Спорт • 28 Тамыз, 2019

Дзюдо: Бүгін де жүлде бұйырмады

251 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Токиода өтіп жатқан әлем чемпионатының төртінші күні де Қазақстанның дзюдошылары үшін сәтсіз аяқталды. Татамиге шыққан үш балуанымыздың барлығы да бастапқы бәсекелерінде сүрінді.

Дзюдо: Бүгін де жүлде бұйырмады

Ерлердің 81 кило салмақ дәрежесінде біз Дидар Хамзаға ерекше үміт артқан едік. Азия ойындарының жеңімпазы атанып, бірқатар аса ірі халықаралық турнирлерде жүлде алған 22 жастағы дарынды өреніміз алғашқы айналымда бос болды. Екінші кезеңде ол Доминик Ресселмен күш сынасты. Бірден айта кетейік, неміс балуаны да осал емес. Ол Гранд Слэм және Гран-при додаларында бірнеше мәрте жеңіс тұғырына көтеріліп, бүгінгі таңда әлемдік рейтингте бесінші орында тұр. Қос дзюдошы жеті минуттан аса уақыт тіресіп, бір-бірін ала алмады. Десек те соңғы сәтте Рессел Хамзаны иппонға түсірді.

Дәл сол салмақта күрескен Руслан Мұсаев тұсаукесер кездесуінде эстониялық Кристан Тонистеге тізе бүктіргенімен, іле-шала израильдік Саги Мукиге жол берді.

Әйелдер арасында 63 кило салмақ дәрежесінде бақ сынаған Иоланта Бердібекова алғашқы айналымда мексикалық Приска Авити Алкараздан айласын асыра алмады.