Спорт • 29 Тамыз, 2019

Жанель Ғарифуллина: Спорт пен білім бір-біріне кедергі емес

386 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Жанель сияқты жастарды көргенде кәдімгідей қуанып қаламын. Қолы қалт етсе гаджеттерге үңілетін қатар­лас­та­рына ұқсамайды. Нәп-нәзік қызды таңертең сабағы, түстен кейін жаттығуы күтіп тұрады, ал кешкілік уақытын білімін шыңдап, өзін өзі дамытуға арнайды. Соның арқасында дзюдодан елішілік турнирлерде топ жарып жүр, қазақ күресінен әйелдер құрамасының мүшесі.

Жанель Ғарифуллина: Спорт пен білім  бір-біріне кедергі емес

– Жанель, сені күрес түр­лері­мен, соның ішінде дзюдо және қазақ күресімен шұғылданады деп естігенмін. Сен  сияқты нә­зік қыздың дәл мұндай жекпе-жек түр­леріне қалай ден қойып жүр­генін білгім келеді.

– Спортпен шұғылдана баста­ғаныма екі жылдай болды. Алғаш 9 сыныпта күрес үйірмесіне бардым. Ол кезде кәсіби тұрғыда қандай да бір жетістікке жетемін деген мақсат болған емес. Тек қандай жағдайда да өз өзімді қорғай алуым керек деп шешіп, жекпе-жекті таңдадым.

– Жекпе-жектің өзге де түр­лері бар ғой, күрес несімен қызық­тырды?

– Өзім Шығыс Қазақстан облы­сының Зайсан қаласының тумасымын. Біздің кішкентай қалада күрес түрлеріне қызығушылық жоғары. Оның үстіне үйдің жанында күрес үйірмесі бар. Бастапқыда ата-анам спортқа ден қойғаныма қарсы болды. Күрес қыз балаға арналмаған деген сыңайдағы біраз пікір айтылды. Бірақ өзім іштей шешім қабылдап қойған едім, сондықтан айтқанымнан қайтпаймын дедім. Еріккеннен емес, өзіме ұнайтын болғандықтан уақыт бөліп жүргенімді түсінген соң үйдегілер де қолдау көрсете бастады.

– Алғашқы жетістіктерің де себеп болған шығар...

– Мүмкін. Күреске қатыса бас­таған соң араға жарты жылдай уақыт салып облыстық біріншілікке қатысып, екінші орын алдым. Үш жекпе-жек өткізіп, соның біреуінде жеңілдім. Алғашқы жарысым ғой, кәдімгідей уайымдап, қобалжыдым. Бірақ сайыс басталған соң оның бәрі ұмытылды. Финалда жеңіліс тапқанда көңіл күйім түсті.

– Ал достарың сенің қызығу­шы­лығыңа қалай қарайды? Сенің қатарыңа қосылғандар бар ма?

– Қатарластарымның біразы таңғалған. Әсіресе қыздардың арасында «күрес түрін неге таңдадың?» деп сын айтқандар көп болды. Үнемі қолың босамайды: сабақ, одан соң жаттығу не жарыс. «Соңғы жыл ғой, бізбен неге қыдырмайсың» деп рен­жи­тіндерді естідім. Жарыс деп жүріп талай қызықтан қа­лыс қалдым. Бірақ бұл менің таң­дауым. Уақыт өте бірнеше құр­бым да күреспен шұғылдана бастады.

– Қай салмақта күресесің?

– Қазір 48 килода белдесемін. Бастапқыда 44 килода күрес­кенмін. Салмақ қосу да белгілі бір тәртіппен жүруі тиіс. Сон­дық­тан тамақтануға қатты көңіл бөле­мін. Фастфуд, газ­дал­ған сусын, қуырылған картоптарды бір­жола пайдалы тағамдарға алмас­тырдым.

– Ал білім мен спорттың қай­сысына басымдық бересің?

– Меніңше, адам алдымен білімді болуы керек. Сабақты таңдауыма үйдегілердің де әсері бар. Олар білім бірінші орында тұруы керек деп санайды. Спорт та керек. Сондықтан білім мен спорт бір-біріне кедергі емес деп ойлаймын. Білім жолын қуатыным анық, бірақ соның алдында Олимпиада ойындарында топ жарсам деген арманым да жоқ емес.

– Шахматта да біраз же­тіс­тікке жетіпсің. Осы туралы айта кетсең...

– Атам әлі күнге дейін Зай­санда шахматтан шәкірт тәр­биелеп жүр. Бала күнімнен сол кісінің шахмат ойнап отыратынын көріп өскенмін. Мен де ойнайыншы деп көп мазасын алсам керек, біртін-біртін шахматтың ережелерін үйрете бас­тады. Ол кезде бірінші сыныпта оқитынмын. Ал бесінші сыныпта облыстық жарысқа қатысып, екінші орын иелендім. Былтыр 17 жасқа дейінгілер арасында да екінші орынға қол жеткіздім. Бі­рақ қазір тек үйде ойнаймын. Атам «сабағыңа кедергі болады» деп тур­нирлерге қатыспағанымды жөн көрді.

– Ал өңірде спортшыларды қол­дау жағы қалай?

– Дзюдодан облыстық құ­раманың мүшесімін. Сон­дық­тан барлық шы­ғындарымызды облыстық басқарма өтейді. Былтыр көктемде ел бірін­шілігінде топ жарғалы қазақ күре­сінен әйелдер құрамасындамын.

– Қазақ күресінен құрама сапында қандай да бір жарыстарға қатысып үлгердің бе?

– Әзірге тек оқу-жаттығу жиын­дарымен шектеліп жүрмін. Себебі оқуға байланысты жарыс­тарға қатысуға уақыт болмады. Негізі құ­ра­мамыз жас. Өзім сияқты қыздар. Бір-бірімізбен танысып, тіл табысып үлгердік.

– Жақында шетелге оқуға кетеді екенсің. Спорттан қол үзіп қаламын деп қорықпайсың ба?

– Мен оқуға баратын Литвада негізінен баскетболға ерекше ден қойылады екен. Күрес түрлеріне айтарлықтай қызығушылық жоқ. Әзірге бапкер тапқан жоқпын, тек сол елдегі дзюдоның дамуымен танысып жатырмын. Сабағымды ретке келтіріп алған соң, жаттығуды да қолға аламын. Зайсандағы бапкерлерім де кө­мек­тесіп тұратындарын айтып жатыр. Роллан Уалханов пен Олжас Сотциалов секілді жаттық­ты­рушыларым «Күресті тастама, сол жақта тәжірибе жинап, бізбен бөлісесің» деп тапсырма беруде.

– Неліктен таңдау Литваға түсті?

– Бастапқыда Назарбаев Универ­си­тетке түсемін деп ой­ла­ғанмын. Емтиханның алғашқы кезеңінен өт­тім де, тек екінші кезеңі­не ауырып қалып қатыса алма­дым. Үйде­гілер елде қалға­нымды қалаған. Еуропада мәде­ниет те, көзқарас та бөлек. Мен жас­пын. Ал Литвада елі­мізден барған студенттер де аз емес, әрі орыс­тілді тұрғындар да көп екен.

Компьютерлік бағдарламалау ма­мандығын таңдадым, емтиханды ағылшын тілінде тапсырдық. Өзіме робот, заманауи технология қызық. Сол саланың елімізде дамуына үле­сімді қоссам деймін.

– Әдеби кітап оқуға уақыт бола ма?

– Әрине әлемдік классиканы сүйсініп оқимын. Соның ішінде Михаил Булгаковтың «Мастер және Маргарита» кітабы ерекше ұнайды.

– Сенің жасыңда бұл туынды тым күрделі емес пе?

– Булгаковтың тілін, ойын бірден түсіну қиын. Не айтқысы келгенін ұғыну үшін бір сөйлемді бірнеше рет оқимын. Бірақ сонда да қатты ұнайды. Қатарластарыма да кеңес беремін.

 

Әңгімелескен  Мәдина АСЫЛБЕК,

журналист