына әлем назарын аударып, кесенесін мәдени туризм нысанына айналдыру өте маңызды міндет болмақ.
Мемлекет басшысының айтуынша, Ұлытау, біріншіден, туристік мекенге, яғни демалыс аймағына айналуы тиіс. Бұл жерге қазақ тарихының символы болатын ескерткіш-ансамблін орнату қажет. Ұлытаудың тарихы мен тағылымын жастар тәрбиесі мен отаншылдық рухты дамытуға пайдалану керек. Қысқасы, жаңадан Ұлытау ұлттық паркін құру қажет.
Жоғарыда айтылған, яғни міндетті түрде орындалуы тиіс жұмыстар Алтын орданың 750 жылдығын мерекелеу аясында басталуы қажет деген Мемлекет басшысы, қазіргі таңда отандық туризм индустриясы кенже қалып келе жатқанына, жыл сайын қыруар қаражат салынса да, толыққанды дамымай отырғандығына тоқталды.
Жалпы, әлемдік тәжірибеде туризм даму үшін менеджмент қажет. Осы жағын тиянақтау үшін Президент, Туризм университетін ашу жөнінде шешім қабылдап, білікті жұмыс істей алатын кадр дайындау қажет дегенді айтып, туризмді дамыту аясында өңірде көлік-логистикалық инфрақұрылымды қалыптастыру және Қазақстанның барлық рекреациялық аймағында қонақүйлердің, тамақтанатын және демалатын орындардың құрылысына кәсіпкерлерді тарту, сонымен қатар еліміздің туристік әлеуетінің ақпараттық қол жетімділігін қамтамасыз ету керек екенін де атап өтті.
Сөзінің соңын Мемлекет басшысы: «Мәдениет және спорт министрлігі, сондай-ақ Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі туристерге Қазақстан туралы ақпараттар, соның ішінде Ұлытау мен өзге де тарихи жерлер жөнінде қажетті мәліметтер ұсынатын арнайы қосымша немесе платформа әзірлеуі тиіс. Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы – дәл осындай халықтық жобалардың қайнар көзі. Ұлы тарихтың куәсі – Ұлытау ұдайы мемлекет назарында болады. Сондықтан ұлттың ұясы, бірліктің бесігі – Ұлытауды ұлықтау – бәріміздің ортақ міндетіміз» деп аяқтады.
Президеттен кейін формуға жан-жақтан келген өкілдерге пікір білдіру мүмкіндігі берілді. Әуелгі сөздің тізгіні тиген БҰҰ-ның Тұрақты координаторлық міндетін атқарушы Якуп Бериш ханым, этномәдени құндылықтарды алға сала отырып, әлемдік туризмнің қазақстандық үлгісін қалыптастыруға зор мүмкіндік бар десе, Моңғолияның Қазақстандағы елшісі Лувсангийн Баттулга, біз көшпенділер ұрпағы болғандықтан моңғол және қазақ халқының этномәдениеті өте ұқсас, алдағы уақытта аталған саланы ілгерілету мақсатында еларалық келісімдер жасалып жатқанын жеткізді. Сонымен қатар әлемге танымал швейцариялық «Indy Guide» веб-порталының негізін қалаушы Атахан Тосын, неміс-аустриялық «Studiosus» компаниясының басшысы Александр Кромбач, әзербайжандық дипломат Джейхун Шахвердиевтер өз кезегінде ұсыныстарын айтты.
Форум соңында Қазақстан Президенті «Jezkiik» халықаралық музыкалық фестивальдың концерттік бағдарламасын тамашалады. «Nomad stunts» атты-каскадерлер шоуы, «Хассак» этно тобы, «Тоқырауын толқындары» фольклорлық ән-би ансамблі, «Alatau serileri» тобы, «Аққу» фольклорлық-хореографиялық ансамблі, Тәттімбет атындағы қазақ халық аспаптары академиялық оркестрі, Қ.Байжанов атындағы концерт бірлестігі, сондай-ақ жеке өнерпаздар: әнші Сержан Мұсайын, Дәуренбек Әркенов, Гүлмира Тапай, алматылық сопрано Жәмила Баспақова, күйшілер – Айгүл Үлкенбаева, Жанғали Жүзбай, Секен Тұрысбек, Тұрар Әліпбаев, т.б. тұлғалар жұртты өнерімен сусындатты. Түстен кейін ақындар Аманжол Әлтаев пен Сара Тоқтамысова сөз сайыстырса, кешкісін «Арлан» ұлттық дәстүрлер театры, «Дос-Мұқасан», «Ұлытау», «Alatau Serileri», «Алтын батыр» топтарының қатысуымен гала-концерт ұйымдастырылды.
* * *
Сөз басында айтып өткеніміздей, Мемлекет басшысы «Kazakhmys Smelting» мыс балқыту зауытында болып, ондағы жұмысшылардың жай-күйімен және әлемдік сұранысқа ие өнім өндіріп отырған кәсіпорынның өндіріс цехтарымен танысқан болатын. Бұл зауыт заман ағымынан қалыспай халықаралық стандартқа сай өнім өндіріп отырған еліміздегі ірі құрылым. Өткен жылдың аяғында кәсіпорынның өнім дайындау қуатын аттыру мақсатында жылына 100 мың тонна мыс өндіруге мүмкіндік беретін тағы бір кенқыздыру пеші іске қосылған болатын.
Қарапайым еңбек адамдарымен жүздескен Президент оларға еліміздің болашақ игілігі үшін атқарып жүрген еселі еңбектеріне ризашылығын білдірумен қатар, алдағы күндері өңір тұрғындарының тұрмыс-тіршілігін жақсарту жолында мемлекет тарапынан нәтижелі істер атқарылатынын жеткізді.