07 Ақпан, 2013

Су

499 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Су

Бейсенбі, 7 ақпан 2013 7:33

3. Қауіпсіздік қамындағы қарекет

Алдыңғы мақалаларымызда ащы да болса ақиқатты айтып, шөліркеген қазақ даласының суға деген сұранысының өлшемі өзгенің қолында екендігін біршама дәлелдеп бақтық.

Бейсенбі, 7 ақпан 2013 7:33

3. Қауіпсіздік қамындағы қарекет

Алдыңғы мақалаларымызда ащы да болса ақиқатты айтып, шөліркеген қазақ даласының суға деген сұранысының өлшемі өзгенің қолында екендігін біршама дәлелдеп бақтық. Батыстағы үлкен көршіміз Ресей де, Шығыстағы алып көршіміз Қытай да, «бауырлас ағайындарымыз» деп қаншалықты бауырымыз езілгенімен, Қырғызстан мен Өзбекстан да қазақтарға рахымы түсіп, өз жерінен бастау алатын трансшекаралық өзендердің арнасын түгелдей ашып жібере қоймайтынына көзіміз жетті. Сондықтан «Қазақстан – мұнайлы держава» деп бөркімізді аспанға ата бермей, ұрпақ несібесін де ойлайтын кез келді. Осы біз ертеңгі ұрпағымыздың тұщы суға деген сұранысын қалай өтемекпіз?

Кешегі кеңес заманындағы еншісі бө­лінбеген аға ұрпақ өкілдерінің басты үміті тұщы судың сарқылмас қоры – Сібір өзендерін бұру жобасында болатын. Одақтас республикалардың мүддесіне т­олық жауап беретін бұл ғасыр жобасының жоспары да жасалып қойған еді. Ресейдің Ханты-Манси қаласы маңынан басталатын бұл алып канал жоба бойынша Об өзе­нінен басталып, Ертісті бойлай, Торғай даласы арқылы Сыр өңіріне келеді. Одан әрі Жосалы елді мекенінің маңында Сыр­да­рияны кесіп өтіп, Өзбекстанға барады. Барлық одақтас республикалардың мүд­десін бірдей ойлайды дегенмен де, Кремль бұл жобаны қолға алудың мерзімін ке­шеуілдете берді. Оның негізгі себебі, Кеңес Одағының құрамындағы барлық рес­публикалардың мүддесі таразының бір басына қойылса, орыстардың мүддесі екін­ші басына қойылатын еді. Сондықтан Ресей үшін экономикалық та, экологиялық та шығын әкелетін бұл ғасыр жобасы қауашағында тұншықтырылды. Әрбір рес­публика өз еншісін алып, бөлектенген бүгінгі заманда, онсыз да ғасырға жуық уақыт сөз болып келе жатқан жобаның жүзеге асуы мүмкін бе? Әрине, жоқ. Тіпті, жүзеге асқан күннің өзінде тұщы су тауарға айналатын уақытта оның бағасы бүгінгі «қара алтынға» балайтын мұнайымыздың бағасын бес орап алатыны айдай ақиқат.
Бүгінде суды сырттан тасып ішіп отыр­ған елдер үшін оның бағасы біршама қол­жетімді дәрежеде. Мәселен, Сауд Арабиясы суды ұшақпен Жаңа Зеландиядан тасыса, Голландия мен Жапония елі Норвегиядан жеткізеді. Гонконг тұщы суды Қытайдан теңіз арқылы танкерлермен тасымалдайды. Бетін аулақ қылсын, әрине, күннің күндерінде Сібірден келетін тұщы суға тәуелді болып қалатын болсақ, «жұмыртқадан жүн қырыққан» батыстағы көршілеріміздің оның бағасын бұлдап бағатыны сөзсіз.
«Аспаннан құймақ жаумайтыны» және белгілі. Ендеше, біз су мәселесінде өзімізге ғана үміт артып, қазіргі күннен бастап қолда бар мүмкіндіктерді барынша тиімді пайдалануға тиіспіз. Бұл ретте мамандар трансшекаралық өзендерден келетін су тапшылығының салдарын төмендетудің бас­ты баламасы ретінде жаппай су үнемдеу технологиясын қолдану тәртібін ұсынады. Су үнемдеу технологиясының тиімді түрлерінің бірі ретінде өндірістік кәсіпорындарда жабық су айналымы жүйесін, ал ауыл шаруашылығында тамшылатып суару тәсілін кеңінен қолдануды жедел түрде тәжірибеге енгізу керек. Бірінші кезекте су тапшылығын реттеу үшін барлық суландыру каналдарын жабық жүйеге көшіру қажет.
Жұмыр жер бетінде тұщы су қорының барған сайын азая беретіндігін ғалымдар бірауыздан дәлелдеп берді. Тұщы су қоры мейлінше өлшеулі Қазақстанды тек жаппай су үнемдеу тәсілімен жарыта алмайтындығымыз да анық. Сондықтан, таяу уақытта жан-жақты ойластыра отырып, болашақтағы Қазақстанның су қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ғылыми тұрғыда негізделген, табиғи және технологиялық мүмкіндіктер толық ескерілген стратегиялық ұлттық бағдарлама қабылдануы керек. Бұл бағдарламада жеріміздің рельефтік өзгешеліктері, ауа райының ерекшеліктері толық ескерілуі тиіс. Мәселен, біздің жеріміздегі тұщы су қорының негізі биік таулардың басындағы мұздақтар мен трансшекаралық өзендерден басқа, Каспий, Арал теңіздерінің және Балқаш көлінің үстіңгі қабатындағы судың булануының нәтижесінде қалыптасатын атмосфералық жауын-шашын ылғалынан да құралатындығы белгілі. Мәселен, тек Каспий теңізінің әрбір шаршы метр аумағынан жыл сайын 460 литр су буланып, атмосферада жауын-шашын туғызатын бұлтқа айналады екен. Алайда, Каспий шельфіндегі Қашаған, Ақтоты, Қайран сияқты кен орындарын игере бастаған кезде теңіз суының үстіңгі қабатын 0,1 мм. қалыңдықтағы мұнай қабыршығы басып, судың булану мөлшері күрт төмендейтін көрінеді. Бұл өз кезегінде жауатын жаңбырдың көлемін күрт азайтады. Ендеше, Каспий теңізінен ашкөздене мұнай игеріп жатқан шетелдік трансшекаралық компаниялардан жоғалған осы тұщы су қорының өтеуін өндірудің жайын да ойлас­тыруымыз қажет.
Қазақстанды тұщы су тауқыметінен құтқаратын ең басты мүмкіндік жерасты су қорлары болуға тиіс. Қайран бабаларымыз қалдырған қазақ даласы қаншалықты кең болса, оның жерасты мүмкіндіктері де соншалықты зор. Қазіргі күнге дейін зерттеліп отырған жерасты суларының нақты қоры мол екендігін көрсетеді. Ғалымдардың пікірінше, бұл сулардың әр жылда пайдалануға болатын мөлшері 40 текше шақырымнан кем емес. Жерасты су көзінің артықшылығы, ол басқа елдердің аумағынан келмейді, негізінен республика аумағында қалыптасады. Сондықтан, бұл мол су қорын пайдалануда көрінгенге жалтақтап, тәуелді болмаймыз.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында: «Бізде елеулі қоры бар жерасты суларын өндіру мен үнемді пайдаланудың ең озық технологияларын енгізу қажет», деп атап көрсетті. Соңғы жылдары елімізде қазақстандықтарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында кешенді бағдарламалар қабылданып, мол қаржы бөлінгені белгілі. Бұдан бұрын қабылданған «Ауыз су» бағдарламасы аясында кеткен олқылықтардың орнын толтырып, республика тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесін түбегейлі шешу мақсатында 2011-2020 жылдарға арналған «Ақ бұлақ» атты жаңа бағдарлама қабылданды. Аталмыш бағдарлама аясында жерасты суларының әлеуетін барынша кеңінен пайдалану шаралары қарастырылған. Бұл ретте елді мекендерге жақын жерлерден шығатын жерасты суларына басымдық беріледі. Бағдарлама шеңберінде тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуде жерасты сулары шешуші рөл атқарады. Өйткені, бұл су көздері әрі таза, әрі ластанудан барынша қорғалған. Сондықтан жерасты суларын анықтауда геологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін 2018 жылға дейін жыл сайын 6,2 млрд. теңге қаржы бөлінетін болды. Бүгінгі күнге дейін жерас­ты су қоры анықталмаған 3206 ауылдық елді мекендер маңайынан жер асты су қорын іздеу үшін жылына 400 ауылдық елді мекеннің жанынан геологиялық зерттеу жұмыстары жүргізілетін болады. Бұл елді мекендерді жерасты суларымен қамтамасыз ету шаралары 2018 жылы аяқталуға тиіс. Сонымен бірге, 63 қаланың сумен жабдықтау жүйесін жақсарту мақсатында 194 жерасты су көздеріне толық зерттеу жұмыстары жүргізілмек.
Бүгінде Балқашқа құятын судың 80 пайызына жуығын қамтамасыз етіп отырған Іле өзенін бөгеу арқылы Қытай 3,5 текше ша­қырым суды өз аумағында қалдырып отыр. Алдағы уақытта қытайлар Іле өзе­нінің бойында жаңа су қоймаларын салу арқылы бұл өзеннен алынатын су көле­мін 5 текше шақырымнан асырмақ. Бұл Жеті­су­дың інжу-маржаны – Іле өзенінің соңғы тұяқ серпері, бағы тайған Балқаштың Арал теңізінің кебін киер кезеңі болып жүрмесін. Іле мен Балқашты құтқару мүмкіндігін қол­дан шығарып алғандаймыз. Енді Қара Ертісті құт­қарып қалудың әлі де үзілмей тұрған бо­лымсыз үміттерінен айырылып қалмасақ екен.
Қазір Қазақстанда Ақ Қаба және Қара Қаба өзендерінің арнасын бұру туралы жоба қарастырылып жатыр. Бұл екі өзен бастауын Қазақстан аумағындағы Катонқарағай ауданындағы тау сілемдерінен алып, Қытай жеріне қарай ағады. Жолда ол бірқатар шағын өзендерді қосып алып, Қытай аумағында Қара Ертіске келіп құяды. Қытай аумағындағы бөгеттерден кейін суы таязданып, арнасы кепкен Ертісті құтқарып қалу үшін осы Ақ Қаба және Қара Қаба өзендерін тау шатқалдарында каналдар арқылы шекарадан кері бұрып, Ертіске қосу жұмысы жоспарланған. Бұл жобаның құны – 1 миллиард доллар.
Сонымен бірге, қазақстандық ғалымдар Ертістің арнасын суға толтыру үшін Белокатунь ГЭС-інің жобасын ұсынуда. Бұл жоба бойынша бастауын Катонқарағай тау сілемдерінен алып, Катунь өзеніне келіп құятын Тихой өзенін Ресей шекарасы маңында бөгеп, ұзындығы 4 шақырымнан асатын туннель арқылы Бұқтырма өзеніне бұрып әкеліп, үлкен су қоймасын салу көзделінген. Жоба құны – 77 миллиард теңге. Экономикалық әлеуеті жылдан-жылға өсіп келе жатқан Қазақстан Республикасының бұл жобаларды қолға алуға қаржылық мүмкіндігі толық жетеді. Мамандардың айтуынша, бұл жобалар жүзеге асырылатын болса, Ертіс өзенінің арнасын Қазақстан аумағының өзінде ғана суға толтырып, қасиетті өзенді құрғап қалу қаупінен құтқару мүмкін болар еді.
Ғалымдардың пікірінше, соңғы уақытта суды өлшеусіз және қайтарымсыз мол пайдалану жерасты сулары деңгейінің төмендеп кетуіне әкеліп отыр. Жерасты суларының деңгейі соңғы уақытта жылына 1 метрге дейінгі жылдамдықпен төмендеп барады екен. Тағы бір айта кететін мәселе, жерасты сулары республикамыздың барлық өңірлерінде біркелкі таралмаған. Еліміздің оңтүстік және оңтүстік-шығыстағы тау­лы аудандарында жерасты сулары мол шоғырланған. Ал Маңғыстау, Үстірт жоталарында, еліміздің батыс және орталық өңірлеріндегі ойпат жерлерде жерасты тұщы суы тапшы. Ғалымдар Алтайдың таулы ормандарының қазіргі ахуалына байланысты дабыл көтеруде. Орман алқаптары жауын-шашын шақырып, жерасты суларын өздеріне тартады. Орманды өңірлерге көбірек шоғырланған жерасты сулары қайнар бұлақ көздері арқылы, жер үстіне шығады. Сондықтан жерасты суларының негізін қалайтын Алтайдың қалың жынысты таулы ормандарын көздің қарашығындай сақтау керек. Алайда, бүгінде бәрі керісінше болып отыр. Нақты деректерге сүйенсек, соңғы он жыл шамасында Шығыс Қазақстан облысының орман алқаптары 100 мың гектар аумаққа қысқарып кетті. Ағаш кесіп, ақша сауған бизнесменсымақтар жүздеген жылдық тарихы бар ормандарды бір сәтте опырып, жоқ қылады. Онсыз да орманнан ұятты Қазақстанда ағаш дайындау бизнесін толық тоқтататын уақыт жетті.
Қазақстанда суды пайдалану және үнемдеу тұрғысында озық технологияларды өмірге әкелу керек. Бұл ретте мемлекет тарапынан жан-жақты қаржылық қолдау көрсету арқылы ғылыми-зерттеу орталықтарын ашып, бұл көкейкесті мәселемен айналысатын жас ғалымдардың қатарын көбейту керек. Тұщы су тауқыметін жақын болашақта барынша сезінетін Қазақстан үшін жаңа технологиялық әдістер мен тың ғылыми ізденістер ашуға барынша мүмкіндік жасалуы тиіс. Суды тазартып, бірнеше рет қолдану әдісі Еуропада 1975 жылдан бастап қолданысқа енгізілген. Ал бізде бұл мәселе әлі де тәжірибе ретінде ғана қолданылып келеді. Су проблемасында елімізді трансшекаралық су көздеріне тәуелділіктен құтқаратын мүмкіндіктер бар, тек оларды дер кезінде ашуға жағдай жасап, мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, өндіріске енгізу қажет.


Мәселен, жерасты суларын зерттеп, пайдалану мақсатында ұзақ жылдардан бері ізденісті еңбек етіп жүрген академик Жұрымбек Сыдықов «Суландыру ісіне сауатты көзқарас қажет» атты мақаласында («Егемен Қазақстан», 29.01.2013) «Жылдың әр мезгілінде, әсіресе, көктемде қар еріп, жауын-шашын молаюы салдарынан су тасқыны болып, елді мекендердің шығынға ұшырауы жиі орын алатыны белгілі. Сол суларды жергілікті жер бедерінің ыңғайлы (ойыс) жерлерін пайдалана отырып жинау, тиісті жағдайлар жасау арқылы жер қойнауына сіңіру мөлшерін көбейтетін болсақ, қаншалықты қосымша су қоры пайда болар еді. Екінші жағынан, алыс­тан арнайы әкелінген таза ауыз суларды ірі елді мекендерде, қалаларда, өндіріс орындарында көлік құралдарын, машиналарын, басқа да көліктерді жууға, жаз айларында қорадағы бау-бақшаларды суаруға пайдалануды тоқтатсақ, үйге кіргізілген құбырлардың шүмегін дер кезінде жаппай, ағызып қоюды тоқтатар болсақ, қаншама су үнемделер еді», дейді.
Академик өте өзекті мәселе көтеріп отыр. Қалалардағы қаптаған көлік жуу орындарында далаға аққан суда есеп жоқ. Ең сұмдығы сол, бұл бизнес субъектілері көлік жууға өндіріс орындарында пайдаланылатын техникалық суды қолданбайды, кәдімгі көп қабатты үйлерге келіп тұрған, тазартылған ауыз суды пайдаланады.
Қазір Қазақстанның су қауіпсіздігі таразы басында тұр. Тұщы су стратегиялық ресурсқа айналған бүгінгі уақытта судың әр тамшысын есепке алу – мемлекеттік міндет. Ендеше, елінің еркіндігін, жерінің кеңдігін, ұрпақ болашағының баянды болуын ойлаған әрбір қазақстандық су үнемдеу мәселесіне осы тұрғыдан қарауы керек. Бүгінгі көздің қарашығындай сақталған бір литр су ертеңгі ұрпақ тәуелсіздігінің тұғыры екенін ұмытпайық.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».