Президенттің экология мәселесіне айрықша көңіл бөліп жүргенін оның twitter аккаунтын шолып шыққан адам бірден байқайды. Қасым-Жомарт Кемелұлы Марқакөлдегі заңсыздықтарды тыю үшін құқық қорғау органдарына тапсырма бергенін 29 шілде күні twitter-де жазған болатын. Арада жарты айдан астам уақыт өткенде полицейлер браконьерлерді қолға түсірді. Операция кезінде браконьерлерден 90 литр уылдырық, мыңнан астам майқан балығы, 3 млн 800 мың теңге қолма-қол ақша, балық аулайтын торлар, байланыс құралдары мен тапанша тәркіленген. Полицейлер Марқакөлден бір тоннадан астам майқан балығы заңсыз ауланғанын алға тартты. Сонымен бірге ІІМ таратқан ақпаратта «Бұрын тоқтатылған 4 қылмыстық іс өндірісі қайта жаңғыртылды, осы істер бойынша 22 млн теңгеден астам қаржыны құрайтын 4 тонна майқан (ускуч) балығы алынды. Қазіргі уақытта тиісті сараптамалар тағайындалды. Соның негізінде табиғи қорықтың қоршаған ортасына келтірілген экологиялық залал анықталтын болады. Сондай-ақ ІІМ аталған аймақтың браконьерлікпен байланысты проблемалық мәселелерін қарастыруда» делінген. Әрине, қоршаған ортаға зиян тигізіп жүрген қылмыскерлердің ұсталғаны бізді де қуантады. Дегенмен, ресми ақпараттағы «бұрын тоқтатылған 4 қылмыстық іс өндіріспен қайта жаңғыртылды» деген сөйлемнің ойландырған жайы бар. Яғни, бұл ақпараттың астарына үңілсек, Марқакөл маңайында браконьерлер бұдан бұрын да қолға түскені байқалады. Бірақ қылмыстық іс тоқтатылған. Тек Президент айрықша назар аударған соң ғана құқық қорғаушылар қайта іске кіріскен сыңайлы.
Браконьердің иесі бар...
«Иттің иесі болса, бөрінің тәңірісі бар» деуші едік, қазір браконьердің сүйенетін иесі бар екені жиі байқалады. Әйтпесе, Марқакөлдегі заңсыздыққа қатысты бұрын қозғалған 4 қылмыстық іс тоқтатылмас еді. Жыл басында Бас прокуратура жан-жануарларды қырып-жоюға құқық қорғау органдары мен жануарлар әлемін қорғау инспекциясы өкілдерінің де қатысы болатынын мәлімдеген-ді. 2019 жылдың қаңтарында Атырау және Маңғыстау облыстарында балық инспекциясы мен полицияның «қамқорлығының» арқасында емін-еркін қылмыс жасап жүрген топ ұсталған. Одан бөлек былтыр 25 желтоқсанда Қарағанды облысында полиция капитанының қорасынан атылған 12 киік табылды. Табиғат қорғаушылар әлгі азамат заңсыз аң аулаған деп күдіктеген-ді. Өйткені біздің елде киік аулауға рұқсат жоқ. Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ерлан Нысанбаев тура қазіргідей қызметті Ауыл шаруашылығы министрлігінде атқарып жүрген кезінде браконьерлікке кейде табиғат және құқық қорғау салалары қызметкерлерінің де қатысы болатынын айтқан. «2014-2018 жылдары құқық қорғау саласы қызметкерлері мен орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне қарасты инспекторлардың қатысы бар 15 браконьерлік дерек тіркелді» деген еді былтыр қыста вице-министр. Мәселен, 2017 жылдың желтоқсанында «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК-ның Ырғыз-Торғай резерватының инспекторы ұсталған. Оның көлігінен киіктің 8 мүйізі, аңшы мылтығы мен оқ-дәрі табылған. Ал біз сөз басында айтқан Марқакөлдегі операция кезінде көлдің аты берілген қорық қызметкерлерінің де браконьерлікке қатысы бар екені анықталыпты. Бұл деректердің өзі табиғат қорғау инспекторларының арасында да ала жіпті аттайтындар кездесетінін көрсетеді. Демек, браконьерлік бір жақты қарайтын қылмыс болмай тұр. Біздің пайымдауымызша, браконьерлердің құқық қорғау органдары мен сотта сыбайластары аз емес сияқты. Өйткені кейбір оқиғалар осындай тұжырым жасауға итермелейді. Әрі қалың бұқара да сондай пікірде. Тіпті мұндай сыбайластықтың кесірінен кейде заңсыз аң аулағандар емес, табиғат қорғау инспекторлары мен қорықшылардың өздері істі болатыны бар. Мысалы, 2017 жылы Түркістан облысы Арыс аудандық соты табиғат қорғау инспекторы Руслан Загировты Қылмыстық кодекстің 362-бабы бойынша соттап, үш жыл бойы қоршаған ортаны қорғау саласында жұмыс істеуге тыйым салды. Себебі инспектор қызмет бабын асыра пайдаланған-мыс. Іс жүзінде табиғат қорғау инспекторы Сырдария өзенінде электр тоғын пайдалана отырып, балық аулап жүрген екі адамды байқап қалған. Сөйтіп үрлемелі қайықпен заң бұзушылардың ізіне түседі, олар өз қайықтарымен мұның қайығын бірнеше рет сүзген. Инспектор браконьерлерге ескерту үшін алдымен аспанға, содан соң суға оқ атыпты. Ал заң бұзушылар мұның өзіне қарсы оқ атқан. Оқиға шиеленісіп кеткендіктен, инспектор өзеннің қарсы жағалауына жүзіп кетуге мәжбүр болады. Кейін әлгі екеу «инспектор бізді жаралады» деп шағым жасаса керек, ауруханаға да барған. Жараланғаны туралы құжаттар да алыпты. Сөйтіп соңында табиғат қорғау инспекторы айыпты болып шыға келді. Яғни, бұл істе соттың әділдігіне күмән туған жайы бар.
Жалпы, браконьерлікке қатысты сот отырыстары мен сараптамаларда тәртіп бұзушылардың «иелері» бар екені жиі байқалады. Мәселен, 2012 жылдың қазан айында «Охотзоопром» мекемесінің Алматы облысындағы Шарын ұлттық паркі инспекторлары қарақұйрық атып алған екі азаматты ұстаған. Бұл оқиғаға байланысты Алматы облысы Ұйғыр ауданы ішкі істер бөлімі іс қозғады. Алғашқы сараптама аңшылардан тәркіленген еттің қарақұйрықтікі екенін көрсеткен. Бірақ аңның қанына жасалған «сараптама» бұл жануарды кәдімгі ит деп көрсеткен. Сөйтіп жарты жылдан кейін іс жабылды. Тағы бірде браконьерлерден тәркіленген арқардың етін сарапшылар қойдікі деп көрсеткен. Енді бірде сараптама жасаушылар киіктің 38 мүйізін, яғни заттай айғақты «жоғалтып» алыпты. Қысқасы, браконьерлікпен күрес тым күрделі болып тұр. Кейде табиғат қорғау инспекторы аяғын шалыс басады, полиция аң аулауға шығады, сот әділ болмайды, тағы бірде заңның осалдығы опық жегізеді. Айтпақшы, заң демекші жуырда бірқатар заңдарға табиғат қорғау мәселелеріне қатысты өзгерістер мен түзетулер енгізілуі мүмкін. Бәлкім, браконьерлерге тосқауыл сол өзгерістерден соң тегеурінді болатын шығар. Әйтпесе, біз 500-ден астам киіктің 1021 мүйізін «қағып» алған браконьер үшін небәрі
1 жыл 6 ай түрмеде отыру жазасын кескен сотты да естігенбіз. Оқиға 2015 жылы Қарағанды облысының Абай ауданында болып еді.
Аң атып, өсімдік сатып күн көрмек пе?
Кейбір деректерге қарағанда 2016-2018 жылдары сирек кездесетін һәм тұқымы құрып бара жатқан жануарларды аулаудан еліміз 3,6 млрд теңге зиян шегіпті. Браконьерлер бекіре, ақбөкен, қарақұйрық тәрізді жануарлар мен балықтарды аулауға құмар келеді. Мәселен, 2018 жылы браконьерлерден 8 мың кило бекіре тұқымдас балық тәркіленген. Былтыр тәркіленген қара уылдырық көлемі – 11,4 кило еді. Биыл «Бекіре-2019» шарасы кезінде 981 кило бекіре тұқымдас балық пен 3,2 кило қара уылдырық тәркіленді. Ал ұсталмаған ұрылар қаншама?! Біз тек бекіре тұқымдас балықтарға қатысты деректі келтірдік. Браконьерлердің Қызыл кітапқа енген өзге жануарлар мен өсімдіктерге де қырғидай тиіп жүргенін ескерсек, қоршаған орта мен мемлекет шегіп жатқан зиян көлемі ондаған есе артып кетеді. Мәселен, былтыр бір ғана Батыс Қазақстан облысында браконьерлерден киіктің 616 денесі мен 955 мүйізі, 25 мылтық, 1025 оқ, 18 пышақ пен
19 ара тәркіленген. Оған 14 көлік, 3 моторлы қар шаңғысы мен квадроциклді қосыңыз. Тек Батыс Қазақстан облысында браконьерлер мемлекетке 1,1 млрд теңгенің шығынын келтіріпті. Бас прокуратураның деректеріне қарағанда, 2017-2018 жылдары елімізде браконьерлер шамамен 3 мыңдай киікті атып тастаған.
Әдетте браконьер дегенде көбіне заңсыз аң аулаушылар ойға оралатыны бар. Бірақ өсімдік дүниесіне де зор зиян келтіретіндер аз емес. Биыл Шығыс Қазақстан обылсы Зайсан ауданы Кеңсай ауылдық округіне қарасты Көктомар деген жерде сәуірде 30 қап, шілдеде 42 қап «Қызғылт семізот» өсімдігін жинаған азаматтар ұсталды. Қызыл кітапқа енген өсімдікті шілдеде жинаған 14 адамның екеуі – бала. Сәуірде Алматы облысының Ұйғыр ауданы «Адал» аңшылық шаруашылығы аумағында бір азамат Қызыл кітапқа енген «Шоғыршық секпілгүл» деген өсімдік тамырының 2 килосын жинап алған. Тізе берсек, мұндай дерек көп. Оның үстіне біз өсімдіктер мен қандай да бір жануарға қатысты қауесет шықса, оның анық-қанығын зерттеместен шөп теріп, аң аулап кетуге әуестеу жұртпыз. Бәлкім әлеуметтік жағдайдың тым жақсы болмауы да қосымша һәм оңай жолмен табыс табуға итермелейтін шығар. Былтыр әлеуметтік желіде «жарқанаттың ұясы 50 мың доллар тұрады екен» деген қауесет тараған. Сол кезде түстіктегі біраз аймақ тұрғындарының арасында жарқанаттың ұясын іздеп сай-саланы кезіп кеткендер де болып еді. Іс жүзінде жарқанаттың құс емес екенін, оның ұя салмайтынын ешкім ескерген жоқ. Ал биылғы қаңтарда Қызылорда облысының бір тұрғыны бір түнде 94 қоянды атып алғаны анықталды. Сол сияқты мияның тамырын жинағандар да кездескен. 2015 жылы Жамбыл облысының Мойынқұм ауданында адамдар 10 тонна мия тамырын жинағаны, сөйтіп мемлекетке
6 млн теңге зиян келтіргені анықталды. Әрине, мия Қызыл кітапқа енген жоқ. Алайда, өсімдікті тамырымен қопару оның құрып кетуіне апарып соғатынын білсек керек еді. Миядан бөлек сексеуілді де отап тастайтындар кездеседі. Демек, қоршаған ортаны қорғау ісі өсімдік пен жануардың Қызыл кітапқа кірген, кірмегеніне қатысты болмауы тиіс. Ал арнайы қорғауға алынған флора мен фаунаға зиян келтірудің жауапкершілігі тіптен күшейгені абзал. Онсыз браконьерлікті жою немесе азайту мүмкін болмайды.
Бас прокуратураның құқықтық статистика комитетінің деректеріне қарағанда биылғы алты айда қоршаған ортаны қорғауға бағытталған заң талаптарын бұзып, қылмыстық іс ретінде бағаланған 1092 оқиға тіркелген. Соның ішінде 203 іс заңсыз аң мен балық аулаға, 576 іс заңсыз ағаш кесу мен өсімдік дүниесіне зиян келтіруге қатысты қаралыпты. Бұл оқиғалардың қылмыстық іс ретінде тіркелгенін, әкімшілік жауапкершілікке тартылғандардың осы тізімге енбегенін ескерсек, қоршаған ортаға қаншалықты немқұрайлы қарап жүргенімізді бағамдау қиын емес. Бір сөзбен айтқанда бабалардан жеткен обал ұғымын санадан өшіріп бара жатырмыз. Әйтпесе, «бұрынғының аңшылары аң-құсты қынадай қырмайтын» деуші еді үлкендер.
Қорықшыға да қол көтеретіндер бар
Жыл басынан бері елімізде табиғат қорғаушы екі инспектордың қарақшылар қолынан мерт болғаны жұрттың есінен кеткен жоқ. Қаңтарда Қарағанды облысында Ерлан Нұрғалиев, шілдеде Ақмола жерінде Қаныш Нұртазинов браконьерлер қолынан қаза тапты. Тағы екі азаматымыз жараланды. Бұл жағдай браконьерлермен күрестің біз білмейтін қырлары көп екенін көрсетеді. «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК инспекторларына қоқан-лоққы жасау, соққыға жығу деректері аз тіркелмеген. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет биылғы сәуірде Шығыс Қазақстан облысында 10 браконьердің екі инспекторға шабуыл жасағанын жазды. Тассай ауылының тұрғындары 23 сәуірде табиғат қорғау инспекторларының қайықтарын аударып, өздерін сабап тастауға ұмтылған. Ал біз сөз басында инспектор Руслан Загировтың басынан өткен оқиғада браконьерлердің оған мылтық атқанын айтқан едік. Мұндай мысалдар аз емес. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің деректеріне қарағанда, 2015-2019 жылдар аралығында браконьерлер 10 мәрте инспекторларды соққыға жығып, өмірлеріне қауіп төндірген оқиға тіркелді. Осы оқиғалардың екеуінде ғана ұсталған браконьер бас бостандығынан айырылса, бір адамға шартты мерзім тағайындалды. 5 дерек бойынша қылмыстық іс тоқтатылып,
2 іс әлі қаралып жатыр. Дегенмен, инспекторлар мен заңсыз аң мен балық аулайтындар арасындағы қақтығыстар бұл деректе көрсетілгендерден де мол болуы мүмкін екенін жоққа шығармаймыз. Тек соңғы кездері қорықшыларға қару кезенетіндер жиілеп кеткенге ұқсайды. Жеті айдың ішінде аңшы мылтығының оғынан қос азаматымыздың қаза болғаны соның айғағы. Ал табиғат қорғау инспекторларының қарсы қару қолдануына заң рұқсат бермейді. Әрі қымбат көлікпен жүрген браконьерлерді ескі «Нива» мінген инспекторлардың қуып жетуі де мұң. Бұдан бөлек заңнамалық тұрғыда шешілетін өзге де мәселелер бар. Бірақ ол басқа тақырыпқа арқау болатын дүние.
P.S. Әрине, «браконьер» деген кімдер, олар неге заңсыз аң мен балық аулап, өсімдік дәндері мен тамырларын жинайды деген мәселе тағы бар. Бекіре мен майқан балығын, олардың уылдырығын, шаян мен өсімдік тамырларын сатуға ұмтылу пайда көздеу ме, тіршіліктің қамы ма, оған да жауап беру қиын. Браконьердің бәрі Land Cruiser-мен жүр ме, жоқ әлде... Қысқасы, тұрпайы түрде аң аулап, соны тіршілік көзіне айналдыру өңірлерде, әсіресе алыс ауылдарда әлеуметтік жағдайдың біз ойлағандай емес екенін аңғартатын сияқты. Әйтпесе, біздің жұрт аң мен құстың, көктің киесі болатынын ұмытып кететіндей тым алаңғасар емес еді.