– Балтабек Мұқанұлы, көзі тірісінде-ақ қазақ мұнайының атасы атанған Сафи Өтебайұлының туғанына биыл 110 жасқа толмақ. Сонымен қатар, қазақ жерінде мұнай өндірудің басталғанына – 120 жыл. Сафи Өтебайұлы өндіріске Қарашүңгілден алғашқы мұнай алынған кезден тура 26 жылдан кейін араласыпты. Ал нағыз мұнай инженері болып, бұрғылау цехына келгенде қазақ мұнайының алынғанына 36 жыл болған екен. Әрине жер қойнауынан мұнай шығару сияқты нақты ғылымға сүйенген өндіріс үшін бұл аса көп уақыт емес. Осы кезде Әзербайжан тау-кен институтын мұнай инженері мамандығы бойынша бітірген алғашқы қазақ баласы Ембіге келеді ғой. Сондықтан қазақ мұнайы дегенде Сафи Өтебайұлы, Сафи Өтебайұлы дегенде қазақ мұнайы еске түседі. Бүкіл саналы өмірін мұнай өндірісіне арнаған азаматты тағы бір еске түсірелікші...
– Қазақ мұнайының тарихы мен Сафи Өтебайұлының есімі шынында да қатар аталуы заңды. Өйткені ол ағаларының Доссорда мұнайды аса қиын жағдайда қалай өндіріп жатқанына жеті жасында куә болады. Жұмысшылар тұратын орын да мәз емес екен, жерден қазып алған жертөле. Бұл енді төңкерістен бұрынғы кез ғой. Төбелерінен мұнай тамшылап тұратын қиын жағдайда жұмыс істейтін қазақтар ғана екеніне көзі жетеді. Тамақ та тапшы. Рақат өмір кешетін ағылшын шонжарлары дейді ағалары. Шебер, бригадир болып жүргендер оқыған орыстар көрінеді. Олардың да тұрмыстары оқымаған қазаққа қарағанда көш ілгері. Міне, «оқу керек» деген арман бала Сафидың көкірегінде осы кезде оянады. Сафи Өтебайұлының есімі қазақ мұнайымен бірге жасасып келе жатыр деп дұрыс айтып отырсың. Екеуін бір-бірінен ажырату мүмкін емес, екеуі біртұтас дүние.
Мен өмірге келгенде Сәкең Жылой ауданында Қазақстан Компартиясы аудандық комитетінің бірінші хатшысы қызметінде екен. Ол кісінің аты-жөнін қалай, қашан естігенім есімде жоқ, әйтеуір оған ұқсап мұнайшы болуды армандағанымыз рас. Нұрлан Өтепұлы Балғымбаевтың бір естелігі есімде. Сәкең Гурьев Халықшаруашылық кеңесінің төрағасы кезінде «ЗиМ» атты қызметтік көлік мініп жүреді екен. Жеңіл машина деген ол кезде таңсық. Нұрландар қолымен сипап көріп, маңайынан кете алмай жүрсе керек. Бала емес пе? Нұрекеңнің әкесі Өтеп Балғымбаев пен Сафи Өтебайұлы жақсы қарым-қатынас жасасқан, отбасыларымен араласып тұрған кісілер екен. Он-он бірлердегі Нұрланды Сәкең жақсы таниды. Сондай бір күні:
– Айналайын, Нұрлан, өскенде кім боласың? – деп сұраса Нұрлан:
– Өскенде сіздің шөпіріңіз боламын, – депті.
Әне, көрдіңіз бе, Сәкеңнің аты елге қалай танылғанын. Тіпті балаға дейін оның шөпірі (атыраулықтар шөпір деп сөйлейді, – Н.С.) болғысы келіпті. Нұрлан Өтепұлын да білмейтін қазақ жоқ, Премьер-министер де болды. Оған еліктеген тек Нұрлан ғана ма, біз де еліктедік, Сафи Өтебаев сияқты инженер мұнайшы болғымыз келді. Осы арман мені де мұнайшылыққа алып келді. Қазақ политехникалық институтын инженер-геолог-мұнайшы мамандығы бойынша 1971 жылы бітірдім.
– Осы жылы Сафи Өтебайұлы зейнет демалысына шыққан екен.
– Иә, сол себепті бізге Сәкеңмен өндірісте бірге жұмыс істеу бұйырған жоқ. Бірақ кейінірек танысып-біліскен соң жақсы қарым-қатынаста болдық. Оның аты-жөні институт студенттеріне жақсы таныс-тұғын. Өйткені ол «Қазақстанмұнай» бірлестігін басқарып тұрған кезде мұнай факультетінде оқитын студенттерге ерекше көзқарас танытқан адам. Мұнай-газ факультеті үшін алпыс адамдық жиналмалы ағаш жатақхананың екеуін жіберген екен. Осы жатақханада тұрып Атыраудың, Маңғыстаудың талай баласы білім алды. Мұнайлы өңірдің балалары оқудан қағыс қалмау үшін сол жылдары Гурьевтегі «Қазақстанмұнай» бірлестігінің кадр бөлімінің басшысы Алым Жаңбыршинді Сафи Өтебаев өз бұйрығымен институт қабылдау комиссиясының тұрақты өкілі етіп те қойыпты. Осы арада айта кету керек, Сафи ағамыз мұнай атты байлықты ашушы ғана емес, ол қазақ баласының басындағы білім атты байлықты да ашқан адамның бірі. Білім байлығы мұнай байлығынан да қымбат байлық қой. Ол осыны ерте бастан ойлаған. Жалғыз Политехникалық институттың мұнай факультетін бітірген 20-30 бала қай жағына жетсін. Ал Қазақстанның алдында Маңғыстау мұнайын игеру деген өте үлкен мақсат тұрған еді. Ол мақсатты техникалық білімі бар жергілікті жігіттер игермегенде кім игереді. Сондықтан осы мәселені ерте бастан ойлап, сонау 1950 жылдары-ақ Ресейдегі, Татарстандағы, Башқұртстандағы, Әзербайжандағы мұнайшы мамандығына оқытатын жоғары оқу орындары ректорларына, одан қала берді КСРО Министрлер Кеңесінің төрағасы Алексей Косыгинге қазақстандық балаларды мұнайшы мамандығына байқаудан тыс қабылдау туралы өтінішін айтып, хаттар жазған екен. Оның бұл ұсынысы қабылданып, жылына қазақстандық жүз бала байқаудан тыс оқуға қабылданатын болып жоғарының шешімі шығыпты. Бұл шешім жиырма жыл бойы күшін жоймаған. Бұл деген жыл сайын өндіріске мұнай инженерінің жүзі келеді де тұрады деген сөз. Әрі бұлар ешқайда кетпейтін жергілікті жердің балалары ғой. Соның бәрі Маңғыстау мұнайы үшін. Одақтық министрлік кезінде Маңғыстауды игеруді Түрікменстанға ма, Дағыстанға ма бермекші болған екен. Қазақ мұнайшыларының бұған әлі келмейді деген желеумен.
– Әрине қазақ балаларын әлгідей жолмен мұнайшы мамандығына оқытпаса, шынында да әлі келмес еді. Мәскеуді көндіріп, Форт-Шевченкода «Маңғыстаумұнайбарлау» тресін қалай құрғанын зерттеп, кітап жазғанмын. Трест директоры Орынбай Бердіғожин, бас инженері Бақытжан Есенғалиев, бас геолог Валентин Токарев болған. Орынбай Адайұлы болмаса, анау екеуі сол кезде отыздың о жақ, бұ жағындағы жас жігіттер екен.
– Сафи Өтебайұлы мұнай инженері мамандығы бойынша еңбек жолын 1936 жылы менің туған жерімде, Мақат кәсіпшілігі бұрғылау цехының аға инженері болып бастапты. Кейін осы кәсіпшіліктің бастығы болған. Одан әрі Құлсары, Комсомол кәсіпшіліктері. Бұдан кейінгі өмір жолы туралы әлденеше мақала жазылды, сондықтан бұл арада санамалап отырудың қажеті жоқ. Тек бір айта кетерлік жай, оның мұнай өндірісіндегі бүкіл өмірін соғысқа дейінгі, соғыстан кейінгі және Маңғыстау мұнайын игеруге қатысты деп шартты түрде үшке бөлетін болсақ, ең маңыздысы осы соңғысы болар еді. Маңғыстау мұнайын игеру оның өмірлік мақсаты, өмірлік арманы деуге болады. Соғыстан кейін ол Жылойда бірінші хатшы болып жүргенде де Маңғыстау жадынан шықпапты. Жылой Маңғыстаумен шекараласатын жер бедері де, күн райы да бірдей аудан. Бұл ауданда Қаратон, Мұнайлы, Төлес алаңдары бар. Одан әрі Маңғыстау.
Маңғыстау мұнайын игеру нартәуекелдің ісі болған. Қалай да өзге ел мұнайшыларының игеруіне беріп қоймаудың амалы ғой. Игілігін қазақ елі көрсін деген ізгі ниет. Бұл туралы әрине мақалалар, кітаптар жазылды, өз аузынан да көптеген әңгімелер естідік.
1951 жылы ол «Қазақстанмұнай» бірлестігінің бастығы болып тағайындалады. Осы кезде республикада жылына бар болғаны 1 млн 200 мың тонна ғана мұнай өндіріледі екен. Осы көлемді ұлғайтпаса, қазақстандық мұнайшыларға деген Мәскеудің көзқарасы өзгермек емес. Сондықтан қалай да, бірлестіктің күшімен болса да барлауды бастамаса болмайтын еді. 1951 жылдың күзінде Маңғыстау түбегіне барлаушы-геологтар аттандырылып, сол жылдың соңына қарай Түбіжік, Қарасаз-Таспас, Құсайын алаңдарын бұрғылау басталады. 1957 жылы «Маңғыстаумұнайбарлау» тресінің құрылуы да осы жұмыстың нәтижелі болғандығынан деуіміз керек. Солай болса да трест құрылғаннан кейінгі алғашқы төрт-бес жылғы бұрғылаулар сәтсіз болған. Мұнай шықпаған. Ал бұл қыруар шығын деген сөз. Бұған кім жауапты? Әрине Мәскеуді көндіріп, Маңғыстауда трест құрып, оған мыңдаған жұмысшыны тартуға ықпал еткен Сафи Өтебаев жауапты. Маңғыстауда жасалған қай іске де Сәкеңнің қатысы бар. Ал Маңғыстау үшін ол кісі не істемеді, неге тәуекел етпеді дейсіз? Әрбір нәтижесіз бұрғылау бірлестік басшылығына соққы болып тиіп жатты. Солай болса да Маңғыстау даласына он мыңдаған жұмысшы тарту, олардың тұрмысын ойластыру, мыңдаған техника жеткізу, жұмысты одан әрі жалғастыру одақтық министрлікпен жағаласқан жағдайда жүріп жатыпты. Тіпті бір кездері «Маңғышлақ рак клеткасы, ол еш нәтиже бермейді, қаржыландыруды тоқтату керек» деген де пікірлер айтылған. Мұндай көзқарас Жетібай мен Өзен ашылған кезде ғана күрт өзгерді. Осы өзгерісті ол ұзақ күтті. Осы күнге оны ішкі сенімі алып келді. Бұл 1961 жыл болатын. Сөйтсе бар кілтипан мұнайдың тым тереңде жатқанында екен.
Жетібай мен Өзеннің есептелген мұнай қоры Баку мұнай қорынан әлдеқайда артық, ал Татарстан мен Башқұртстаннан бірнеше есеге көп болып шықты. Бұл жағдай Қазақстан мұнай өндірісі басшылығы алдына жаңа міндеттер қойды. Соны саралаған Сафи ағамыз одақтық мұнай министрі Байбаковқа Маңғыстауға байланысты іргелі ұсыныстар жасайды. Ол ұсыныстарды енді оның қабылдамасқа шарасы жоқ еді. Сөйтіп Бүкілодақтық Халықшаруашылығы Кеңесінің төрағасы Дмитрий Федорович Устинов 1963 жылы арнайы қаулы шығарады. Осы қаулыға негіз болған ұсыныстар Маңғыстаудың бағын ашты деуге болады. Өйткені «Маңғышлақнефть» бірлестігі осы қаулыға байланысты құрылды. Одан басқа Өзен мен Жетібайға дейін темір жол, асфальт жол салу, жоғары вольтті электр желісі мен мұнай, су құбырларын тарту, тұрғын үйлер тұрғызу, жұмысшылардың айлық жалақысын арттыру сияқты өндіріске тікелей қатысы бар шаруалардың жандануына тікелей Сафи Өтебайұлы өзі ықпал етті. Бұл оның өмірлік арманының орындалуы еді.
– Сафи Өтебайұлының арманының орындалуы, ел халқының да арманының орындалуы ғой. Ал елі осындай ерен еңбек иесінің есімін мәңгілікке қалдыру жолында не істеп жатыр?
– «ҚазМұнайГаз» компаниясы 2009 жылдан бастап мұнай мамандығында оқитын жоғары оқу орны студенттері мен колледж оқушыларына «Сафи Өтебайұлы атындағы грант пен стипендия» тағайындаған. Бұл болашақ талантты мұнайшы инженерлердің шығуына түрткі болады ғой деп ойлаймын.
Құлсарыдағы Технология колледжінің алдына кеуде мүсіні қойылып, оқу орнына аты берілді. Сондай-ақ былтыр Ақтау қаласындағы «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясы ғимараты алдына да кеуде мүсіні қойылған.
Ал биыл Үкімет қаулысымен Атырау мұнай-газ университетіне Сафи Өтебайұлының есімі берілді. Мерейтой барысында университет алдына еңселі ескерткіші қойылмақ. Қысқасы, Сафи Өтебайұлының есімін мәңгілікке қалдыру мақсатында қандай іс-шара жасалса да артық емес. Өйткені бүгінде қазақ мұнайының 120 жылдығын мақтанышпен мерекелейтін болсақ, оның өзі мұнайшы аталарымыздың ерен еңбегі. Барлығының бастауында Сафи Өтебайұлы тұрады. Ол Бакуден мұнай мамандығын оқып келгеннен бастап, зейнет демалысына шыққанша басшылық қызметте болды. Демек Сафи Өтебайұлы – отызыншы жылдары енді ғана қалыптасып келе жатқан қазақ мұнай өндірісінің іргелі салаға айналуына зор үлес қосқан тұлға.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Нұрлыбек САМАТҰЛЫ,
республикалық «Таң-Шолпан» әдеби-көркем, көпшілік журналының бас редакторы, жазушы