Руханият • 28 Тамыз, 2019

Роза Мұқанова: Өлеңдерінен Фаризаның өзін іздедім...

1965 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Жақында әлеуметтік желіде жарқ ете қалған Фариза Оңғар­сынова туралы қойылғалы жатқан «Фариза» спектаклінің афишасын көре салғаннан-ақ көңілді ерекше бір қуаныш кернеді. Бұл сезім тек біздің ғана емес, ақын өлеңін жастана оқыған әрбір оқырманға ортақ толғаныс екені анық. Өйткені өлеңін өміріне балап, ғұмыр бойы аялап өткен ақын жанының бар сыры мен болмысы қай кезде де оқырманын бейжай қалдырып көрген емес. Ал сол «Фариза» сахна арқылы тіл қатса, тіпті ғажап! Алматыдағы М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры сахнасында 5-6 қыркүйекте өтетін спектакль премьерасына дейін санаулы-ақ күн қалды. Осы орайда «Фариза» драмасының авторы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, жазушы-драматург Роза Мұқановадан өзі танып, туындысына өзек еткен ақын әлемі туралы сыр бөлісуін сұраған едік.

Роза Мұқанова: Өлеңдерінен Фаризаның өзін іздедім...

– Мағжан Жұмабаевтың Ақан сері турасында: «Ақан өнерімен сұлу емес, Ақан тағ­дырымен сұлу» дейтіні бар ғой. Осы сөзді ақын Фаризаға да қатысты айтуға болатын се­кілді... Ке­лі­сесіз бе?

– Әлбетте. Тағдыры сұлу адамдар болады. Өлеңімен ғана емес, болмысымен, тағдырымен сұлу. Мен үшін Фариза сондай жан.

– Ақын Фариза драмалық ке­йіп­керге қалай айналды? Жал­­­пы, «Фа­ризаға» қалай кел­діңіз?

– Фариза Оңғарсынова іш­кі сырын құпиясын ешкімге аш­паған, ЖҰМБАҚ... Ет пен сүйек­тен жаралған ол да пенде. Қуанды да, жұбанды да. Бірақ мен өз ұғым-түйсігімдегі дара ақынды, ұлы Фаризаны көрдім. Фариза апаға осы деңгейде үңілдім. Осындай болмыстағы Фаризаны түсінгім келді, аялағым келді. Фариза маған жұмбағымен қы­зықты болды.

– Әркімнің жүрегінде өзі танып, ғашық болған «меншікті Фаризасы» бар. Сіздің Фариза несімен ерекше деп ойлайсыз?

– Мен өмір сүрген дәуір – алыптар дәуірі. Барды уақытында бағалай бермейміз, құнын да білмейміз. Абай­дың: «Өлінің жаманы жоқ, тірінің жа­мандықтан аманы жоқ» деуі біздің ха­лықтың мінез пиғылын аңғартса ке­рек. Фаризаны көзінің тірі кезінде-ақ: «Қазақта ақын қыз көп, Фариза жал­ғыз» дегенім бар. Құдайға шүкір, әдебиетіміз алыптардан кенде емес. Солардың бірі һәм бірегейі – Фариза! Ол кісімен тонның ішкі бауындай жа­қын болдым десем, өтірік болады. Фа­риза апай мені іздеп отыратын, ша­қы­рып алатын, тіл шалатын. Шын жақсы көріп, бар мейірімімен еркелетті. Тір­шілікте көп қолдау білдірді. Де­мек, шы­ғармашылығыма көңілі толған шы­ғар. Әйтпесе, мен де қазақтың қалам ұстаған көп қызының бірімін ғой. Апаға мен де тартылдым. Рух жақындығы, жан қалауымыз болар. Әйтеуір  өзім  бұл ақынды ерекше пір тұтқаным рас. Бірақ пьесамда идеалды образ жасауға әуес­тен­бедім. Фаризаның жанына үңіл­дім, ішкі құпиясын ашқым келді. Өзі көріп отырса міндетті түрде: «Не бүлдіргенсің?» дер ме еді, кім білсін...

– Фариза Оңғарсынованың ақын­дығы ғана емес, өмірі де көзінің ті­рі­сінде-ақ аңызға айналып кеткен адам ғой. Ізі­нен аңыз ерген тұлғаның сіз жазған пьесада несіне басым­дық беріл­ді? Өміріне ме, әлде өлеңіне ме?

– Өмірін де, өлеңін де бір­ге өрдім. Фаризаның образын жасау үшін қақты­ғыстар да, шиеленістер де қажет. Дра­ма­тургияның табиғаты талап ететін дү­­ние­лер қосылды. Фаризаның әр өле­ңінің іші ақтарылды. Ол кісінің эмоциясынан драма, трагедиясынан философия іздедім. Жанына  үңгу арқылы ішкі интонациясына штрихтар қостым.  Фариза – адам, ақын. Ол өмірде ашулана да алды, жылай да алды, жалғызсырады да. Адамға тән қасиеттің бәрі оның да бойында болды. Мүмкін кемшілігі де болған шығар.  Бірақ мен оны жақсы көріп жаздым, оның табиғатына қиянат жасамадым. Өйткені  ол – халықтың сүйікті  ақыны. Өз қолтаңбасымен маған сыйлаған  он томдығы бар еді. Фариза апаны солардың арасынан іздедім. Үнін естідім, жанын ұқтым, сөйлестім, тірестім, өмірдегідей болды. Егер ол кісі өмірде болса, бұл пьеса жазыл­маған болар еді. Мен оны іздеген шығармын...

– Іздегеніңізді таба алдыңыз ба?

– Оны тап басып айту қиын... Кө­рермен – төреші. Бірақ талпынып көр­дім. Рас, «Фаризаны» жазу оңай болған жоқ. Ол кісі өмірден кеше ғана өтті. Бүгінгі көрермен Фаризаны жақсы бі­ле­ді. Сондықтан ақын образын қиялға құрып, өтірік жасай ал­май­сың. Осыдан он жыл бұрын ақын Оңайгүл Тұржан  апаның  70 жылдығы қарсаңында «Ша­шы ағарған қыз» деген кітабын әкеп беріп тұрып: «Осы сен түбі Фа­риза апай туралы жазатын сияқ­тысың» деген. Оңайгүлдің сол айт­қаны келіп, сәті енді туған шығар. 

– Драмада тарихи шындық пен көркем шындықтың ара сал­­мағы қай деңгейде сақтал­ды?

– Автобиографиялық шығарма бол­ғандықтан тарихи дерекке де сүйендім. Өлең оқумен шектелу көрерменді жалықтырады. Ондай қойылымдар көп қой.  «Фариза» драматургия жанры болғандықтан оқыс детальдар мен эпизодтармен ширықтырып отыруға баса көңіл бөлдім.

– Мәселен?

– Осы пьесаны жазып отыр­ғанда Фариза апайдың кітап­тарын көп ақ­тардым. Қайта-қайта оқыдым. Көп ойландым. Өлеңдерінен апайдың өзін ізде­дім. Сырласқым келді. Сонда ол кісі өзінің үлкен өкінішін айтыпты. Мұқағали ауырып жатқанда апайды көп іздепті. Ақыры келмеген соң атақты «Фариза» деген өлеңін жазып, беріп жіберіпті. Апай өлеңді де оқыған. Бірақ бара алмаған. «Бакуге ұшатын күнім жақын еді» деп жазыпты кітабында. Бұл да бір жұмбағы бар ақын жанының құпиясы шығар деп ойлаймын.  Сірә да адамның аяғы тұсалатын, табаны тартпай, бұғауын үзе алмайтын түсініксіз сәттерінің жа­уабын ешкім білмес, таба да ал­мас. Бірақ мен ол күйді жақсы түсіндім. Сондықтан осы бір детальды пьесаға енгіздім. Өйткені Фариза апам да өмірінің соңғы сәтінде мені іздепті. Талай адамнан сәлем де айтып жіберіпті. Алайда... мен де бара ал­мадым. Өзім түсінбейтін бір күш ол жаққа жеткізбеді. Бәлкім, апайдың шаршаған, қажыған, дерт меңдеген сәтін көргім келмеген шығар. Қажырлы, қайратты, қайсар қалпын есімде мәңгілік сақтап қалуды қалаған болармын. Апай дүниеден өткен соң, шаңырағына бару тіпті қиын болды. Дегенмен... бардым. Еңсем көтертпей, үйге әрең кірдім. Сің­лісі Алмагүл өкпесін айтты. «Соңғы сәтке дейін «Роза, Роза» деп іздеді ғой. Қаншама адамнан сәлем айтты. Сонша жақсы көргенде бір рет келмедіңіз» деді. Өкпесі орынды еді. Үнсіз кеттім. Өзімді кінәладым. Бірақ амал қанша... Кейін арада біраз уақыт өткен соң, апам түсіме кірді. «Розажан, тоңып жүрмін» дейді. Сұқ саусағымен бір саңлауды көрсетіп: «Осы жақтан бір суық жел үрлейді де тұрады» дейді жарықтық... Сол түні ұйықтай алмадым. Таң қылаң бере көзі тірісінде жанына жақын тартатын сіңлілерінің бірі, қазақтың талантты ақын қызы Оңайгүл Тұржанға хабарластым. Апамның басына барып құран оқыттық. Құлпытасының қасында ұзақ отырдық. Рухымен сырластық. Сол сәтте «Апам жайлы жазуым керек» деген ой келді. Іштей нық бекідім. Алла тілегімді қабыл етіп, орайын келтірген шығар, арада көп уақыт өтпей Айнұр Көпбасарова деген продюсер сіңлім хабарласып, Фариза туралы спектакль қою жоспары барын жеткізді. «Телеарналардағы сұхбаттарыңызды тыңдап, сон­дағы ақын жайлы айтқан ойла­рыңыз, ол кісіге деген құрметіңіз ерекше толқытты. Ұзақ жыл қа­сында жүріпсіз. Фариза апай туралы пьеса жазып берсеңіз» деп қолқа салды. Жазуды бас­тамадым дегенмен, апам жайлы толғаныстарым ішімде пісіп жүрген болатын, бірден келістім. Бас-аяғы бір ай уақыттың ішінде пьесаны аяқтадым.

– Әдетте, тұлға жайында жа­зы­лар драматургиялық шы­­ғар­малар­дың көпшілігінде дата мен тарихи хронологияға ба­сымдық беріледі де, сюжет же­лісі көркем оқиға, адам жа­­ны­ның терең толғанысы емес, құрғақ есеп беруге ұла­сып кет­кеніне талай мәр­те куә болып жүр­міз. Өз «Фа­ри­заңызды» бү­гінгі драма­тур­гияға тән осы бір «дерттен» сақ­тай алдыңыз ба?

– Иә, автобиографиялық шы­­ғар­маның хронологияға ай­на­луы көркемдік кеңістігін өлтірумен бірдей. Онда драматур­гия емес, библиография болып шығады да. Автобиографиядан көркем шығарма тудырудың да өз  күр­делілігі бар. Осы жағын барынша ескеруге тырыстым.

– Бұл «Фаризаны» кезіндегі өзіңіз жазған «Мұқағали» шы­ғармасының, Әкім Тарази ағамыз драмаға айнал­дырған «Ақын... Періште... Махаб­бат...» пьесасының идеялық жал­ғасы деуге бола ма?

– Әкім ағаңның  аталған  спектаклі  М.Әуезов театрын­да жүріп жатыр. Ме­нің «Мұқа­ғалиымды» режиссер Бәй­тен аға Омаров сахнаға қоямын деп, репетициясына шақырған еді. Пре­мье­расын жасай алмай өмірден өтіп кетті. Кейіннен шәкірттері сахнаға қойды деп естідім. Мен Мұқағалиды көрген адам емеспін. Ал Фаризаны өмірде көрдік, емен-жарқын араластық.  Фариза апа өмірде басқа, шығармашылығында бас­қа адам. Фариза қоғамға, ортаға ың­ғайланды, бейімделді. Демек, өзгерген Фариза. Суреткердің шындығы – шы­­­­­ғар­масында ға­на. Суреткер болып өмір сүру күрде­лі, сондықтан өмір­­­ден ерте озатындар да болады.  Л.Н.Толстойдың «Пушкин талантты бол­­­маса жүз жасайтын еді, бірақ одан не пайда?..» де­геніндей немесе өзі туралы «Я в быту – мелочник» дейтіні бар. Суреткер басқалармен  са­­­лыстырғанда өз-өзімен  кү­ре­­сіп жүреді. Шындығы – шы­ғармасында дегенім  осы. Жазу – қиын... Құдайдың алдында есеп беріп отырғандай боласың. Себебі жазу – ақиқатты айтады. Сондықтан өмірде өзім көрген Фаризадан гөрі, өлеңдегі ақын Фаризаны іздедім.

– Пьесаларыңызға режис­серді өзі­ңіз таңдайсыз ба, әлде сізді режис­сер­лердің өзі іздей ме?

– Осы жолғы режиссерді мен таңда­дым. Продюсер Айнұр Көпбасарова қолдау көрсетті. Продюсер әуелгіде режиссерді шетелден алдыртпақ болды. Осы дәстүрді аса құптамаймын. Шетелдік режиссер біріншіден, тілімізді білмейді, ұлт ментали­тетінен де хабарсыз. Демек, ав­тордың  интонациясы жоғалады. Режиссер өзінше сүрлеу іздейді, ол «жаңалығын» қазақ көрермені түсінбей де жатады. Сол себептен алыс­қа бармадық, талантты жас режиссер Фархат Молдағалиевке таңдау жасадық. Фархат шетелге көп барады,  шеберлік сыныптарына жиі қатысып тұрады. Үне­мі іздену үстінде.

– Спектакльге актерлік құ­рам қа­лай таңдалды?

– Коммерциялық туынды болған­дықтан, бұл жағы енді тікелей про­дюсердің талғамына тәуелді болды. Мен араласпа­дым. Режиссер екеуінің үндес­тігі мен ортақ келісімінің нәти­жесінде шешілген болар. Айнұр Көпбасарова  өнердің ішінде жүргендіктен, өзіндік талғамы мен таңдауы бар адам. Келісе отырып таңдалды деуге болады.

– Құпия болмаса, басты рөл­дерде кімдер ойнайды?

– Бұл спектакльде бүгінгі қазақ сахнасының «мен» деген талантты актерлерінің ба­сы қосылды деп ойлаймын. Премьера күні көрермен қауым Лейло-Ханинга Бекназар, Қуан­дық Қыстықбаев, Назгүл Қа­рабалина, Ерлан Кәрібаев сынды дүлдүл әртістердің ойынына, ізденісіне куә болады. Спек­такльге музыканы белгілі композитор Ринат Гайсин жазды. Кейбір мамандар шетелден шақырылды. Көрермен көңілінен шығатын сапалы, сәтті, көркемдік деңгейі жоғары қойылым болады деп күтеміз.

– Мемлекеттік тапсырыс емес, коммерциялық туынды бол­­ған­дық­тан, «Фаризаның» алдағы  «тағдыры» қалай бол­мақ? Спектакль­ді іздеген кө­рер­мен қай жерден көре алады?

– Ол жағы Айнұр Көпбасаро­ва бас­таған продюсерлік орта­лықтың құзырындағы шаруа. Бір білерім –  5-6 қыркүйекте Алматыдағы М.Әуезов атын­дағы театрда өтетін премьера­дан кейін «Фариза» Мәскеуге жол тартады. Қазақтың қайраткер ұлы, Ресейдегі елшіміз Иманғали Тасма­ғам­бетовтің қолдауымен әйгілі «Сов­ременник» театрында қойылады. Одан әрі спектакльді Фариза апамыздың туған жеріне апарып, жерлестеріне көрсету жоспары бар. Елордамыз бен республиканың басқа да қала­ларындағы  премьераны асыға тосқан көрермендерді де бұл қуаныш көп күттірмейді деп ойлаймын.        

– Өзіңізбен әңгімелесе қал­ған­да да, жазған естелік­теріңіз, сұхбат­тарыңыз бен әлеуметтік желідегі жаз­баларыңызды оқып отырып та Фа­риза Оң­ғар­сыноваға деген айрық­ша құрметіңізді сезініп, қалам ұс­таған қыздар арасындағы апа­лы-сіңлілік тамаша бір сый­лас­тық пен құрметке қы­зы­ғамыз, бас иеміз... Ақын Фа­риза емес, сіз таныған адам Фариза қан­дай еді?

– Мен өмірде де пенде Фари­задан алыс, ақын Фаризамен жа­қын болдым. Бірде Әбіш Кекілбаев пен жұбайы Клара апай, Оңайгүл Тұржан, Айбар (ұлы), Алмагүл (сіңлісі) ғана болып Маңғыстауға  бардық. Апай маған бір ай бұрын қолқа салды.  «Ең жақындарымды ғана жаныма ертіп елге алып бара жатырмын, өзіңнің  бірге барғаныңды қалаймын», – деді. Мен бала­лардың әлі кішкентай екенін, бір апта тым ұзақ болатынын, Әкімнің қиналып қалатынын айтып бақтым. Сөйтсем, мен жоқта Фариза апай Әкім ағасына тіл шалып, мені сұрапты. Әкім ағаң: – Фако, тіл шалды. Сен балаларға алаң болма! Маң­ғыстауға барып кел! – деді. Содан кешке қарай Фариза апам хабарласты. Әндетіп тұр.  «Мен саған басыбайлы бол демеймін, жүрсейші азын-аулақ жаныма еріп» деп Ақан серінің әнін қоңыр дау­сымен ырғаққа салып қояды. Сөйтіп Таразидан аттай қалап сұ­рап алып, Маңғыстауда бір жұма сауық құрдық. Ән де айтылды, домбыра да шертілді, сыр да ақ­тарылды. Ол кездегі облыс әкімі Қырымбек Елеуұлы Көшербаев еді. Мен ол кісінің шешендігін сол кезде көрдім. Ғажап қарсы алды, апайдың табанын жерге тигізбеді. Арнайы тікұшақпен Бекет атаның басына апарды, зор құрмет көрсетті. Бір жағымда – Әбіш ағам, бір жағымда – Фариза апам. Қарт Маңғыстаудың тарихын Әбіш аға өзі ертіп жүріп таныстырды.  Қандай ғажап десейші сол күн... Сол жолы апай еліне риза болып аттанды. Өзіне сыйға тартқан кәде-сыйдың барлығын, тіпті иығына  жапқан шапанын да сахнаға шақырып, менің иығыма жапты. Өзі де, жаны да жомарт, мәрт еді ғой апамның!

– Фариза Оңғарсыновамен та­ныс­тық, шығармашылық-руха­ни туыстықтың жазушы Роза Мұқа­но­ваның қалам қа­ры­мына, сурет­керлік сүрлеуіне қандай әсер-ықпалы болды деп ойлайсыз ба?

– Мен ұлы адамдардың жанында жүрдім, қазақтың ең таң­даулы тұлғаларының дидарын жақыннан көр­дім. Олармен ара­ластым, жақсы көретінімді біл­діріп, олар туралы жазып та жүр­дім. Мені үлкен орта тез есейтті, кемелдендірді. Олардың ғажайып ортасын, мектебін көрдім. Жұмыр басты пенденің барлығына жазыла бермейтін ғажайып сәттерді бас­тан кештім деуіме әбден болады.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Назерке ЖҰМАБАЙ