Әлем • 27 Тамыз, 2019

Италиядағы саяси дағдарыс шешілмей тұр

837 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Италия премьер-министрі Джузеппе Конте қызметінен кетті. Енді Аппенин түбегінің саяси тағдыры қалай өрбитіні талайды қызықтырып отыр. Бұған дейін көптеген текетіресті басынан өткізген Италияның бағыты жаңа сайланатын Үкімет басшысына тікелей байланысты.

Италиядағы саяси дағдарыс шешілмей тұр

Контенің күтпеген шешім қабыл­дағанын айта кеткен жөн. Бірнеше апта бұрын оңшыл «Лига» партиясының басшысы және Ішкі істер министрі Маттео Сальвини үкіметтің коалициясы жалғаспайтынын мәлімдеп, Кон­теге сенімсіздік білдіру туралы мәсе­ле қойған. Алайда  Джузеппе мырза жыл­дамдық танытып, қызметінен кетіп үл­герді.

Аппенин түбегіндегі саяси ахуалдың қалай өзгеретінін әзірге дөп басып айту қиын. Өйткені Италияда кезектен тыс сайлауды бірден өткізудің автоматтандырылған тәртібі жоқ. Яғни, осындай жағдайда негізгі шешімді ел президенті Серджо Маттарелла қабылдайды.

Елдегі саяси дағдарыс мынадан туындап отыр. Былтыр Италияда парламенттік сайлау өткені белгілі. Оның қорытындысы бойынша «Бес жұлдызды қозғалыс» партиясы – 32,66 пайыз, Демократиялық партия – 18,72 пайыз, «Лига» партиясы – 17,37 пайыз, Forza Italia 14,01 пайыз дауыс жинаған еді. Бірде-бір партия 40 пайыздық межені бағындырмағандықтан, коалиция құруға тура келген-ді.

Осылайша «Бес жұлдызды қозғалыс» пен «Лига» парламенттегі көпшілік орынды иеленген-тұғын. Сайлау қорытындысының бұлай аяқталуы Еуропаны алаңдатқан-ды. Өйткені, «Бес жұлдызды қозғалыс» популистік партия саналады. Мәселен, оның өкілдері парламенттік сайлауға дейін Еуропалық одақты сынап, Италияның ұлттық валютасын қайтару қажеттігін, халықтың әл-ауқаты, көші-қон саясатын күшейтудің маңызын жиі қозғайтын.

«Бес жұлдызды қозғалыстың» электораттар қолдауына ие болуының сыры да осында. Мәселен, соңғы 5 жылда Аппенин түбегіне Африка мен Таяу Шығыстан 600 мыңға жуық мигрант келген. Әрі елдегі экономикалық әлеуеттің күшеймеуі де қозғалыстың танымалдығына оң әсер етті.

Алайда партия билік тізгінін қолына алған соң, берген уәдесін орындауға асыққан жоқ. Италияның еуро аймақта болуы туралы әңгіме бертінге дейін шегеріліп келді. Заңсыз иммигранттар мәселесі толыққанды шешілмеді. Сондай-ақ партия өкілдері бірқатар үлкен жобаға, атап айтар болсақ, Франция мен Италия арасын жалғайтын жедел темір жол желісін салуға, теңіз жағалауларын бұрғылау жұмыстарына, елдің солтүстігіндегі жаңа автобан құрылысын жүргізуге қарсылық білдірді.

Өз кезегінде «Лиганың» басшысы әрі Ішкі істер министрі Маттео Сальвини заңсыз мигранттармен аяусыз күресіп келеді. Мәселен, Италия порттары Африкадан келген заңсыз мигранттарды қабылдаудан мүлдем бас тартып отыр. Бұдан бөлек, «Лига» ұлттық болмысты сақтап қалуды, халық санын арттыруды жиі көтереді.

Мұндай ұстаным қазіргі италия­лықтардың көзқарасына сай келіп тұрғанын мынадан байқауға болады. 2018 жылғы сайлауда «Бес жұлдызды қозғалыс» басым дауыс иеленген еді. Ал биылғы Еуропалық парламентке сайлау кезінде «Лига» оқ бойы озып шығып, 34 пайыз дауыс жинады. Бұған дейін М.Сальвинидің партиясы небәрі 6 орын иеленіп келген. Енді «Лига» 28 мүшесін Еуропалық парламентке ұсынады. Ал «Бес жұлдызды қозғалыстың» орны керісінше 14-ке дейін қысқарды.

Электораттар пікірінің бір жылда бұлай өзгеруі әлі де италиялықтар үшін заңсыз көші-қон мен елдің әл-ауқаты маңызды екенін көрсетеді. Мұны М.Сальвини жақсы түсініп отыр. Сондықтан Д.Контеге сенімсіздік білдіру мәселесін көтеріп, «Бес жұлдызды қозғалыспен» коалицияны бұзуға ниеті бар екенін байқатты.

Алда-жалда ел президенті С.Мат­тарелла кезектен тыс сайлау өткізуге шешім қабылдаса, Сальвинидің көктен сұрағаны жерден табылмақ. «Лига» партиясының қазіргі таңда халықтың қызу қолдауына ие екенін жоғарыда айттық. Ендеше, кезектен тыс сайлауда М.Сальвинидің партиясы басымдыққа ие болады деп айтсақ қателеспейміз. Ал бұл – премьер-министрдің креслосына апаратын тура жол.

Сарапшылар М.Сальвинидің үкімет тізгінін ұстауынан қауіптенеді. Politico сайтының пайымдауынша, Маттео мырза премьер атанған жағдайда, Италия Батыс Еуропадағы оңшылдар басқаратын алғашқы ел атанады. Сондай-ақ биліктегілер ресейшіл көзқарас ұстанып, Еуропалық одақтан шығу мәселесін, еуродан бас тартуды ұсынып қалуы да мүмкін.

Өз кезегінде Демократиялық партияның басшысы Никола Дзингаретти «Бес жұлдызды қозғалыспен» келісім жасауға әзір екенін мәлімдеді. Бұл үшін Никола мырза бес шарт ұсынып отыр – Еуропалық одақпен оң келісім, парламентте центристік көзқарас ұстану, экологиялық тұрақтылыққа негізделген экономикалық даму, миграцияға қатысты көзқарасты және экономикалық саясатты өзгерту.

Қалай дегенмен, ендігі мәселе – «Бес жұлдызды қозғалысқа» тіреліп тұр. Бұл партияның басшысы Ди Майо қазіргі қызметі – премьер-министрдің орынбасарлығынан кететіні айдан анық. Алда-жалда кезектен тыс сайлау өтсе, жеңіске «Лиганың» жететінін болжау оңай. Ендеше дәл қазір Италия үшін ғана емес, «Бес жұлдызды қозғалысқа» да тағдыршешті кезең болып тұр.