Қоғам • 28 Тамыз, 2019

Депутаттар жұртшылықпен жүздесті

247 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Парламент Сенатының депутаты Владимир Волков Алматы облысы Қарасай ауданында болды. Тұрғындармен жүздесу барысында өнеркәсіпті, спортты дамытуға, коммуналдық сала мен тұрғын үй құрылысына қатысты мәселелер көтерілді. Сенатор Ұмтыл ауылдық округінің әкімімен, коммуналдық қызмет басшылары және өкіл­дерімен кездесу өткізіп, елді мекен­дерді сумен қамтамасыз ету, электр қуатын толассыз беру, жолды жөндеу және жарықтандыру мәселелеріне байланысты Көлді ауылы тұрғындарының ұжымдық өтініштерін қарады.

Депутаттар жұртшылықпен жүздесті

Кездесуде депутат В.Волков Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев қойған 10 басты міндетті іске асыру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы айтып, азаматтардың табысын арттыру, тұрғын үй саясаты және аймақтарды кешенді дамытуға қатысты мәселелерге кеңінен тоқталды.

Сенатор Елтай ауылдық округіндегі Көкөзек ауылында 2006 жылы ашыл­ған былғары шығаратын «Almaty Tannery» ЖШС зауытында болды.  Кәсіп­орын ірі қара малдан қуаттылығы жылына 2500 тонна  шикізат өндіріп отыр. 2018 жылы өнеркәсіп өнімі 199,9 млн теңгені құрап, 75 жұмыс орны ашылды. Кездесу барысында сапалы шикізаттың жетіспеуі мен отандық былғары өндірушілердің жағдайы сөз бол­ды.

* * *

Ал Парламент Мәжілісінің депутаты Нұрлан Дулатбеков Маңғыстау өлкесіне жұмыс сапарымен келді. Мәжіліс депутаты бірқатар нысанды аралауды бастап кетті. Бүгін халық қалаулысы «МАЭК-Қазатомпром» ЖШС-да болып, ұжыммен кездесті. Алдымен мекеменің мұражайына бас сұғып, кәсіпорынның тарихымен танысты. Одан әрі ЖЭО-1
жұмысымен танысты. Кәсіпорын Ақтау қаласы мен жақын маңдағы ауылдардың тұрғындарын, сондай-ақ өңірдің өнеркәсіптік кәсіпорындарын ауызсумен және шаруашылық сумен, жылумен және электр энергиясымен қамтамасыз етеді. Бүгінде мекемеде төрт мыңға жуық маман жұмыс істейді. Қазіргі уақытта комбинат 600 Мвт-дан астам электр қуатымен жұмыс істеу және тәулігіне 60 мың текше метрден астам дистиллят шығару мүмкіндігі бар. Халық қалаулысы әлеуметтік қамсыздандыру саласына баса назар аударып, азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға ерекше мән беріліп келе жатқандығын алға тартты. Бірқатар өзекті әлеуметтік мәселелер көтеріліп, айтылған барлық ұсыныс-пікір Мәжіліс депутаты назарына алынды. Одан әрі Мәжіліс депутаты Ш. Есенов атын­дағы университеттің ұжымымен кез­деседі. Одан әрі аудандарға барып, тұр­ғындарды жеке қабылдау жоспарда бар.

* * *

Сондай-ақ Мәжіліс депутаты Nur Otan партиясы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңес төрағасы Омархан Өксікбаев Алматы облысының Ескелді ауылында азаматтарды қабылдады.

Қабылдауға келген азаматтар депутаттан тұрғын үй  құжаттарын реттеу, тұрақты жұмыспен қамту және басқа да өздерін толғандырған көптеген мәселені көтерді. 

– Партиялықтар кез келген уақытта тұрғындардың тілегіне ерекше назар аударып, сұрақтарына жылдам жауап беруге әзір болуы тиіс. Қазір біз цифрлы заманда өмір сүреміз. Өтініштер онлайн тіркеледі. Қоғамдық қабылдау бөлмелерінің де жұмысын барынша оңтайландырып, азаматтардың өтініштерін шұғыл шешуге күш салсақ, жұмысымыз жемісті болады. Алдыма келген азаматтардың әр сұрағына ден қойып, қолымда бар мүмкіндікті аянбастан ұсындым, – деді Омархан Нұртайұлы.

Жалпы, Ескелді аудандық филиа­лының қабылдау бөлмесіне жыл басынан бері 177 өтініш келіп түссе, олардың 60-ы оң шешімін тапқан. 4 мыңнан астам партия мүшесі, 13 бастауыш партия ұйымы бар. Партиялық бақылау қызметі мен жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі аудандық кеңес жыл басынан оннан астам отырыс өткізіп, мемлекеттік мекемелерге 17 ұсыныс берген.