15 Ақпан, 2013

Қазақстан – ұзақмерзімді стратегиялық бағыт-бағдарын айқындаған санаулы мемлекеттердің бірі

501 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Қазақстан – ұзақмерзімді стратегиялық бағыт-бағдарын айқындаған санаулы мемлекеттердің бірі

Жұма, 15 ақпан 2013 7:47

2013 жыл – еліміз үшін жаңа кезеңнің басталуы. Бұған негіз болып отырған басты құжат – Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа арна­ған «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауы.

1997 жылы қабылданған «Қазақ­стан-2030» Стратегиясы негізгі базалық өлшемдері бойынша мерзімінен бұрын орындалып отыр. Ол бағдарламадағы негізгі бағыттар жаңа кезеңде де жалғасын табатыны анық. Осы орайда, Мемлекет басшысы жаңа Жолдауында: «Мен ұлт­тың 2050 жылға дейінгі жаңа саяси бағытын жасауды ұсынамын, оның ішінде 2030 Стратегиясының міндеттерін орындау жалғасын табатын болады. Уақыт пен жағдай 2030 бағдарламасы сияқты біздің жоспарларымызға түзетулерін енгізетінін нақты түйсінуіміз керек», деді.

 

Жұма, 15 ақпан 2013 7:47

2013 жыл – еліміз үшін жаңа кезеңнің басталуы. Бұған негіз болып отырған басты құжат – Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа арна­ған «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауы.

1997 жылы қабылданған «Қазақ­стан-2030» Стратегиясы негізгі базалық өлшемдері бойынша мерзімінен бұрын орындалып отыр. Ол бағдарламадағы негізгі бағыттар жаңа кезеңде де жалғасын табатыны анық. Осы орайда, Мемлекет басшысы жаңа Жолдауында: «Мен ұлт­тың 2050 жылға дейінгі жаңа саяси бағытын жасауды ұсынамын, оның ішінде 2030 Стратегиясының міндеттерін орындау жалғасын табатын болады. Уақыт пен жағдай 2030 бағдарламасы сияқты біздің жоспарларымызға түзетулерін енгізетінін нақты түйсінуіміз керек», деді.

Елбасы әлемдік қоғамдастық та, сон­дай-ақ Біріккен Ұлттар Ұйымы, Дүние­жүзілік азық-түлік ұйымы секілді халық­аралық ұйымдар да 2050 жылға дейінгі болжамдық баяндамасын жариялағаны туралы айтып өтті. Әлем бойынша біздің еліміз 2050 жылға дейінгі стратегиялық бағыт-бағдарын айқындаған санаулы мемлекеттердің бірі. Биыл да, алдағы кезеңде де көптеген елдер осы үрдіспен ХХІ ғасырдың ортасына дейінгі кезеңді қамтитын өз келешектерін белгілеп алатынына күмәніміз жоқ.

Осы Жолдауда Мемлекет басшысы 2050 жылы дамыған 30 елдің қатарында болу міндетін алға қойды. Бұл барша Қазақстан халқына үлкен серпіліс берген бастама болып отыр. «Біздің басты мақсатымыз – 2050 жылға қарай Жалпыға ортақ еңбек қоғамын құру. Қазақстан ХХІ ғасырдың ортасына қарай әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарында болуға тиіс», деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.

Бірақ бұл меже өздігінен келе қалмасы анық. Ел Президенті өз сөзінде дамушы елдер арасында осындай биікке көтерілу үшін бәсекелестіктің қатал болатынын ескертті. Сондықтан да «Күн астындағы орын тек ең мықтыларға арналғанын нақты сезіне отырып, ұлтымыз жаһандық экономикалық тайталасқа дайын болуға тиіс», деді.

Ол үшін ең бірінші кезекте мем­ле­кет­тілікті одан әрі дамыту және нығай­ту, экономикалық саясаттың жаңа қағидаттарына көшу, ұлттық эконо­ми­каның жетекші күші болып табылатын кәсіпкерлікке жан-жақты қолдау көрсету, жаңа әлеуметтік үлгіні қалыптастыру міндеттерін іске асыруымыз керек. Сонымен қатар, білім беру мен денсаулық сақтаудың қазіргі заманғы және тиімді жүйесін құру, мемлекеттік аппараттың жауапкершілігін, тиімділігі мен функцио­нал­дығын арттыру, халықаралық жә­не қорғаныс саясатының жаңа сын-қатер­леріне парапар саясат құру мақсаты алға қойылып отыр.

Мемлекет басшысы осы міндеттерді жүзеге асырудың жан-жақты жолдарын қарастырып, 2013 жылы жалпыұлттық іс-қимыл жоспарды әзірлеу жөнінде Үкіметке шұғыл түрде тапсырма берді.

Сондай-ақ, Елбасы ауыл шаруашы­лығы өнімдерін қайта өңдеуде және саудада фермерлік пен шағын және орта бизнесті  дамыту мақсатында Үкіметке агроөнеркәсіп кешенінің 2020 жылға дейінгі дамуының жаңа бағдарламасын әзірлеу, 2020 жылға қарай ауыл шаруа­шы­лығын мемлекеттік қолдаудың көлемін 4,5 есе арттыру, жаңа агротехнологияларды қолдануға бағытталған орта және ірі тауарлық ауылшаруашылық өндірістерін құру жөніндегі заңнамалық және экономикалық ынталандырулар жүйесін тұжырымдау туралы жаңа тапсырмалар берді.

Соңғы жылдары жердің құнарлылығын сақтау, экологиялық зардаптарға жол бермеу мәселесі жиі көтеріліп келеді. Осыған мән берген Елбасы енді жер өң­деу мәдениетін өзгертуіміз керек екенін баса айтты. Және де жаңа ғылы­ми, техно­логиялық, басқарушылық жетіс­тіктерді ескере отырып, ата-бабамыздан келе жатқан мал шаруашылығындағы өмір­шең дәстүрлерімізді қайта жаңғырту қажеттігін алға тартты.

Бүгінгі таңда әлемнің көптеген елдерін азық-түлік мәселесі толғандырып отыр. Қолымыздағы бар байлығымызды өзіміз үнемді пайдалана білумен қатар, «Қазақстанда өндірілген» деген ерекше белгі соғылған сапалы өнімдерімізді шетелге дұрыс шығара білу де елдің дамуына және танылуына қызмет ететіні белгілі. Сол себепті Елбасының айтуынша, аса ірі экспорттық нарықты меңгеру үшін біз қай азық-түліктің жаппай өндірісін бас­ты етіп қоятынымызды айқындауымыз керек. Мемлекет басшысы осы салада жүзеге асырылған нақты жұмыстардың нәтижесінде 2050 жылға қарай еліміздің ІЖӨ-дегі ауылшаруашылық өнімінің үлесі 5 есеге артатыны жөнінде мәлімет келтірді.

Ел азаматтарының денсаулығын сақтау, халықтың жағдайына баса көңіл бөлу, әлемдегі және елдегі экономикалық өзгерістерді ескере отырып, әлеуметтік мәселелерді жақсарту үнемі Елбасының назарынан тыс қалған емес. Мемлекеттің алдағы дамуын көрсеткен осы Жолдаудың арнайы бір тарауы «Әлеуметтік саясаттың жаңа принциптері – әлеуметтік кепілдіктер және жеке жауапкершілік» деп аталады. Президент «Біздің басты мақсатымыз – әлеуметтік қауіпсіздік және азаматтарымыздың бақуаттығы. Бұл – қоғамдағы тұрақтылықтың ең жақсы кепілі», деп атап өтті.

Әрине, дамыған елдердің қатарында болу үшін біздің азаматтарымыз білімді де білікті, парасатты да пайымды болуы тиіс. Өз Отанын шын сүйетін адам ғана ортақ мүдде жолында аянбай қызмет жасап, еңбегімен алда болатыны анық. Осы орайда, Мемлекет басшысы Қазақстан патриотизмін дамытуға ерекше мән беру қажеттігін айтты. Биік межені белгілеген мемлекет пен азаматтың мақсаттары барлық бағыттар бойынша сәйкес келуі тиіс. Ендеше, жас ұрпақтың тәрбиесіне де жаңаша көзқарас керек.

Халыққа арнаған аса маңызды құ­жат­та Елбасы халықаралық мәсе­лелерге жіті көңіл аударатынын аңғартты. Өйт­ке­ні, жедел қарқынмен дамып бара жат­қан жаңа ғасырда қай мемлекет те әлемдік қоғамдастықтан тысқары өмір сүрмейтіні анық. Қазақстан да жаһан­дық өзгерістерге бейімделе отырып, өз ұстанымдарын жүзеге асырады. Біз­дің еліміздің бейбітшілікті қалайтын, барлық мемлекеттермен достық қарым-қатынаста болуды көздеген және алпауыт елдерді ядросыз әлем құруға шақырған сыртқы саясатын дүние жүзі мойындап отыр. Тәуелсіздік жылдары осы мақсатта жүргізілген жұмыстарымыз өз нәтижесін беріп, жас мемлекетіміздің абыройы артып, тез арада әлемге танымал болды.

Жолдауда сыртқы саясатты жаңғыртудың басымдықтары атап өтілді. Оның ішінде аймақтық және ұлттық қауіпсіздікті жан-жақты нығайту, экономикалық және сауда дипломатиясын белсенді дамыту, мәдени-гума­нитарлық, ғылым-білім және басқа шек­тес салалардағы халықаралық ынты­мақтастықты арттыру, азаматтарымызды құқықтық қорғауды, олардың шетел­дердегі жеке, отбасылық, іскерлік мүд­де­лерін қорғауды күшейту мақсаты көз­деліп отыр.

Қазақстан Президенті ХХІ ғасырдың он жаһандық сын-қатерін жеке-жеке айтып өтті. Елбасы тарихи уақыттың жеделдеуін, Жер бетіндегі адам санының артуын және жаһандық демографиялық теңгерімсіздікті бірінші және екінші сын-қатер деп алған. Адамзат саны арт­қан сайын азық-түлік проблемасы күшейе түсетіні анық. Үшінші сын-қатер жаһандық азық-түлік қауіпсіздігіне төніп тұрғанын жеткізді. Келесі кезекте судың өте тапшылығы, жаһандық энер­ге­тикалық қауіпсіздік, табиғи ре­сурс­тар­дың сарқылуы мәселелеріне тоқталған Елбасымыз осы әлемдік қатерлердің ал­­дын алу үшін қазірден бастап нақты ша­ра­лар­ды жүзеге асыру қажет екенін ескертті.

Жетінші жаһандық сын-қатер деп үшін­ші индустриялық революцияны айт­қан Мемлекет басшысы жаңа ғасыр­дағы ғарыштық жылдамдықпен өмірге еніп жатқан технологиялық жаңа­лықтар әлемдік нарықтың құрылы­мы мен қажет­тіліктерін түбегейлі өзгер­тетінін жеткізді.

Сонымен қатар, өз болашағын ай­қын­даған біздің мемлекетіміз әлемдегі үдей түскен әлеуметтік тұрақсыздыққа, өрке­ниет құндылықтарының дағдарысына, әлемдік жаңа тұрақсыздық қаупіне төтеп бере алуы керек. Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев бұл тұрғысындағы ой-пікірін: «Осыған байланысты біз халық­аралық ахуал дамуының кез келген көрінісіне жан-жақты дайын болу үшін биліктің барлық тармақтарының, мемлекет пен қоғамның ойластырылған, келісілген және үйлестірілген бағы­тын тұжырымдауға тиіспіз», деп қорытын­дылады.

Елбасының жаңа Жолдауындағы ел­дік мақсатты іске асыруда Парламент те, Үкімет те, салалық министрліктер де аса белсенділікпен қызмет етеді деген сенімдемін. Барша халқымыз өңірлерді дамытуда облыс, қала, аудан мен ауыл әкімдіктері де жаңаша серпінмен еңбек ететініне үміт артып отыр. Сондай-ақ еліміздің әрбір тұрғыны жасы мен жынысына, ұлты мен туған жеріне бөлінбейтін, біртұтас Қазақ елінің азаматы ретінде тәуелсіз мемлекетіміздің өркендеуі жолында өз үлесін қосуы – Отан алдындағы парызы. Өз елін сүйетін және Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамының қағидаларына сай еңбек ететін азаматтарымыз барда Елбасы ұсынған «Қазақстан-2050» Стратегиясы сөзсіз жүзеге асатынына толық негіз бар. Осы ұстанған бағытымыз жас елімізді бірлік пен берекеге, келісім мен ынтымаққа бастайтын тура жол деп сенемін.

Тұрарбек АСАНОВ,

Парламент Мәжілісінің депутаты,

«Нұр Отан» ХДП фракциясының мүшесі.

__________________________________

Суретті түсірген Ерлан ОМАРОВ.