Руханият • 26 Тамыз, 2019

Қалақ батыр бейіті

1281 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Есімі ел аузында сақталған, ел қорғаған ерлердің бірі – Қалақ батыр. Он жетінші ғасыр­­дың басында қазақ жеріне көз алартқан жоңғар шапқыншылығында ерлігімен көзге түскен қолбасы Қалақ батырдың туған жері Есіл өзенінің жағасындағы Кере­гетас өңірі.

Қалақ батыр бейіті

Зұлым жау жауар бұлттай түнеріп, шегірт­кедей қаптап келді дейді. Қазақ қолы қапелімде етек-жеңін жинап үлгермеген. Қарамы аз. Ал жау болса үш, әлде төрт есе көп. Кейде майдан даласында көптігімен бел алып кететін сәттер де болады. Бұрынғылар «көп қорқытады, терең батырады» деп тегін айтты дейсіз бе? Аздаған қобалжу да болса керек. Сол сәтте арыстандай айбат шеккен Қалақ батыр өкпе тұстан ат ойнатып, жекпе-жекке шақырған. Бұрынғының салты. Жау да тегін емес, ақ сауытын жарқылдатып, ат беліне төңкерілген тайқазандай томарылған жоңғар батыры алдаспанын жарқылдатып майдан өтіне шықты деседі. Қос батыр әуелі найза сілтескен. Бие сауынындай уақыт өткен соң қылыштасуға көшкен. Тең түсіпті. Бірін-бірі ала алмаған. Одан соңғысы алмас қанжарлардың қаржасуы. Ат үстіндегі құйын-перен, ес кетіп, жан шыққан арпалыс. Соңғы сәтте Қалақ батыр қас дұшпанның қапысын тапса керек. Ат артына сыпырып түсірген. Төбедей төңкерілген жоңғар батыры қайтып басын көтере алмапты. Сол сәтте манадан бері әлдеқалай болар екен деп үкідей үрпиіп тұрған қазақ сарбаздарына алапат күш біткен, рух көтерілген. Саны жау қолынан әлденеше есе кем болса да батырлары жеңіп, бағы үстем болған Алаштың абзал перзенттері алдыңғы шепті әп-сәтте жусатып салып, түре қуған.

Бар ғұмырын ел қорғауға арнаған Қа­лақ батырдың жерленген жері облыс орталығының іргесіндегі Қалақ тауының бауыры. Осы жерге жамбасы тиген соң жалпақ жұрт тойған қозыдай томпайып жатқан шағын төбені батырдан бір белгі қалсын деп Қалақ тауы атап кеткен. Әлгі жер аты жазылмаған хат дейтұғын ұғым осындай сәттерден туындайды емес пе?

Жергілікті шежіреші Мейрам Сақышевтің айтуына қарағанда, бұл жерде жалғыз Қалақ батыр ғана емес, үзеңгі қағыстырып бірге жортқан, ел қорғаған ерлердің бір шоғыры жатса керек. Тек өкінішке қарай, сол батыр­л­ардың тіршілігінде кім болғандығы, сүйегі кім екендігі ел жадынан өшкен. Арада көп уақыт өткен соң Күсеп ауылдық округіне қарасты тау етегіне, Қалақ батырдың жамбасы жерге тиген қорымға құлпытас орнатылды. Төбе басындағы еңселі құлпытас ел қорғаған ерлердің есімі ешқашан ұмы­тылмайтындығын меңзеп тұрғандай.      

 

Ақмола облысы,      

Зеренді ауданы