Аймақтар • 28 Тамыз, 2019

Қарағандыда МӘМС-ті енгізу бойынша сынамалы жоба іске қосылды

182 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қарағандыға жұмыс сапарымен келген Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов облыс әкімі Ерлан Қошанов және облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаевпен бірге өңірде міндетті медициналық сақтандыру жүйесін енгізуге әзірлік барысын талқылады.

Қарағандыда МӘМС-ті енгізу бойынша сынамалы жоба іске қосылды

Аталған жүйе еліміздің басқа өңірлерінде 2020 жылдың басынан бастап іске қосылатын болса, Қарағанды облысы үшін осы жылдың 1 қыркүйегінен басталады. Сондықтан, бұл ауқымды шаруаға деген әзірлік барысы күн тәртібінде өткір тұрған мәселенің бірі.

Жобаны сынамалы режімде Қарағанды облысында енгізу туралы шешімнің өзіндік себептері бар. Мысалы, мұндағы медициналық мекемелердің түгелге дерлігі кешенді медициналық ақпараттық жүйеге көшірілген. Яғни, бұл емделушілердің диагноздары, тағайындалған дәрі-дәрмектер мен рәсімдер туралы барлық деректер бірыңғай дерекқорда сақталады деген сөз. Міне, осындай дайын дүниенің арқасында өңірде МӘМС жүйесін енгізу оңайға түсетін түрі бар. 

Министр Елжан Біртанов міндетті медициналық сақтандыру жүйесі туралы кеңінен әңгімелеп берді.

– МӘМС дегеніміз қорда жинақталған қаражаттың есебінен сақтандырылған азаматтарға ғана көрсетілетін медициналық қызметтердің қосымша пакеті. Бұл топтамаға томография, салалық мамандардың кең ауқымды кеңес беруі, тегін дәрі-дәрмек тізімін ұлғайту сияқты қызметтер кіреді. Бүгінгі таңда біз әрбір үшінші рецептуралық дәрі-дәрмекті бюджеттен төлейміз. Бірте-бірте барлық рецептуралық дәрі-дәрмектер тегін немесе субсидиялаумен берілетін болады, – деді ол. 

Жалпы, медициналық сақтандыру жүйесін тестілік режімде енгізуге республикалық бюджеттен 2,3 млрд теңге бөлінген. Жүргізілетін сынақ  жүйедегі барлық кемшіліктерді анықтауға және оларды 1 қаңтарға дейін жедел түзеуге мүмкіндік береді. Нормативтік-құқықтық базаға, ақпараттық жүйелердің дайындығына, медициналық қызмет тұтынушыларын есепке алуға, сатып алу және төлеу әдістерін жетілдіруге ерекше мән беріледі.

Сондай-ақ, Қарағанды облысында сынамалы жоба аясында Saqtandyrý бағдарламасы апробацияланады, ол міндетті медициналық сақтандыру жүйесінде емделушінің мәртебесін анықтауға мүмкіндік береді.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, жобаны басқаруға 2,3 млрд теңге бөлінген. Бұл қаржы 175 мыңнан астам адамға жүрек-қантамыр жүйесі, қант диабеті, глаукома және вирустық гепатит ауруларын ерте анықтау үшін алдын алу тексерулер жүргізу үшін жеткілікті. Сонымен қатар, инсульт, инфаркт, ауыр жарақат немесе күрделі ота жасаған адамдар үшін медициналық оңалту қызметі ұсынылады.

Міндетті медициналық сақтандыру жүйесін енгізу сақтандырудың болуы немесе болмауына қарамастан, барлық азаматтарға көрсетілетін қолжетімді тегін медициналық қызметтердің күшін жоймайды. Мұндай қызметтер қатарына жедел жәрдем шақыру, ауруханаға шұғыл жатқызу және басқалары енеді. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында Қарағанды облысының тұрғындарына жылына 5,6 млн теңгенің қызметі көрсетіледі деп жоспарланған.

Айта кету керек, бүгінгі күнде Қарағанды облысы бойынша жұмыс істейтін 549 мың азамат міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне жарна төледі. Төлемдердің жалпы сомасы 15,4 млрд теңгені құрайды.

Жиын барысында облыс әкімі Ерлан Қошанов жобаны іске асыру дайындығының тыңғылықты жүргізіліп жатқанын жеткізді.

– Цифрландырудың жоғары деңгейі қамтамасыз етілген, барлық тұрғындардың электрондық денсаулық төлқұжаты бар. Сондай-ақ, кей жағдайда бизнесті тарта отырып денсаулық сақтау нысандарын жылдамдата   жаңғырту жүргізілуде. Біз медициналық кадрлардың жетіспеушілігі мәселесін мақсатты түрде шешудеміз. Ағымдағы жылы 500-ге жуық жас маман келеді деп күтіп отырмыз. МӘМС жүйесінде азаматтардың мәртебесін толық өзектендіру жүргізілді, облыс тұрғындарының 2%-ін жұмылдыру ғана қалды, – деп баяндады өңір басшысы.

 

Қарағанды облысы