Қоғам • 26 Тамыз, 2019

Кісіліктің «қызыл кітабы»

640 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жасаған иеміз бізді есті жан етіп жаратқан соң айналамыздағы тіршілік атаулыға аялай қарағанымыз абзал. Төрткүл дүние төсін тел емген сан жетпес санасыз «жерлестеріміз» алдындағы сол жауапкершілікті сезінген­діктен болар, жер бетіндегі аң-құстар мен өсім­діктер әлемін сақтаудың амалдарын із­деп аласұрамыз.Тұқымы тұздай құрудың алдында тұрғандарын «қызыл кітапқа» кіргіземіз. Дұрыс. Қоршаған ортаны қорғау – саналының сауапты ісі. Асылында, арда та­биғаттың тепе-теңдігін бұзбағанға не жетсін!

Кісіліктің «қызыл кітабы»

Ал енді ақылдан ақша озған мына заманда азып-тозуға айналған адами асыл қасиеттерді қалай қалпына келтіреміз? Жауабы жоқ сұмдық сұрақ. Бәлкім, аңқасы кепкен Аралдың арнасы әйтеуір бір толар. Қазақстанымыз қа­рыштап, аспан астын аузына қаратқан алып мемлекеттердің қатарына қосылар. Жан­кү­йер­лерін жайраңдатуынан қайран­датуы көп «Қайрат» футболшылары Еуропаның чем­пиондар  лигасында топ жарар. Ғұлама ғалым­дар ғасыр індеттерін емдейтін ерекше дәрілер шы­ғарар. Алауыз ағайындарымыз жүзге, руға бөлін­гендерін қояр. Бәрі де мүмкін.

Алайда адамдықтың аты арып, тоны тозса, бұл дерттің дауасы табылмайды. Жаһанды жауыздық билейді. Бес құрлықтың белін қа­йыстырған қалың жұрттың соры сонда қай­найды. Өйткені өлген адамгершілік қайта тірілмейді.

Адамгершілік азайған қоғамда әділеттің ақ туы ешқашан асқақтамайды. Джунгли заңы орнап тістілер мен күштілердің ғана айы оңынан туады. Жуан жұдырықты әкім-қаралар әлсіз әлеуметтің төбесінде әңгіртаяқ ойнатады. Жа­зықсыз жапа шеккендердің көз жасы көл болып ағады. Аттөбеліндей ауқаттылар бар байлықты бауырына басып, қайыршыланған қарапайым бұқара битін сығып, қанын жалайды. Бастық біткеннің бағыныштыларын басынуы белең алады. Жоғары жақтан әділдік сұрап ауыл мен астана арасында ақтабан шұбырынды болған шағымданушылардың шаңы шартарапты кө­меді.

Жер-жерден жетіп жататын жантүршігерлік «жаңалықтарға» құлақ құрышымыздың қан­ған­дығы сондай, қалыпты хабар-ошардай қа­былдаймыз. Қатыгездік қаптап, мейірімділік жоғалып барады. Ежелден халқымыздың қанына сіңген қайырымдылықтың өзі қазіргі таңда жарнама үшін жасалатыны белгілі. Қалталы мырзалар азын-аулақ қаржы жұмсап жоқ-жітікке құдайы күлше таратса газетке жазып, теледидардан көрсетіп көкке кө­тереміз. Жақсылықты есеппен жасайтын «жаңа қазақтар» ақпарат құралдарына ақысын төлеп «Атымтай жомарттықтарын» жан-жақ­ты насихаттатып, жарияға жар салуға әбден әдеттенген. Сөйтіп қайырларын шайыр қылып жібереді. Тіпті жарлы-жақыбайларды жарылқап тастағандай шіренгенде үзеңгі бауларын үзіп жібере жаздайды-ау, жазғандар.

Өмірлік құндылықтар өзгерді. Қазақтың рухани құбыласы Құнанбайдың Абайы айтқан белгілі бес дұшпанымыз – «өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ» алыстағаныңыз не, сенімді серігіміздей қыр соңымыздан қалар емес. Керісінше, бәріміз асық болуға тиіс «талап, еңбек, қанағат, рақым, терең ой» тәрізді асылдарды тот басты.

Артықтау кетсем айыпқа бұйырмассыздар, кейде біздің кейбір шенеуніктердің тұла бойы жаман әдет, жадағай қылықтарға тұнып тұр­ған­дай көрінетіні бар. Еліне адал қызмет етіп жүрген абыройлы азаматтар аз емес, әри­­не. Бірақ солардың қайырлы қадамына қақ­пан құратын қара ниетті бақастары да же­тіп артылады. Батыраш-Қотыраштардың қол­дауымен тұлпардан тұғыр озса, ортақ ісіміз қай­дан ілгері бассын. Бау-бақшада өскен та­биғи таза өнімдерді дүкен сөрелерінен ығыс­тырып тастаған жылыжайдың жартылай жасанды жемістеріндей, жүндіқол көкелерінің көмегімен жайлы креслоларға жайғасқан «жас перілер» өздеріндегі қабілет кемдігіне, тәжірибе тапшылығына қарамай, қарамағындағы майталман мамандарды қырып жібере жаздайды. Шіркін, осылардың лауазымдық өсу жо­лындағы өлермендіктері талабы таудай бол­ғанымен тауы шағыла беретін талантты тұлға­лардың бойына бітсе ғой...

Ұлттық намысымыз ұйқыға кетсе, оянуы қиын. Намыссыз ұл Отаны түгіл отбасын қор­ғауға жарамайды.

Азаматтық ар-ұятымыз былғанса, ащы кірден арылуымыз неғайбыл. Бетсіз ұрпақ өссе елдің ертеңі бұлыңғыр тартпақ. Имансыздық иектесе жақыныңның жатқа айналуы оп-оңай. Ата-анасынан безген безбүйрек балалар, тар құрсағын кеңітіп тапқан сәбиін тағдыр тәлкегіне тастайтын көкек аналар көбейеді.

Ең сорақысы, адамдар бір-бірін, Отанын, туған жерін сүю қабілетінен айырылды. Бұл дегеніңіз рухани апаттың белгісі емей немене? Құдай-тағаланың екі аяқты, ет жүректі құ­­лына сыйға тартқан саф таза сезімінен мүл­дем адалансақ көктен шапағат нұрын шаш­қан күн сөнгендей бар әлемде қаратүнек орнайды.  Арамдық, пәлеқорлық, жалақорлық, көреалмаушылық, тағысын тағы жамандықтар жайлаған орта кімге опа бермек?

...Кіршіксіз кісілік салтанат құратын керемет заман түбі бір туар... 

Әй, қайдам...

Әйтсе де үмітті күндерден үміт үзбейікші! Ендеше Кісіліктің «қызыл кітабын» ашамыз ба, қайтеміз?