Спорт • 26 Тамыз, 2019

Легионерлер орнына – жергілікті спортшылар

511 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүгінде өңірде 175 мыңнан астам адам күнделікті шынығып, шымырланып, саламатты өмір сүру дағдысын серік еткен.

Легионерлер орнына – жергілікті спортшылар

Теріскейліктердің түрлі бай­рақты жарыстардағы көр­сет­­кіштері де ауыз толты­рып айтар­лықтай. 413 спортшы еліміз­дің ұлттық құрамаларына қабылданып, сәтті өнер көрсетіп жүр. Биыл 17 халықаралық, 34 республикалық додаларға қаты­сып, 266 медаль иеленуі – осы сөзіміздің айғағы. Олар­дың арасында еркін күрестен Азия чемпио­ны Нұрғожа Қайпа­нов­­тың, сары құр­лық­­тың қола жүлдегерлері, же­ңіл атлетшілер Маргарита Мұқа­ше­ва мен Михаил Литвин­нің, әйелдер күресінен Азия біріншілігінде үшінші орынға табан тіреген Екатерина Фирсто­ва­ның, «Astana» кәсіпқой вело­коман­дасының белді мүшелері Алексей Луценко, Жандос Бижігітов, Артем Захаровтың, гір көтеруден Еуропа жеңім­па­зы Артем Головиннің, тағы басқаларының есімдері құр­мет­пен аталады.

Өткен ғасырдың тоқ­са­нын­шы жылдары өңірде небәрі 10-ға жуық балалар мен жас­өспі­рімдер клубы болса, бүгінде 30-ға жуықтаған. Соңғы жылдары облыс орталығында әмбе­бап спорт сарайы, заманауи теннис орталығы, екі ауданда дене шынықтыру және спорт кешені пайдалануға берілсе, Айыртау, Ақжар аудандарында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде салынуда. Жүз­ден астам шағын футбол алаң­да­ры мен хоккей корттары тұр­ғызылды. Қазақ күресінен «Қы­зыл­жар арландары», ат спорты және ұлттық ойын түрлерінен «Тұлпар» кәсіби спорт клубтары жұмыс істейді. Таяу арада олимпиадалық резервтегі мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі ашылмақ.

Десек те, саламатты өмір салтын қалыптастыру бағытында атқарылатын жұмыстар әлі аз емес. Оны әкімдіктің отырысында аймақ басшысы Құмар Ақсақалов санамалап берді.

– Біріншіден, спортта жарақат алу жиі кездеседі. Осы себепті спортшылар үшін кәсіби дәрігерлер даярлауды, штаттық режімде жұмыс істеуін қамтамасыз ету керек. Екіншіден, балалар мен жасөспірімдер мектептерінің материалдық-техникалық база­сы­ның жабдықталуы көңіл көн­шіт­пейді. Бұл орайда спорттың нәти­жесімен қоса, әлеуметтік жауап­кершілігі де өте маңызды. Ақжар, М.Жұмабаев аудандарында спорттық сайыстарға тиісінше бар болғаны 349 мың, 421 мың теңге ғана қарастырылған. Үшіншіден, олимпиадалық спорт түрлеріне ғана басымдық беріліп, бұқа­ра­лық жағы кенжелеп жатады.

Өз басым жергілікті спорт­шы­лардың жыл бойы түрлі жа­рыс­тарға барып тұруына қа­ра­жаттың қажетті мөлшерде бөлін­бе­уін түсінбеймін. Керісінше, барлық клубтар спортшыларды сырттан, шетелден шақыруға құмар. Меніңше, оларсыз-ақ жоғары нәтижелерге қол жеткізуге болады. Мәселені тек легионерлер арқылы шешеміз деу, еш ақылға сыймайды. Шебер спорт сайыпқырандарын дайындау –сіздердің міндет­те­ріңіз. Қит етсе рейтинг қуу­ға бейімбіз. Ол сатыдан түсіп қалсақ, ештеңе етпейді. Демек, деңгейіміз сол болғаны. Бірер жылға келетін адамға қыруар қаржы шашамыз. Ол ақшаны өзіміздің спортшыларға беріңіздер, – дей келіп, Құмар Іргебайұлы легионерлер алуға тыйым салатынын кесіп айтты.

Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшы­сы Руслан Есеналиннің 9 спорт клубының құрамында 924 спорт­шы жаттығады, олардың 855-і жергілікті, 65-і басқа өңір­лер­ден дегеніне келісейік. Ал 4-уі ғана легионер деуі күмән тудыр­май қоймайды. Мәселен, Қазақ­стан­ның кубогын екі рет жеңіп алған «Құлагер» хоккей клубы сапындағы ойыншылардың басым бөлігі – ресейліктер. Сол сияқты «Қызылжар-СК» фут­бол клубында да сырттан шақырылған аяқдоп шебер­ле­рі­нің үлесі көп.

Сөзі мен ісі үйлескен облыс әкі­мінің талабы орындаларына, жергілікті спортшылар үшін барлық жағдай жасаларына сенейік.

 

Солтүстік Қазақстан облысы