Қоғам • 26 Тамыз, 2019

Браконь­ерлермен кү­­ресте тәртіп күшейтіледі

1044 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Елімізде браконьерлер 2018 жылдан бергі уақытта 719 бас киікті қырып тастаған. Бұл – табиғат қорғаушыларының қолындағы деректер негізіндегі мәлімет. Сонымен қатар инспекторлар қолына түспей немесе назарына ілікпей қалған қылмыстың залалы мүлдем есепке алынып отырған жоқ.

Браконь­ерлермен кү­­ресте тәртіп күшейтіледі

Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ерлан Нысанбаев «ашынғанда шығады ашы дау­сым дегендей», соңғы жыл­­дары халқымызға, төл табиғатымызға орасан шы­ғын келтіріп, жара­ты­лыс­тың тепе-теңдігін бұзуды бас пайдасы үшін кәсіпке айнал­дырған қаскөйлерге жазаны күшейте түсу керектігін мәлімдеді.

– Киік – Қазақстанның бренді. Әлемдегі киік түр­ле­рінің 90 пайызы Қазақстан аумағында шоғырланған. Бүгінде ел аумағында 334 мыңдай киік бар. 2015 жыл­ғы індеттен 100 мың бас көле­мінде киік қырылғанын біле­сіздер. Сол оқиға болма­ған­да қазір олардың саны жарты миллионға жеткен болар еді. Қолға түскен қас­көй­лерден 501 дана мүйіз тәркіленді. Ең өкініштісі, табиғи бірегейлікті сақтау жолында әріптестерімізден айырылып жатырмыз, – деді Е.Нысанбаев.

Соңғы уақытта ғана бір­не­ше қорықшының брако­ньерлер қолынан мерт болғаны белгілі. Бұл ретте адамға қару кезеген қас­көй­лерді кәдуілгі аңшы­лармен салыстыруға мүл­дем болмайды. Өйт­ке­ні халқымыздың ұғы­мын­да аңшылық – терең фило­со­фиялық мәні бар ұғым, үлкен өнер. Ал қазіргі қолға түсіп немесе уыстан шығып ке­тіп жатқан қаскөйлерді отба­сының қорегі үшін аң аулап күнелтіп жүр деуге де ке­ліңкіремейді. Әрине, бүгінгі браконьердің де көк­се­гені қаражат, бірақ кие­лі жан­уар­дың қымбатқа баға­ла­натын мүйізі үшін пайда табамын деп, кісі қанын мойнына жүктеу – ауыр қылмыс.

Ең бастысы, құқық қор­ғау органдары киік мүйізі сау­да­сының тамыры Қытай Ха­­­лық Республикасына бастайтынын қымсынбай айта­ды. Бірақ жазушы Кемел Тоқаевтың детективтік шы­ғар­­маларының бас кейіп­кер­леріндей отаншыл, антына адал, әккі «милиция» қалмады ма белгісіз, әйтеуір халықаралық қылмыстық канал жойылды деген ақпарат мүлдем айтылмайды. Заң да осал. Сөйтіп іздеушісі жоқ бейкүнә жануар қытайлық фармацевттердің тапсырысы бойынша қынадай қырылуда.

Ал ең сорақысы, кей жағ­дайларда мұндай қыл­мыс­тар сол киіктерді күзе­туге жауапты орган қыз­мет­керлері немесе құқық қор­­ғаушыларының қатар­дағы және зейнеттегі қыз­мет­­керлерінің қатысуымен бо­лып жатады. Сондықтан ел ішінде браконьерлерді құқық қорғаушылар қорғаштап отыр деген де түсінік қа­лып­тас­қан. Әлбетте, жел тұрмаса шөптің басы қимылдамасы анық.

Заң демекші, қызмет жолында қаза тапқан инспек­тор­лардың ажалы киікті қорғай­тындай, бұл салаға назар аударатындай проблемаларды қоғамға жеткізуге сеп болғанын да ерекшелеп айтқан жөн. Денис Теннің өлімінен соң еліміздегі ұрлықтың жайы да назарға алынып, қоғам дабырын туғызған еді. Ал браконерлер қолынан көз жұмған инспекторлар өздеріңнің ажалымен де қазақ даласының қазынасына айналған киелі жануар мен әріптестерінің амандығына пайдасын тигізу­де.

– Инспекторлардың қаза­­сы­нан кейін Бас прокура­ту­рамен және өзге де мүд­делі мемлекеттік органдармен бірге Парламент Мәжі­лісінде кеңес өткіздік. Соның нәтижесінде жедел алдын алу шараларына қа­тыс­­ты заңнаманы күшей­ту туралы тапсырма бе­ріл­ді. Браконь­ерлермен кү­­ресте қы­з­меттің материал­дық-техни­калық ба­за­­­сын нығайту бойынша нақты шаралар атқа­ры­ла­­ды. Дрондар мен кеудеге та­ғылатын бейне­ка­­ме­ра­лар, электрошокер мен трав­матикалық қару, жеке қорғаныс құралдары сол шарада қарастырылған. Жол жүру ережесіне біздің инс­пекторлар мінетін көлік­тер­ді арнайы техника ретінде тір­кеу туралы өзгерістер енгі­­зіледі, – деді Ерлан Нысан­баев.

Дала жануарынан бұрын қатарларындағы әріп­тес­те­рін қорғауға дәрменсіз орган­дардың қолдары қыс­қа­лығын білеміз. Мәселен, қолына қару болғанымен, оқ ату құқы шектелген инспекторларға оқ өткізбейтін кеудеше ки­гі­зу үшін Ішкі істер министр­лі­гі­нің келісіміне қол жеткі­зіл­мей келеді. Ол үшін қол­да­ныс­тағы заңдарға да өзгеріс енгізу қажет екен.

– Біздің инспекторларға да полиция қызметкерлері сияқты оқ өткізбейтін кеудеше киюге рұқсат алудамыз. Болашақта бұл нақ­ты шешіледі. Ол үшін нор­ма­тив­тік-құқықтық актілерге өзгеріс енгізсек болды. Бұл жұмысты енді ғана бастадық, – деді Ерлан Нысанбаев. Мәселе өзекті болғанымен, құзырлы орындардың қазір­гі тірлігі инспекторларды оққа байлап бергендей әсерде қал­ды­ратыны өкінішті.

Биылдан бас­­тап «Киік» атты кең ауқым­ды табиғатты қор­­ғау акциясы баста­л­мақ. Іс-шара тұрақты не­гіз­де «Охотзоопром» ӨБ күш­те­рімен ұйым­дас­ты­ры­лып, құ­қық қорғау органдарымен бірле­сіп, киікке шы­ғатын брако­ньерлік ұйымдасқан қыл­мыс­тық топтарды анық­тау және олардың жолын ке­су, дериваттарын сату мен сатып алуға маманданған қас­қөйлерді ұстауға бағыт­тал­мақ­шы.

2019 жылдың басынан бері киікті заңсыз атудың 38 оқиғасы тіркеліп, 390 «тушасы» мен 252 мүйізі тәр­кіленген. Бұл – адам шо­шыр­лық қылмыс. Ал осы қыл­мыс­пен күрестің бір парасы ретінде заңнаманы жүйелеу болатыны да сөзсіз. Оның үстіне бұл мәселе Мемлекет басшысының бақылауында тұр.