14 Ақпан, 2013

Латын әліпбиі ауызбірлікті күшейтеді

444 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Латын әліпбиі ауызбірлікті күшейтеді

Бейсенбі, 14 ақпан 2013 7:29

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына арнаған «Қазақстан-2050» Стра­тегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауында қазақ әліпбиін латынға ауыстыру мәселесіне  тоқтала келіп: «Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл – ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе» деген болатын.

Бейсенбі, 14 ақпан 2013 7:29

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына арнаған «Қазақстан-2050» Стра­тегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауында қазақ әліпбиін латынға ауыстыру мәселесіне  тоқтала келіп: «Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл – ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе» деген болатын. Ал, жаңа жыл қарсаңында отандық жетекші телеарналар өкілдерімен кездесу кезінде: «Латын қарпі бізге дүние жүзінің халқымен, әлемнің ғылыми-білімімен қарым-қатынас үшін керек. Егер латын әліпбиін енгізуге ақылмен келе алсақ, біз компьютер тіліне көшеміз, балаларымызға және бізге экономикалық және ғылыми кеңістікке енуге оңайырақ болады. Бұдан қашып құтыла алмаймыз, бұл – келешектің талабы. Сондықтан, біз осыған ұмтылуға тиіспіз. Бірақ, бұл мақсатқа біз үлкен сарабдалдықпен, байыптылықпен келуіміз керек», – деп атап көрсетті.

Бірден айтып өтейін, Қазақ елі жарты ғасыр уақыт бойында мәжбүрлі түрде қолданылып келген кириллицаны қазақ тіліне икемдірек латын әліпбиіне  ауыстыруға байланысты Елбасының шешімін естігенде, өз басым оны аса зор қуаныш үстінде қарсы алдым. Мұндай тарихи шешімді көптен күтіп жүрген едім. Өйткені, бар­лық саналы ғұмырын қазақ тілі­нің өркендеуі мен дамуына арнаған тілтанушы ғалым, ғы­лым саласының қайраткері ретін­де мұндай шешімге келудің жауапкершілігі мен қиындығын басымнан өткердім және бұл мәселені бір адамдай жақсы білемін. Сондай-ақ, осы мәселені елімізде тұңғыш (1991 ж.) көтеруші тіл маманы ретінде де, әліпби проб­лемасына арналып өткен өзіміздегі және өзге елдердегі көптеген алқалы жиын, басқосуларға, ғылыми кон­ференцияларға қатыстым. Талай талқылауларда болдым. Соның ішінде, әсіресе, 1993 жылы Түркия мемлекетінің Сыртқы істер министр­лігі ұйыт­қы болып, ең ірі алты түркі мемлекетінің (Түр­кия, Өзбекстан, Қазақстан, Қырғызстан, Әзер­байжан және Түркіменстан) басын қосқан Анкарадағы әйгілі конференцияға қазақ делегация­сын бас­тап барып, барша түр­кі халықтарына ортақ бола алатын латын әліпбиінің жобасына қол қоюшылардың бірі ретінде де, бұл – мен үшін өте маңызды оқиға болып есептеледі.

Еске сала кетсек, бұрынғы КСРО кеңіс­ті­гінде тұрып жатқан 30-ға жуық түркі халық­тары үшін жазу, әліппе мәселесі 1926 жылдан бері дұрыс шешімін таба алмай талайларды тұйыққа тіреген күрделі де жауапты проблемалардың бірі еді. Әр кезде қолданыста болған (орхон, араб, латын, кирилл) жазулардың ішінен бүгінгі заман талабына сай, әрі қолайлы, әрі ортақ жазу сайлап алуға байланысты түркі халықтары арасында кейінгі кезде қайта өріс ала бастаған қоғамдық үрдістің барысын бағамдап қарасақ, жұртшылықтың ықылас-ниеті көбіне-көп латын әліпбиіне ауып отырғанын айқын көреміз. Мәселен, ТМД кеңістігін мекендейтін түркі халықтары ішінде әзербайжан, өзбек, түркімен, қырым татарлары мен гагауыздар латын жазуын қабылдап, қолданысқа енгізіп үлгерді. Ал, қырғыз, татар, башқұрт, қарашай, балқар, сақалар арасында бұл мәселе әлі де қызу талқылану үстінде екені бізге жақсы мәлім. Тек Қазақстан ғана барлық түркі елдерінде басталып кеткен осы бір қоғамдық үрдіске аса жауапкершілікпен, сарабдал салмақпен қарап, соңын күткендей сыңай танытып келген еді.

Шындығында, жазу-сызуға реформа жасау әр елде, әр заманда да болған. Әсіресе, қоғамның әлемдік өркениетке, бүкіл дүниежүзілік қауымдастыққа байыпты бетбұрыс жасаған өтпелі кезеңінде бұл мәселенің бірінші кезекке шығатыны тарихтан белгілі. Сондықтан, басқа түркі елдерінде басталып кеткен бұл қоғамдық үрдістен қазақтардың да сырт қалуы мүмкін емес болатын, өзге түркі халықтарының соңында болса да, ерте ме, кеш пе, әйтеуір, бір әліпби мәселесін шешетініміз сөзсіз еді. Өйткені, жазу-сызуға реформа жасау – еріккеннің ермегі емес, өмір талабы, болашағы жарқын өркениетті ел болудың алғышарттарының бірі. Ал, Елбасының 1991 жылы зиялы қауым көтерген бұл мәселені сол уақытта емес, дәл осы кезде назарға алуының себебі, қоғамдық-саяси факторларға байланыс­ты болса керек. Қазақстанның тұрақты даму жолына түсіп, «ғалымдар не дейді, жұртшылық қалай қарайды?» деп зиялы қауымның асықпай бір шешімге келуіне, өзара пікір таластыруға мүмкіндік берген сыңайлы. Қалай дегенде де, бұған «қазақ әліпбиін латынға көшіруді көп уақыт ұмыт қалдырып, оған әлдеқандай себептермен аяқ астынан қайта оралды» деп үстірт болжам жасауға болмайды. Бұл жәйт Елбасын үнемі мазалап, ойландырып жүргені байқалады.

Осы орайда айта кететін бір нәрсе – қазақ әліпбиін латын жазуына ауыстыру туралы әңгіме бүгін басталмағаны айқын. Өйткені, бұл мәселе Тәуелсіздік таңы атысымен-ақ, тіпті, одан да бұрын айтыла бастаған. Алғашқы дайындық кезеңі де осы уақытқа тиесілі. Өкінішке қарай, менің кейбір әріптестерім оны білмеген, елемеген сыңай танытады. Жақында газеттердің бірінен Түркі кеңесі Ыстамбұлда жиын өткізіп, онда түркі халықтарының латын әліпбиіне көшу мәселесін талқылағаны жайлы хабар оқыдым. Барлық түркі халықтарының өкілдері қатысқан осы жиынға Қазақстан атынан бір-екі ғалым барыпты. Мені қайран қалдырғаны бұл ғалымдар емес, әрине, «Олар түркі жұртына ортақ 34 таңбаның үлгісін алып келді» деген жолдар еді. Шын мәнінде, бұл мәселе тұңғыш рет 1993 жылы наурыздың 8-10-ы аралығында Анкарада өткен жоғарыда біз атаған конференцияда қаралып, бірнеше күнге созылған осы жиында мамандар ғылыми негізде жасалған, 34 әріптен тұратын латын әліпбиін қабылдаған-ды. Және «осы әліпби түркі халықтарының бәріне ортақ, оны әр ұлт өзінің тілдік ерекшеліктеріне орай қажетінше өзгерте алады» деген келісімге келгенбіз. Оған Қазақстан атынан өзім қол қойған едім. Естеріңізде болса, ол кезде түркі жұрттарының ішінде тек Түркия ғана латын жазуын қолданатын. Айтайын дегенім, Анкара конференциясында мақұлданып, қабылданған барлық түркі жұртына ортақ 34 әріптен тұратын латын әліпбиінің үлгісін сол 1993 жылы-ақ елге өзімізбен бірге әкеліп, газетке жариялаған болатынбыз. Артынша, ғылыми  негіздерге сүйене отырып әрі түркі халықтарына ортақ келісілген латын әліпбиінің жобасын басшылыққа алып, қазақ әліпбиінің үлгісін жасап, ғылыми ортаға ұсынған едік. Содан бері білуімізше, әліпбиге қатысты 100-ге тарта жобаның үлгісі әзірленіпті деп естиміз. Расында, қайран қаларлық жағдай. Тіпті, ерінбегеннің бәрі жоба жасағыш болып, «өнертапқыштық шығармашылықпен айналысып кеткен бе», деп ойлайсың. Айтпақшы, ескермеуге болмайтын тағы бір нәрсе бар. Сол жолы, яғни 1993 жылғы Анкара конференциясынан елге орала салысымен «Кемел елге кемел әліпби керек» деген тақырыппен Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың атына ашық хат жазып, ол «Ана тілі» газетінің 1993 жылғы 30 желтоқсанындағы (№52) санында басылымның үш бетіне жарияланған еді. Бұл бүкіл жұртшылыққа мәлім. Ашық хаттың соңында түркі жұртына ортақ әліпбидің 34 таңбадан тұратын жобасы қоса берілген. Бұдан шығатыны түркі жұртына ортақ әліпбидің үлгісі бұдан 20 жыл бұрын әкелініп, қалың жұртшылыққа белгілі болған. Ол қазір аяқ астынан белгілі болып отырған жайт емес. Бұл – бір.

Екіншіден, қазақ әліпбиіне байланысты біз әзірлеген үлгі сол Анкарадағы басқосуда қабылданған 34 таңбаның негізінде жасалған 27 әріптен тұрады. Онда қазақ тіліндегі 9 дауысты және 18 дауыссыз дыбыстың өрнегі бар. Мұнда ана тіліміздегі барлық ерекшеліктерді ескере отырып, осы 27 таңбалық дыбысқа сыйдыруға тырыстық. Мәселен, бір-біріне ұқсас «а» және «ә» дауысты дыбыстарын алайық. Түркі тілінде бұл дыбыстардың айырмашылығы аса байқалмайды. Қазақ тілінде әріптердің өзгешелігі бар және екеуі де дербес мағына беретін дыбыстар. Жобада «а» кәдімгі кириллицадағыдай «а» әрпінің өрнегінде берілсе, үстіне екі нүкте қойылған «а» әрпі «ә» болып  оқылады. Бұл тәсіл Еуропа елдері қолданып жүрген латын әліпбиінің көпшілігінде бар. Сол сияқты «о» мен «ө», «u (ұ)» мен «u» (ү)» дыбыстары туралы да осыны айтуға болады. Ал, «ы» және «і» дыбыс­тарына келсек, қазақ тілінде бұл дыбыстар өзгеше, мұндай ерекшелік қайсыбір түркі тілдерінде байқалмайды. Жобада «і» кирилл жазуындағыдай төбесіне нүкте қойылу арқылы берілсе, «ы» әрпі де «і» сияқты жасалады, бірақ төбесіне нүкте қойылмайды. Енді «қ» мен «к» дауыссыз дыбыстарын алайық. Кейбір ғалымдар бұл дыбыс­тарды бір фонеманың екі варианты ретінде қарастырады. Өйткені, «қ»-ны айтуға келгенде қазақ тілінде дыбыс­ты жеткізу барысында тіл арты, тіл ортасы, тіл алды айтылуы қолданылады. Түркілерде тіл арты айту варианты жоқ. Яки, олар «қ» дыбысын айта алмайды. Қырғыздар болса, «қ»-ны айтқанымен, жазғанда оның орнына «к»-ні қолданады. Сөйтіп, өкінішке қарай, «қ»-дан айырылып қалды. Мысалы, «қырғыз» деп ауызша айтқанмен, жазғанда «кыргыз» деп таңбалайды. Ал, біздің жобада «қ» әрпі «к» әрпіне ұқсайды, бірақ үстіне диакритика қою арқылы беріледі. Ендігі бір атап өтетін мәселе «ң» дыбысына байланысты. Түркі  халықтарының көпшілігінде бұл дыбыс мүлде жоқ. Мысалы, әзербайжандар «таң»-ды «тан» деп дыбыстайды. Ал, қазақ тілінде бұл дыбыс дұрыс айтылып, дұрыс жазылмаса, сөздің де, сөйлемнің де мағынасы мүлдем өзгеріп кетеді. Осы әріптің латын жазуында қолданылуының бірнеше варианты ұсынылып жүр. Біздің ұсынған жобада «ң» әрпі төбесіне ирек сызық қою арқылы жазылған. Мұнда ерекше назар аударатын бір нәрсе, Қазақстанда жұртшылық назарына біз жасаған жоба өзге үлгілерге қарағанда бұрынырақ ұсынылған. Оның үстіне көп уақыт талқылаулардан өтіп, бірқатар түзетулер де енгізілген. Осыдан біраз жыл бұрын «Қазақ ақпарат агенттігі» ұлттық компаниясы (агенттіктік қазақ бөлімі басшысы, қарымды қаламгер Жарылқап Бейсенбайұлы мырзаның бастамасымен) мемлекеттік тілде дайындаған өз ақпараттарын шетелдерде тұратын (мәлімет бойынша, қазақтар әлемнің 48 елінде тұрады) қазақ жұртшылығына арнап латын жазуымен таратуды қолға алған болатын. Бұл латын жазуының негізіне осы біз жасаған нұсқаның қалап алынуы да көп жәйтті аңғартса керек.

Әрине, бүгінде латын әліпбиіне көшудегі әріптерді таңбалау мәсе­лесі жөнінде республика жұртшы­лығының пікірі біркелкі емес. Тіпті, ақыры әліпби ауыстырады екенбіз, төл жазуымыз орхон әліп­биіне көшейік, төте жазуға (А.Байтұрсынұлы жасаған) қайта оралайық немесе латыншаға көшпей-ақ кириллицаның өзін неге реформалап, өзімізге ыңғайлы етіп жасап алмасқа деген ұсыныстардың да болғандығынан хабардармыз. Бұған менің уәжім мынадай: кирил­лицаның славян жазуы екені белгілі. Дегенмен, оны әлемдегі славян халықтарының бәрі бірдей қолдана бермейді. Бүгінгі күнде Еуропадағы  көптеген славян мемлекеттері іс-қағаздарын латын жазуымен жүр­гізеді. Осы тұста бір мәселе, славян текті халықтардың арасында рухани тұтастықтың да шамалы екенін естен шығармау керек. Қысқасы, кириллицаның да белгілі бір дәрежеде кемшілігі шаш-етектен. Бұл – мәселенің бір жағы.

Екіншіден, жоғарыда атаған жәйттерге қоса кириллица жыл алға озған сайын өзіне жүктелген міндеттерді тиісті дәрежеде атқа­ра алмауда. Қазіргі кезде Ре­сей ғалымдары арасында да жаһан­данумен байланысты бір кездері орыс әліпбиінің де латын қарпіне көшу ықтималдығы туралы сөз бола бастады.

Үшіншіден, бүгінгі түркі ха­лық­тары қолданып жүрген кирилл жазуында айырмашылықтар өте көп. Себебі, кезінде бұл жазудың біздерге тек қаріптік белгілері, таңбалануы ғана ұсынылды. Ал әр халық өзінің тілдік ерекшеліктеріне сәйкес кейбір әріптердің варианттарын өздері жасап алды. Соның нәтижесінде, дүние жүзінің түркі қауымдастығын былай қойғанда, бұрынғы КСРО-да жасайтын отыз шақты түркі халықтары мен ұлыстарының өзі басын біріктіре алмады. Керісінше, олар бірінің жазғанын екіншісі еркін оқып түсіне алмайтындай жағдайға келіп, жазу арқылы өзара жақындасудың орнына, жырақтай түсті. Сөйтіп, сыртқы күштердің о бас­та көз­де­ген түркілердің бастарын бірік­тірмеу жос­пары өз миссия­сын толығымен орындап шықты. Енді, орхонға немесе төте жазуға неге көшпейміз деген мәселеге келсек, тек қаріп ауыс­тыру, былайша айтқанда, бір таңбаның орнына екінші бір таңбаны алуда емес, қазақ жазуының әліпбиін өзгерту арқылы туған тіліміздің табиғи ерекшеліктерін (мәселен, дыбыс құрамын, буын жүйесін, риторикасын, орфография және орфо­эпия жүйесін сақтау) қажеттілігінде болып отыр. Сонымен бірге, жазу алмастыру тек тіл саясатымен байланысты шаруа ғана емес, экономика мен демографиялық жағдайға да, қоғамдық-әлеуметтік, рухани-мәдени мәселелерге де, тіпті, еліміздің демократиялық үрдісіне де қажеті зор мәселе. Ай­талық, басқа туыстас түркі халық­тары латын жазуына көшіп жатқанда, қазақтардың олардан бөлектеніп орхон немесе төте жазумен жалғыз қалып қоюы – бүкіл түркі қауымдастығынан, олардың рухани-мәдени өмірінен қол үзіп, оқшаулануымен бірдей болып шығады. Сондықтан, бізге орхонға көшейік, төте жазуға оралайық деген ешкімге қажеті жоқ ұсыныстар төңірегінде пікір-таласты қайта қоздатып, өрбіткеннен гөрі, Елбасы айтқандай, латыншаға көшудің барлық мүмкіндіктерін қарастырып, кешеуілдетпей бір тоқтамға келетін уақыт болды деп есептейміз. Қазақ елі таңдаудан да, талғаудан да өткен сияқты. Енді, тек латын әліпбиіне уақыт ұттырмай көшу жөнінде, яғни латыншаға қалай өтеміз, қандай үлгі-жобаларға басымдық берілуі керек деген мәселелерді ауызбірлікте жүзеге асырсақ, үлкен абырой болар еді.

Әбдуали ҚАЙДАРОВ,

Қазақстан Республикасы Ұлттық

ғылым академиясының академигі.