Аймақтар • 28 Тамыз, 2019

Қарағандыда «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпазы анықталды

645 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кеншілер астанасында өткен «Мерейлі отбасы» республикалық байқауының облыстық кезеңіне өңірдің барлық қалалары мен аудандарынан 19 отбасы қатысты. Қазылар алқасы үздіктерді анықтар кезде отбасының тарихы мен дәстүрін, әулеттің белгілі бір мамандыққа адал болуын және шаңырақтағы балалар санын ерекше назарға алды.

Қарағандыда «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпазы анықталды

Байқауға Жезқазғаннан келіп қатысқан Қайрат Тағамбаев мұндай шара шарапатының мол болғанын жасырмады.

– Маған осы байқауға әкімдік қызметкерлері қатысуға ұсыныс жасады, себебі мен көп балалы әкесімін – бес балам бар. Мен өзім де он баланың бірімін, менің ата-анамның 25 немересі бар, олардың тегі Салқауовтар. Портфолио жинау осынша қызықты болады деп күтпеген едім. Ол үшін құжаттарды дайындау тіпті де қызықты болды. Мен оларды екі апта бойы жинап, отбасы туралы көптеген қызықты мәліметтерге қанық болдым. Кейбір  деректерді білмейді екенмін, ал біразын ұмытып та қалыппын. Бұл бір қызықты тәжірибе болды. Бұл іске барлық туыстарымыз жұмылды. Біз өз отбасымыздың тарихын балаларға айтып, оны білу маңызды екеніне көз жеткіздік, – дейді ол.

Биыл да облыстық кезеңде отбасыларды іріктеу өлшемшарттары аймақтық байқаудағыдай болып өзгеріссіз қалды.  Есесіне, бәсекелестік айтарлықтай өсе түскен.

Мысалы, Жезқазғаннан келген Стамқұловтар отбасында 11 бала, 33 немере, 17 шөбере бар. Отағасы Әлирахман Стамқұлов 20 жыл мектеп директоры болып жұмыс істеген екен, «Қазақ ССР халық ағарту ісінің үздігі» белгісімен марапатталған. Ол кісінің зайыбы Роза Секеманованың айтуынша, отбасының барлық мүшелері жиі бас қосып тұрады екен. 

– Мерекелерде міндетті түрде бас қосып, ет асамыз. Бұл дәстүр болып кеткен, – дейді отанасы. 

Байқауда Қарағанды қаласының танымал отбасылары да бақ сынады. Мысалы, «Дарынды бала» жекеменшік балабақшалар желісінің және «Дарынды ана» коворкинг-орталығының негізін қалаушы Айнагүл Хамитованың отбасы қатысып, конкурстың көрігін қыздырды. Іскер әйел бес баланың анасы. Оның атасы Төлеухан Хамитов Ұлы Отан соғысының ардагері екен. Ал анасы Сәния Хамитова ұзақ жылдар аудандық емханада дәрігер болып жұмыс істеген.

Сонымен, «Мерейлі отбасы» байқауының облыстық кезеңінде бас жүлдеге Хамитовтар әулеті лайық деп танылды. Жеңімпаз отбасыға «Жартас» шипажайына 10 күнге жолдама берілді. Екінші жүлдені Жезқазған қаласы атынан қатысқан Салқауовтар отбасы отбасы иеленді. Республикалық комиссияның шешімімен енді олар елордада өтетін байқаудың ақтық сайысында Қарағанды облысының намысын қорғайтын болады. Ал, үшінші орын Стамқұловтар отбасына бұйырды.

– Облыстық кезеңде отбасымыздың мүшелері толық жинала алмай қалды. Қарындасым мен келінім жуырда босанып, қатыса алмады. Бірақ республикалық кезеңге барлығы келеді деген үміттемін.  Біз финалға толық дайынбыз, – дейді Салқауовтар отбасының көшбасшысы Қайрат Тағамбаев.

Байқауға қатысып, бақ сынаған отбасылардың барлығына естелік сыйлықтар тапсырылды. 

 

Қарағанды облысы