Соңғы бес жылдың ішінде жалпы аумағы 2,9 млн. гектарға 1887 тексеру жүргізіліп, жер заңнамасын бұзудың 985 дерегі тіркелген. Тексеру нәтижелері бойынша жалдау шарттары бұзылып, 658,3 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылған.
Қараусыз қалдыру салдарынан дұрыс игерілмей отырған алқаптар әлі де жетерлік. Биыл 316 тексеру жүргізіліп, жартысына жуығында заңды белден басу әшкереленген. 5392 гектар ауыл шаруашылық жері бойынша келісім- шарттар күшін жойып, 10,6 мың гектары мемлекет меншігіне өткен. Қазіргі уақытта 3 шаруашылықтың 20 мың гектардан астам игерілмеген алқаптарын қайтару сотта қаралуда.
Жер инспекциясы басқармасының басшысы Бейбітбек Жайлыбаевтың айтуынша, аудандарда 107 тексеру жүргізіліп, 5 миллион теңге айыппұл салынған.
«Игерілмей бос жатқан жерлерді мемлекеттік қорға қайтару жұмыстары облыс орталығында да өз шешімін тауып келеді. Жалпы аумағы 2,5 гектар 10 учаске алынды. Тағы 20 жер телімін пайдаланушы өз еркімен қайтарды. «Шығыс Элион» ЖШС жер учаскесін 20 жылдан артық игермеген. Бұл орынға енді көпбейінді 500 орынды аурухана салынады. Облыс орталығында көптеген жерлер бос. Кәсіпкерлер ол учаскелерді бір-біріне сатып келген. Мақсатты пайдаланылмағандықтан бұл жерлер қайтарылады, ол аймақтарға сәулетті ғимараттар тұрғызызылып, жұмыс орындарын ашатын кәсіпкерлерге беріледі», дейді ол.
Басқарманың мәліметінше, соңғы 5 жылдың ішінде жер заңнамасы нормасын бұзушыларға 1024 нұсқама беріліп, жалпы сомасы 64 млн. теңгеге 621 әкімшілік жаза қолданылған. Жерді игермегендерге салық 10 есе ұлғайтылады. Бүгінгі күнге дейін 442,1 млн. теңге мөлшерінде салық салынса, оның 38,5 миллиондайы биылғы жылға тиесілі.
Солтүстік Қазақстан облысы