Қоғам • 28 Тамыз, 2019

Құрымның құны қалмады

554 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Тоғыз қабат торқадан тоқтышақтың те­рісі артық» деген ескілерден қалған сөз бар. Сол ескілерден қалған сөз ескірейін деді ме... Әйтеуір қазір малдың еті мен сүт-майы қымбаттаса да, терісі ешкімге керек­сіз болып, әр жерде шіріп жатады.

 

Құрымның құны қалмады

Белгілі журналист Бауыржан Омардың бір қаламгер әріптесін: «Миы оның ми емес, Мем­лекеттік мұрағат», деп суреттейтіні бар. Тұла бойы тұнған факті, тұнған цифр – Камал Смайыловты оқысаң, Бауыржан Омаров­тың осы екі жолы еске түседі. Сол қай­рат­кер Камал Смайылов тоқсаныншы жыл­дары елі­мізде мал басы құлдырап кетке­нін айтып, да­был қаққан-ды.

– Ауылдағы, алыс аудандардағы қазақтар­дың басты жұмысы да, тұрмысы да қойға байланысты. Қойсыз өмір жоқ. Амал қанша, соңғы жылдары ірі шаруашылықтар ыдырап, орнына құрылған ұсақ шаруалар малға ие бола алмай, тұрмыс тауқыметіне шыдамай, қолындағы бар малды сойып, сатып жіберді. Сөйтіп төрт жыл ішінде бұрынғы 36 миллион қойдан 12 миллион ғана қалды. Сонша қолда тұрған қазынадан обал, – дейді ол.

Шынында, тоқсаныншы жылдары күй­зел­ген халық қолындағы малын болмашы ақшаға, тұрмыстық қажеттіліктерге айырбастап жібергені белгілі. Басы бүтін мал су тегінге кетіп жатқан кезде оның терісі тиын-тебенге бағаланып, тіпті іске жарамай әр жерде шіріп қалған-ды.

Тоқсаныншы жылдармен салыстырғанда тұрмыс біршама жақсарып қалды қазір. Малдың қадірін жұрт жақсы біледі. Еттің бағасы аспандап тұр. Құрт-ірімшік, шұбат-қымыз да сұранысқа ие. Тек терісі ғана керексіз. Бұрын елді мекендерде, күре жолдардың бо­йында тері қабылдайтын нысандар болатын. Кейінгі кезде оны да көр­мейтін болдық. Неге?

Себебі биылғы жылдың басында Ин­дус­трия және инфрақұрылымдық даму министрлігі тері экспортына шектеу қойды. Ондағы мақсат – отандық тері өңдеуші, тері өнімдерін шығарушы кәсіпорындарды қолдау деп түсіндірді министрлік. Шынында былтыр Семей тері-былғары комбинаты, Алматы былғары зауыты, Тараздағы «Тараз тері аяқ киім» ЖШС Ауыл шаруашы­лығы министрлігіне, Индустрия және ин­фра­құрылымдық даму министрлігіне және «Атамекен» ҰКП-ға шағым түсіріпті. Себебі шикізаттың бәрі шетелге экспортталып, отандық кәсіпорындар тарығып қалған көрі­неді. Оның үстіне, шетелге иленген құрым шығарсақ, оның құны отандық жартылай фабрикаттардан 14 есе қымбат болады екен. Соның бәрін қорыта келіп, тері экспорттауға кезекті мәрте мораторий жариялады.

Алайда тыйым салу отандық тері-был­ғары кәсіпорындарының жұмысын жандан­дырғаны туралы ақпараттар жария­ланғанымен, мәселенің керісінше жағы да қылаң берді. Кәсіпорындардың өздері еліміз­дегі сойылған малдардың терісін қабылдауға қауқарсыз болып шықты. Олар біріншіден, халыққа өткізген терісі үшін шетелдіктер сияқ­ты дені дұрыс баға ұсына алмады. Екіншіден, әр өңірде тері қабылдайтын орын ашу ісі де жеткілікті деңгейде жолға қойылмады. Қытайдың зауыттары кесілген, тесіл­ген терілерді жеңіл-желпі кемшілігіне қарамай қабылдай беретін болса, біздің кәсіпорындар оған да қатал қарайды екен. Қысқасы, ақпан айында жарияланған мораторийден кейін көп ұзамай терінің бағасы әлде­неше есе арзандап кетті. Мәселен, бұрын сиыр терісі 5-8 мың теңгеге сатылса, қазір – 500-600 теңге. Мораторийге дейін қолындағы бар ақшасына тонналап тері сатып алған кейбір кәсіпкер­лер оны өткізетін жер таба алмай банкрот болды.

Таяуда Құрбан айт мерекесінде тоннала­ған терінің қалай тапталып, қан-жынмен бірге қазылған құдыққа лақтырып тасталғанын көзіміз көрді. Құрбанға шалынған малдың терісіне дейін кәдеге жаратылуы керек деген талап жайына қалды. Иленіп, дайын бұйымға ай­налғанда ондаған мың теңгеге аспандап кететін шикізаттың керексіз болып шіріп қалғанына қынжылған жандар әлеуметтік желіде суретін салып, себебін сұрап жатқан еді. Себебін жоғарыда айта алдық деген ойдамыз.

Сөз басында Камал Смайыловтың мал басы азайып кеткеніне дабыл қаққанын айтып едік. Құдайға шүкір, қазір жыл санап төрт түлік те, шошқа саны да, тауық, қаз-үйрек сияқты құстың саны да көбейіп келеді. Статис­тикаға сенсек, Зеңгі баба тұқымының саны қазір 8 миллион 200 мыңнан асады. Қой-ешкінің саны наурыз айындағы есеп бойынша 19 миллион 500 мыңға жуықтапты. Біз былғары жасауға ең көп қолданылатын сиыр мен қойдың санын ғана айтып отырмыз. Былғарының бағасын білген бабаларымыз «Күдеріден бау тағып, кіреуке киер күн қайда», «Аяғыма кигенім былғары етік...» деп ән-жырға қосса, қазір ен байлық босқа шіріп жатыр. Камал Смайылов айтпақшы, «Сонша қолда тұрған қазынадан обал...».