Қалам мен қаһарман
Бейсенбі, 14 ақпан 2013 7:35
Ертеңгі күнді елестетпей ешкім де өмір сүре алмайды. Бұл адамның табиғи болмысы. Ал адамның қамын ойлап, күнін күйттейтін қоғамның дамуы оған тікелей байланысты. Өмірімізде болып жатқан жұмылысқа, жаһани үрдіске сынай қарап сараптап, көкжиегін көсемдеп көре білу де қоғамның басты мақсат-мұраты. «Қазақстан-2050» Стратегиясының діттегені де көзге ұрар кемелдіктің көңіл толар көрінісі. Оның таңдандыруы мен толғандыруы үндес. Ең бастысы – бекемділігі, алдымен, беталысты байыптап сындарлы саяси бағытты түзеп алуы. Әлбетте, ізгілікті міндеттер игі істерге бастайды. Осыны сезінгенде бұл бағытқа бойлай білуіміз де оңай болмасы анық.
Бейсенбі, 14 ақпан 2013 7:35
Ертеңгі күнді елестетпей ешкім де өмір сүре алмайды. Бұл адамның табиғи болмысы. Ал адамның қамын ойлап, күнін күйттейтін қоғамның дамуы оған тікелей байланысты. Өмірімізде болып жатқан жұмылысқа, жаһани үрдіске сынай қарап сараптап, көкжиегін көсемдеп көре білу де қоғамның басты мақсат-мұраты. «Қазақстан-2050» Стратегиясының діттегені де көзге ұрар кемелдіктің көңіл толар көрінісі. Оның таңдандыруы мен толғандыруы үндес. Ең бастысы – бекемділігі, алдымен, беталысты байыптап сындарлы саяси бағытты түзеп алуы. Әлбетте, ізгілікті міндеттер игі істерге бастайды. Осыны сезінгенде бұл бағытқа бойлай білуіміз де оңай болмасы анық.
Және беймаза көңілдің түйткілі тегіннен-тегін тіл ұшына үйіріле кетпейді. Сондағысы: «Бұған біз дайынбыз ба?
Мұндай алысты меңзеген үлкен асуларға жүрегіміз дауалай ала ма? Қиясы мен қиындығы қаншалықты? Табанымыздағы тағамыз берік пе? Таланымызға талабымыз серік пе?» – деген ой.
Өре түрегелген сан сауалдың жауабы таптырмай-ақ бағады. Бірақ, бір нәзік сәуле – өмір жалғастығының ұлылығы үміт отын үрлей түседі. Ұрпақтан ұрпақтың озып туатыны кәміл сендіре береді. Бір сәт осылай сабырға салуымызбен ойымыз орнын табады. «Бәсе, – дейсің байыбына бара түсіп, – бағытыңды түзеу – барыңа сену емес пе?!». Байыбына бара білсек көңіл шыны – өмір сыны екен. Ал ақиқаты, бұл Стратегия – нығая бастаған елдің нығыметі, батыр байлам, батыл бағыты. Елдің аяңдауы емес, алға ұмтылуды таңдауы. Ұлт ретінде әлем алдында қалай көрінуіміз керек деген ұлы мақсатты ұлықтаған ұлы беталыс.
Бұл – әрине, мұның бәрі оңай шаруа емес. Сондықтан, оңайлықпен жүзеге аспайтынын аңғартар парасатты парыз жүгі кімге тиесілі екендігі де алға тартылады. Әрбір азаматтың – ұлт өкілінің алдындағы тұрған ортақ міндет. Одан ешкім де қалыс қала алмайды деген уәж де түгелімен түсінікті. Олай болса, халықтық істің дәл ортасынан көріну керектігін де жақсы біледі. «Біздің қоғамымыздың қазіргі көзқарастарының негізін дәл осы интеллигенция беруі керек», – деген Стратегиядағы саралы сөздің де салмағын терең түсінеді. Интеллигенциядан ізгілікті іс күткен, оның белсене қатысуына тілек артқан және оған сеніммен қарайтынын білдірген бұл сөздің астарында ұлттық көзқарасты қалыптастыруда олардың қолынан көп шаруа келетінін меңзеуі орынды да түсінікті. Өйткені, интеллигенция қай заманда да идеялардың, көзқарастардың, жаңашылдықтың, жасампаздықтың алғы шебінде болған. Олар жасаған құндылықтардың қозғаушы да қорғаушы күшінің орасандығы тарихта дәлелденген. Олардың заман мен адамды рухани байыту арқылы қандай биікке көтерілгені де аян. Экономикалық, материалдық деңгей – дәреженің оларсыз өмірге орныға алмайтыны, тамырын жая алмайтыны да көпке мәлім жай. Олай болса, олардың алдыңғы қатарлы күш болып танылуы, бағалануы – әлі де әлеуетінен айырылмағанын көрсетеді. Ендеше, интеллигенцияның бір толқын тармағы – қаламгерлердің рөлі осы жолы айқын көрсетіліп отыр деуіміз орынды болмақ. Шындығында, заманның қаһармандарын жасау деген рухани жетілудің, ұлттық үлгі ұсынудың, саналық сілкіністің, жаңаны жалынан ұстай білудің бір үлгісі болмақ. Бұл – рухы биік қаһарманды сомдау, оны сүйсініп еліктеуге лайықты етіп жазу.Мұның өзі әр қаламгердің ұлт болашағы үшін қосар ұлағатты үлесі болмақ.
Қаламгер өзінің қадірін білу арқылы – қаламын қапысыз жұмсай білуі тиістігін үнемі жадында ұстаса ләзім. Өйткені, тарихқа қарап тұрсаң қай кезеңде де қаламгерлер, интеллигенция идеялар көрігі болған, қай қоғамда да интеллигенцияны өзіне тартуды бірінші міндет санаған. Қоғам – халыққа сүйенген, қаламға үміт артқан.
Алысқа бармайық, кешегі революция дәуіріндегі мына бір жайға көз жүгіртелік.Соны атақты қаламгер Максим Горький былай деп жазады: «…Осы бір… мығым адам, бір қолымен Сократтікіндей кең маңдайын сипап қойып, екінші қолымен менің қолымды қыса түсіп, жанарын жалт еткізе қарап алды да, сол заматта «Ана» атты кітабымның кемшіліктері жөнінде айта жөнелді… Мен кітабымды жазуға асыққанымды айтпақ едім, бірақ неге асыққанымды айтып үлгермедім, Ленин басын изеп қоштай түсіп, оны өзі түсіндіре сөйледі: «Бұл өте керек кітап… бұрын жұмысшылардың көбі революциялық қозғалысқа саналы түрде емес, бытыраңкы күйде қатысса, «Ананы» оқып, оны өз пайдасына жаратады», деп алды да: «Дер кезінде шыққан өте қажет кітап», – деді. Бұл менің одан естіген ең қымбат әрі тұмардай жалғыз комплиментім болды…». Бірге болып әңгіме құрған көсем келесі бір кездескенінде жазушыға: «…интеллигенцияға айтыңыз, олар бізге келсін!..» – дейді.
Міне, қаламның күшін қалай бағалағанын және оны өзінің бағыт-бағдары үшін қалай пайдаланғанын көрсететін өткен дәуірдің шынайы бір дерегі. Бұл – интеллигенция қай жақта болса сол жақтың күші мол дегендіктің дәйегі емес пе?!
Тарихтың мұндай эпизодтарына бүгінгі күннің биігінен қарағанда әркімнің әрқилы ойға келуі әбден мүмкін. Мейлі, бірақ өткеннің сабағы дейтінді есте сақтап сараптай білу керектігін де ұмытпайық. Қай кезеңнің де келбеті интеллигенцияның үлесінсіз болмағанын мойындау артық етпейді. Демек, қаламгерлеріміз өз миссиясын сергек сезіне отырып, жауапкершілікпен атқара білулері керек-ақ. Мұның бәрін қаламгерлеріміз терең түсінеді. Өмірге ояу көзбен қарауға ұмтылады. Арғы-бергіден ойлайтын олардың қаламына ілінер тақырып та көп, тұлға да жетерлік. Байқап барлау керек, таңдап талғау керек. Мұның бәрі қаламды суытпау, қадалып отыру, қалғып қажымау дегендейін дамылсыз ойсауған еңбек. Қаһарманның кілті – қаламның ұшында деудің сыры осында. Біз білгенде, қаламгерді көрігі қызған ілкі идея – көрікті ойдың қазіргідей қызулы кезеңі күтіп тұр. Әрине, заман өзгерді, онысына орай оның моральдық-материалдық негізі де, сипаты да жаңа түрге енді. Қаламгердің қақылы сөзі – ақылы сөзге айналуы керек-ақ екені күн тәртібіне шықты. Осы орайда, ортақ түйіннің шиесін бірлесіп шешу – саяси бағытымыздың интеллигенцияға артқан міндеттің ойдағыдай орындалуына, атсалысуына мүмкіндік берер бірден-бір сеп. Сеп емес, серпін десек те болар.
Назар аударсаңыз, «Қазақстан-2050» Стратегиясындағы ұлттық жұмылысқа, әрбір әлеуетті іске атсалысуға шақырған маңызды міндеттердің меңзеуі мақсатты да мұратты. Ол ұлттық ұлы істерді игеру керектігін, әлем алдында қалай көрінеміз деген өте жауапты сынның тұрғанын алға тартады. Мұндағы: «Интеллигенция қалыптасқан мемлекет кезеңінде жаңа жалпы ұлттық құндылықтар жасауда алдыңғы қатарлы күш болуы керек. Олар заманға сай және болашаққа құлшынысты болуы тиіс», – деген сөздер тегін айтылып отырған жоқ. Бұл интеллигенцияға берілген сенім мен баға әрі үлкен үміт пен ұлан-асыр жауапкершілік. Бұған лайықты іспен жауап беру – интеллигенция өкілдері үшін сын. Оның ішінде біздің қаламгерлердің де орны ерекше, әлеуеті айрықша дер едім.
Бұл ретте жалаң шешендікке, жадағай жалпыламалыққа бара бермей, қандай бір істің оң шешім табуы оның проблемаларына да прагматикалық пайыммен қарау керектігін алға тартады. Өйткені, жақсы іс жайдақ жерде тумай жүйеге қойылған жайлы ортада жасалады. Ендеше, қаламгерлердің өз рөлін ақтай білуі үшін жағдайы мен мүмкіндігіне ахуал туғызу шығармашылық шамының сөнбеуіне, қаламының қажымауына деген қамқорлық екенін ескермей болмайды. Мұның екінші бір астары – қажетті шығарманың – заманаға лайық туындының қаламақысыз жазылмайтыны ой салады.
Олай болса, еңбектің қандай түрі болса да еленуі керек, бағалануы керек дейтін кредоның күн тәртібінен түспеуіне қақысы бар. «Біз өз заманымыздың жаңа қаһармандарын жасауымыз керек!» дегенді түн жамылып тебіреніп, күн өткеріп толғатып, қаламымен бірге қалғып, бірге оянар ақын мен жазушының қалай талғап түсінетіні, бойлай түйсінетіні белгілі жай. Қай кезеңде де жақсы шығарманың қандайлық азаппен, жанкештілікпен туғаны кейінгіге кеңінен мәлім. Оларды оқып отырып сол дәуірмен тілдесеміз, сырласуымыз, рухани үндесуіміз сол еңбектің арқасы. Сондықтан, қаламгерге ақыл айту күпірлік болады, керісінше, оны тыңдау, ойына ой қосу шүкірлік болады.Оған мынаны жаз дегеннен гөрі соны жазуға ықыласын ояту – ырысты болмақ.
Кейде қаламгер бой жасырған бәйге аты болып елестейді. Дүбірлі додада шаң жұтып шаңырақ айналып, жүзден бөлініп шығып суырыла көрінер сәйгүліктің содан кейінгі тері саулап солықтап тұрған сұлба түрін көргенде оның осыған қалай, қанша күн, қанша түн таңасырылып қақталғаны, қалай бапталғаны айтылмайды да. Бірақ, бәйекті жан бәйгеден баптың арқасында келетінін біледі. Мұндағы айтпағым, қаламгерге де бап керек, жағдай керек, күй керек. Ол дәуіріне қажетті дүние жазуы үшін күні мен түнін сәйгүліктей бастан кешуі керек.
Бұл ретте, әрине, жалынды сөздерден гөрі жігерлі істер керектігі көрініп-ақ тұр. Алдымен «заманымыздың жаңа қаһармандары сомдалған шығармалардың туына ықпал етуі үшін не істеу керек, қандай жолдарды таңдаған дұрыс, нендей қамқор іс оңтайлы» дегенді діттеген әдеби-мәдени іскерлік бағдарламалар жасап, нақты шаралармен бекіте түссе оң болар еді. Әдеби еңбектің ауырлығын бәрі де біледі, бәрі де түсінеді… Бірақ уақыттың, заманның зыр қаққан доңғалағының дүбірін естімеу ешқандай қисынға келмейді. Осындай сәттің орайында ойым айтады: «Көрікті қызған кезінде соқ», деу ләзім. Біріншіден, қаламгерлердің психологиясы мен пайымына қамшылау да керек-ақ. Ол үшін нақты тапсырыс беру тұйықтан шығудың қазіргі таңдағы бірден-бір жолы деп білем. Мұндай тәсіл қай қоғамда да болған. Тіпті, сонау сарай ақындарынан бастап социализм сөз сардарларына дейінгі кезеңдерді, соның бізге жеткен шығармаларына көз жүгіртсеңіз көп жайға көңіл жеткізуге болады. Екіншіден, тапсырыс дегеннен үркудің еш реті жоқ. Сондықтан, мықты он бес жазушыға қазіргі заман жайлы романдарға нақпа-нақ тапсырыс берілуі керек. Жазушы жазғанының шығатынына, оған лайықты қаламақы алатынына кәміл сенімді болуы шарт. Бұған дейінгі үлкенді-кішілі бірқатар бәйгелерден туған дүниелердің үмітті ақтамағаны баршаға белгілі. Ал мынадай ашық тапсырыс – белгілі жазушыдан нақты шығарма күтеді. Егер осындай тапсырыспен екі-үш жыл жұмыс жүргізілетін болса, ең кемінде үш-төрт соқталы үлкен дүниелердің туатынына кәміл сенуге болады. Өйткені, қай жазушының қандай шығармаға қарымы жететіні және оны орындай алатыны, идеясының жеткіліктілігі белгілі болғандықтан потенциалы бар жазушыларды тарта білу қиынға соқпайды. Біз ұлттық құндылықтарды жасау үшін осындай тәуекелге де жасқанбай баруымыз керек. Осы жерде Президентіміздің: «…Әрине, интеграцияда тек пайда ғана емес, сонымен бірге онда тәуекел де бар», – деуі біздің осы бір ойымызды нықтай түседі. Ең бастысы – қаһармандар қасымызда жүр. Оны көре білсек көркем туынды да туары хақ. Осының бәрі айналамыздағы құбылыстарды санаға сіңіруді, саралап сенімге айналдыруды қажет етеді. Дамуымыздың көкжиегін көре білуді талап етеді. Қазақ мемлекетінің бір мүшесі екеніңді сезіне отырып, мақтана білуді мақсат етеді. Мұның сөз боп қалмауы ләзім. Маңыздысы – қалам мен қаһарманның табысуы, соның өмірге рухани құндылық болып келуі. Бұл ретте қаламгерге керегі – суаты сарқылмайтын шалқар ой, шамы сөнбейтін шабытты еңбек.
Өмір қалғуды, қамсыз күй кешуді қаламайды. Ойы ояу, сезімі сергектер заманы туғаны әмбеге аян. Сондықтан, алға қойылған міндеттерге табандылық танытып, жарқын да жоталы істердің жалынан жасқанбай ұстардай жігермен жұмылу – Жолдауды қолдаудың ең ұтымды жолы болмақ. Биік мақсаттарға осындай батыл да бірегей мақсаткерлікпен, тың идеялармен, тынымсыз еңбекқорлықпен жетуге болатынын ұлттық құндылықтардың ұйытқысы болып келе жатқан қаламгерлер қауымы жақсы біледі. Біледі деу бер жағы, сөздің даты – басты парыз санайды.
Жақау ДӘУРЕНБЕКОВ,
жазушы, «Ана тілі» баспасының директоры,
халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты.
АЛМАТЫ.