16 Маусым, 2013

Маңызы зор, мәні ерекше құжат

440 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Маңызы зор, мәні ерекше құжат

Сейсенбі, 5 ақпан 2013 7:32

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мем­ле­кеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауының еліміз үшін тарихи мәні де, маңызы да айрықша. Осы орайда айта кететін бір жәйт – еліміздің 2030 жылға дейін­­гі стратегиялық жоспары не­гізгі көрсеткіштері бойынша орын­далды. «Қазақстан-2030» Стратегиясында экономикалық даму басты бағыт болған еді. Нақты мәліметке сүйенсек, 1998 жылы жан басына шаққанда ІЖӨ 1500 доллар көлемінде болатын. Ал ол көрсеткіш 2012 жылы 12 мың долларға жетіп, 7 еседен астам өсті. Халықтың денсаулығы жақсарғандықтан, өмір сүру дең­гейі артты, бүгінгі таңда орташа өмір сүру ұзақтығы 70 жасты құрап отыр.

Сейсенбі, 5 ақпан 2013 7:32

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мем­ле­кеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауының еліміз үшін тарихи мәні де, маңызы да айрықша. Осы орайда айта кететін бір жәйт – еліміздің 2030 жылға дейін­­гі стратегиялық жоспары не­гізгі көрсеткіштері бойынша орын­далды. «Қазақстан-2030» Стратегиясында экономикалық даму басты бағыт болған еді. Нақты мәліметке сүйенсек, 1998 жылы жан басына шаққанда ІЖӨ 1500 доллар көлемінде болатын. Ал ол көрсеткіш 2012 жылы 12 мың долларға жетіп, 7 еседен астам өсті. Халықтың денсаулығы жақсарғандықтан, өмір сүру дең­гейі артты, бүгінгі таңда орташа өмір сүру ұзақтығы 70 жасты құрап отыр.

Елбасы өз халқын да, әлем жұрт­шылығын да жаңа идеяларымен таңқалдырумен келеді. Тәуелсіздік алған тұсымызда біздің ел болып қалыптасатынымызға күмәнмен қарағандар көп еді. Тіпті,кейбір сәуегейлер «Қазақстан өз ішінде іріткі туып, қиын жағдайда қалатын елдің бірі болады» дегендей болжамдар жасаған-тын. Оған бізде көптеген ұлт өкілдері тұратындығы алға тартылды. Алайда, Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің сарабдал саясатының, ерекше қажыр-қай­ра­тының арқасында елімізді Кеңес Одағы ыдырағаннан кейінгі қиын жағдайдан алып шықты. Ол жылдардың тарихи оқиғалары замандастарымыздың есінде.
Одан кейін Мемлекет басшысы аса көрегендікпен ел орталығын Алматыдан Ақмолаға көшіру идеясын ұсынып, барша жұртшылықты тағы да таңқалдырды. Бір қарағанда, бұл жуық арада іске аспайтындай көрінген өте күрделі бастама еді. Бұл төңіректе келісетін де, келіспейтін де сан қырлы сындар мен сан қырлы қыңыр әңгімелер айтылып жатты. Бірақ алған бетінен қайтпайтын, ұлы мақсат жолында өзіне де, өзгелерге де тыным бермейтін және әркімнен асқан жауапкершілікті талап ететін Президент кейбір қаңқу сөздерге құлақ аспастан, аса шапшаңдықпен істі алға жылжытып, ХХІ ғасырдың ең сәулетті Астанасын салуға қол жеткізді. Астана қазір тек ел орта­лығы ғана емес, жаһандық мәселелер бойынша әлемдік пікір алмасулардың алаңына айналды. Дүниежүзілік маңызы зор халықаралық самиттер мен кездесулер бәріміз мақтанышпен айтатын біздің Астанамызда абыроймен өтіп келе жатыр. Бұл үрдіс мұнан былай да жалғасын таба береді.
Біздің пайымдауымызша, мем­лекеттің дамуын айқындайтын жүзге жуық критерий бар. Бүгінгі таңда біз әлемнің алдыңғы қата­рын­дағы 51 мемлекетінің ішінде болсақ, ал кейбір көрсеткіштер бойынша 15-25-ші орында тұрмыз. Соның ішінде білім беру ісінде, әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша алға шық­тық. Кәсіпкерліктің дамуы үлкен серпіліске ие. Отандық кәсіпкерлік жаңа экономикалық бағыттың қозғаушы күші екені анық. Елбасы 2030 жылға қарай шағын және орта кәсіпкерліктің экономикадағы үлесі ең аз дегенде екі есе өсуге тиіс екенін қадап айтты. Халықаралық тәжірибедегі талдау көрсеткендей, кәсіпкерлердің палаталарға топтасуы – экономиканың тиімділігінің маңызды факторының бірі, осылай істеген елдерде «мықты бизнес – мықты мемлекет» қағидасы іс жүзіне асты.
Халықаралық беделімізді арт­тырған және бір үлкен жеңісіміз – ЭКСПО-2017. Бұл мемлекет да­муына және танымал болуына қуатты серпіліс беруі тиіс. 2017 жылы Астана ғылым мен техниканың үздік әлемдік жетіс­тіктерінің орталығына айналады. ЭКСПО көрмесі барлық аспектілер жағынан тиімді. 100-ден астам мемлекеттің өкілдері көрмеге өз өнімдерін әкеліп, миллиондаған адам астананың қадірлі қонағы болады деп күтілуде. ЭКСПО-2017-ні өткізудің нәтижесінде көп мәселелер шешімін табады. Әлем жұртшылығы «жасыл энер­гияның» жетістіктерін Астана ар­қылы көреді және көрменің кере­меттерін тамашалайды. Елбасы жаңа Жолдауында барлық дамыған елдер баламалы және «жасыл энергетикалық» технологияларға инвестицияны ұлғайта беретінін атап өтті. Жаңа энергия көзін пайдалану 2050 жылға қарай барлық тұтынылатын энергияның 50 пайызын құрайтынын мәлімдеді.
Бізде мүмкіндік мол. Табиғи ресурстар жеткілікті. Жел электр стансаларын орнатуға шамасы жететін, үнемі жел соғып тұратын өңірлерден де таршылық көрмейміз. Болашақта Күн энергиясын алатын стансалар да салынады. Ең бас­тысы, мұның бәрі экологиялық таза өндіріс орындарын көптеп ашуға толықтай жағдай жасайды. Осы орайда, жуырда ғана Елбасы Астанада «Astana Solar» ЖШС-нің фотоэлектрлі модульдерді өндіретін зауытында күн батареяларын шығаратын желіні іске қосты. Бұл–«Қазатомөнеркәсіп» ҰК» АҚ-тың еншілес кәсіпорны. Аталған жаңа зауытта 100 пайыз қазақстандық кремний негізінде күн батареялары шығарылмақ. Зауыт техника қауіпсіздігі және экологиялық нормалардың ең жоғары талаптарына сай келетін соңғы буындағы автоматтандырылған жабдықтармен қамтамасыз етілген. Зауыт өнімдері ішкі және сыртқы нарыққа шығарылады және сұра­нысты қанағаттандырады.
Жолдауда айтылған міндеттерге сай, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартудың бір саласы ретінде тұрғын үй кешенін жаңғырту бағ­дарламасын ерекше айтар едік. Бұл бағдарлама елордадан бас­тап, барлық өңірлерде қарқынды жүргізілуде. Айталық, Алматы облысында аталмыш бағдарлама сәтті іске асырылуда. Мәселен, Те­келі қаласында тұрғын үй кеше­нін жаңғырту бағдарламасы аяқталды деуге негіз бар. Қапшағай қаласында да көптеген жұмыстар өз жалғасын табуда.
Біздің елімізде үдемелі индус­триялық-инновациялық даму бағдарламасы қай салада болсын үлкен серпіліс туғызуда. Нақтылап айтқанда, ол халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруына, өңір­лер­дің дамуына, сондай-ақ ин­фра­құрылымды жаңғыртуға, адами ресурстарды дамытуға және институттық базаны нығайтуға негіз жасады. Қаржы секторының дамуы да елдің үдемелі ин­дустрия­лық-инновациялық дамуы үшін аталған саланың жан-жақты же­тілуіне жағдай жасап отыр.
Мәдени-рухани байлығымыздан да таршылық көрмейміз. Туризмді өркендету арқылы елдің ұлттық құндылықтарын әлемге паш етуге кең тыныс ашылады. Осы мақсатта көп жұмыстар атқарылды, алдағы кезеңде де жалғасын таба беретіні анық. Бұған, әсіресе, ЭКСПО-2017 үлкен рөл атқарады.
Елімізге қатысты тың деректерді тілге тиек етер болсақ, британдық бақылаушылардың бағалауынша, ХХІ ғасырдағы әлемнің 25 ең қарқынды дамыған экономикалық көрсеткіштері арасында Қазақстан Қытай мен Катардан кейін үшінші орынды иеленіп отыр. Сарап­шылар Қазақстан әлеуметтік-эко­номикалық жаңартудың өз моделін іске асырғанын және ол модельде Шығыс пен Батыстың басымдығы, ауқымды макроөңірлік кооперация мен жаһандық ынтымақтастыққа талпыныстың үйлесім тапқандығын ерекше атап өткен.
Жыл сайын Қазақстан эконо­микасының жылдық өсімі кемінде 4-5 пайызды құраса, экономикасы қарқынды дамып келе жатқан іргелес мемлекеттер – Қытай, Ре­сей, Индонозия, Үндістан, Ла­тын Америкасының елдерінен, соның ішінде Бразилиядан қалып қоймайтынымыз анық. Жалпы, соңғы жылдары экономика өсімі қарқыны бойынша Қазақстан Ре­сей, Украина және Беларусь ел­дерінің алдына шықты.
Елімізде бір шаңырақтың астында 140 этнос пен 17 конфессияның өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жа­тыр. Бұл – мемлекет ұстанған сая­саттың жемісі. 1995 жылы наурызда Елбасы бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы барша ұлт пен ұлысты бір шаңы­рақтың астына біріктіріп, біртұтас Қазақстан мемлекетіне айналдырды. Бүгінгі ұлан-ғайыр жетіс­тігімізге ұлтаралық татулығы мен дінаралық келісімі жарасқан көп ұлтты ел ретінде жетіп отырмыз. Осы орайда, ел Президенті Жол­дауда көп ұлтты Қазақстан саяси-экономикалық, тіпті спорт­тық жетістіктерге де бір команда ретінде жеткенін атап өтті.
Мемлекет басшысы сыртқы саясатқа да айрықша мән бе­ріп келеді. Еліміз жаһандық қауіпсіздікті сақтау жолында БҰҰ, ЕҚЫҰ, НАТО, ҰҚШҰ, ШЫҰ, АӨСШК және басқа да халықаралық беделді ұйымдармен бірлесе жұмыс істеуде. Елбасы өз сөзінде: «Біз жаһандық қауіпсіздікті нығайту ісінде маңызды рөл атқарамыз, халықаралық терроризмге, экстремизмге және есірткінің заңсыз айналымына қарсы күресте әлемдік қоғамдастықты қолдаймыз», деп елдің ұстанған бағытын ашық айтып өтті. Соңғы 2-3 жылда Қа­зақстан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына, Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына және Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына төрағалық етті. Қазақстан – жаңа ХХІ ғасырда ЕҚЫҰ Саммитін өткізген жалғыз мемлекет.
Жолдауда арнайы бағыттың бірі дәйекті және болжамды сыртқы саясат екендігі айтылды. Еліміз ұлттық қорғаныс моделін әзірлей отырып, түрлі елдермен және ұйымдармен ынтымақтастықта бола береді. Елбасының пайымдауынша, сыртқы саясатымызды теңдестіру – әлемдік істерде елеулі рөл атқаратын және Қазақстан үшін практикалық қызығушылық туғызатын барлық мемлекеттермен достық және болжамды қарым-қатынастарды дамыту.
Елдің ішкі және сыртқы мә­се­лелерін қамтитын және Мем­лекет басшысының саясатын алға бастыратын заңдарды қабыл­дау ісіне парламентшілердің қо­сатын үлесі мол екені анық. Қазақстан Парламенті көптеген шетел парламенттерімен ынты­мақтастықта жұмыс істеп келеді. Әсіресе, Парламент Мәжілісінің өзім мүшесі болып табылатын Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті еларалық байланыстарды дамытуға, мем­лекетаралық келісімдер мен хат­тамалардың заң жүзінде бекі­ті­луіне атсалысатын болады. Де­пу­таттар халықаралық маңызды мәселелердің заңдық қамтамасыз ету тұрғысынан көп істер атқарды. Қазақстанның әлемдегі беделін арттыру жолында парламентшілер де белсенді қызметін жалғастыра бермек.

Үсенгелді МЕДЕУОВ,
Парламент Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» ХДП фракциясының мүшесі.