Аймақтар • 29 Тамыз, 2019

Оянған өлке

640 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Елордамызда соңғы бес жыл ішінде 2 мың көше атауы қайта қаралып, кеңестік атаулар рухани бағытқа бет бұрды. Бұл құлдық санадан бостандыққа қарай боздап жасалған іргелі қадам.

Оянған өлке

Кез келген дүние келесі бір дүние­мен, ол келесісімен байланы­сып кете беретін жүйелілігі бар. Осындай бір заңдылықтың салда­ры­нан еліміздегі біршама елді мекен­ атаулары қазаққа жат есім­дер­мен аталып кеткен еді. Тарихи факторлар, қоныстанушылардың өзге ұлт өкілдері болуының әсері, тағысын тағылар... Айтылған бірнеше себептің салдарынан жақ­пар-жақпар белдер де, қатпар-қатпар таулар да қазақша ата­уын өткеннің еншісінде қалдыра берді де, жаңа да жат сөздермен атала бастады. Сол кездегі тарихи жағ­дай­­­лар қазақ даласына осындай өзге­рістер енгізсе, қазіргі тарихи жағдай қазіргі тәуелсіз қазақ дала­сы­ның көне атауларын неге қайта қолданысқа енгізбейді?! Қазақ даласындағы әр тасқа дейін сол ескі атаумен, сол қазақы атаумен аталуы тиіс! Сананың жаңғырғаны, ұлттың жаңғырғаны, рухтың жаңғырғаны осы болмақ.

Еліміз егемендік алып, етек-же­ңімізді жинап, өткен-кеткенге көз жүгіртіп, қайбір кездерде жа­сал­­ған олқылықтардың орнын тол­тыру саналы ұрпақтың ұлт алдын­да­ғы, бабалары мен балалары ал­дын­дағы міндеті болса керек-ті. Қаза­қы­лықтың қаймағы сақталған жерлерде Калинин мен Лениннің есімдері әлі өшпей тұрғаны, тайға таңба басқандай әр жерде жазылып тұруы – тәуелсіздігіміздің көрсеткіші ме?! Елі үшін өзін құр­бан еткен ерлердің есімдері, қазақтың хас батырларының, Алаш азаматтарының аты қате жазылған қалпы сол Ленин мен Калининнің бойын тасалағаны – сананың жаңғырғаны ма?!

Жер атауларының қазақшалануы туралы біршама бастама көтеріліп, екі түрлі пікір есітіліп те жүрді. Бұл заңдылық та. Әділдік емес, заңдылық қана. (Тәжірибеден байқағанымыздай елді мекеннің атауын өзгерту аса қиын шаруа емес екен.) Десе де, осы күнге дейін кенжелеп келе жатқан маңызды шаруа Ақмола өңірінде өткен жылдың маусым айында өзінің оң шешімін тапты. Ақмола облысына қарасты Целиноград (әзірге) ауданының 2 ауылы мен 23 көшесі қазақшаланды.

Тұрғындар арасында «Но­вои­шимка» деген атауды арқа­лап жүрген ауыл атауы – «Жаңа Есіл», белгісіз бір себептермен «Се­ме­нов­ка» болып ұйықтаған ауыл – «Қара­менді батыр» болып оянды. Қара­менді батыр – Абылай хан зама­нындағы белгілі де беделді батыр­лардың бірі. 1922 жылы қазақ даласына Кеңес өкіметі енді орнап жатқан кезде, Қараөткелдегі бір топ қазақ азаматы Кенесары хан мен Наурызбайдың қаза тапқанына 75 жыл толуына орай үлкен ас беріп, ат шаптырды. Бұл той Қараменді батыр бейітінің маңында өтеді. Кенесары ханның, оның сенімді серіктері: Наурызбай, Ағыбай, Бұғыбай, Танаш, Жанайдар, Жеке батырлардың аруағына арналып құран оқылған осынау астың өткен жері сонау кездерде «Қараменді батыр ауылы» деп аталғанын тарих ғылымдарының докторы Жамбыл Артықбаев 1897 жылғы ескі картаны көрсете отырып, дәлелдеп берді.

Бұл – жақсы істің басы ғана. Ақмола облысындағы 8 ауыл, 3 ауылдық дуан мен 221 көше атаулары өздерінің мағынасыз атауларынан арылып, қазақтың ертеңі үшін от кешкен батырлардың, ел ертеңін алаң қылған зиялылардың атымен, қазаққа рух беретін бай­рақ­ты да төл сөздерімен атала бас­тады. Көпшілік танымайтын, нақты сол аумаққа еш қатысы жоқ адам­дардың атымен аталып келген Ақмол­дың – 18, Қосшының – 62, Қоян­дының – 42, Жарлыкөлдің – 9, Шұбардың – 4, Арайлының – 11, Мәншүктің – 8, Талапкердің – 22, Жаңа Есілдің –22, Родинаның – 4, Софиевканың 15 көшесі – «Күлтегін», «Тоныкөк», «Тәуке хан», «Қабанбай батыр», «Кейкі батыр», «Кенесары», «Қасым хан», «Қа­жы­мұқан», «Балуан Шолақ», «Д.Қонаев», «Қ.Рыс­құлбеков», «Ж.Тәшенов», «Ә.Бөкей­ханов», «М.Дулатов», «М.Жұмабаев», «Ф.Оңғар­сы­нова», «М.Мақатаев», «Ұлы дала», «Тәуел­сіз­дік», «Желтоқсан», «Алаш», «Егемен Қазақстан», «Оқжетпес», «Бурабай», «Көкшетау», «Арқалық», «Ерей­мен­тау», «Баянауыл», «Арал», «Балқаш», «Зайсан», «Алакөл», «Шалқар», «Жайық», «Хантау», «Қазы­ғұрт», «Отырар», «Түркістан», «Қы­зылорда», «Қызылжар», «Ке­ре­ку», «Бозоқ» секілді атауларға ие болды.

Осыншама іс бір ғана күнде жоспарланып, іске асып кетпесі хақ. Бұл істің басы-қасында жүріп, азаматтардың бас қосқан жиынын жүргізіп, ауыл тұрғындарымен, ономастикалық орталықтармен, тарихшылармен, ел азаматтарымен, зиялы қауыммен ақылдаса отырып, жүйелілік пен жанашырлық, ұлт­жан­дылық пен ұтқырлық танытқан: Целиноград ауданы әкімінің орынбасары Алма Айтқожинова мен аудандық мәдениет және тiлдердi дамыту бөлiмiнiң басшысы Айгүл Сүйiнжановаға айтылған алғыс­тар­дың талайын естіп жүрміз.

Қараменде батыр мен Жаңа Есіл ауылдарының тұрғындарымен кездес­кен жиында Алма Көкішқызы: «Мен Ерейментауда қалың немістің арасында туып-өстім. Сондықтан қазақшаға шорқақ болдым. Қазақ­ша сөйлемегеніммен, жүрегім қазақ деп соғады. Бүгін біздің осы атқар­ған ісімізге әкем мен анамның аруағы риза болған шығар деп ойлай­мын», деп еді. Ойлы адамға бұдан артық не айтпақ керек?! Жақ­сы­лық жасап, игілікті қайталап, тура осындай жат есімдерден арыла алмай тұрған қазақ даласындағы кейбір ауылдар мен көшелерді, аудандар мен ғимараттарды тірілтетін кез келді.

Ауыл мен көше атауларының қазақ­ша­лануында қаламгер замандастарымыз бен тарихшы ға­лымдарымыз да өз үлестерін қосты. Көзі қарақты оқырман осы­нау сүйіншілеген жаңалықты Алмас Темірбайдың, Жамбыл Артықбаевтың әлеуметтік желі­де­гі парақшаларынан да оқып, ризашылықтарын білдіріп жатты. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, жұмыла көтерілген жүй­ел­і істің жемісі осындай болмақ керек. Елордамыздың маңындағы қа­зақ ауылдарының жағымды жаңа­лығын басқа да оянбаған ауылдар мен көшелер қайталайды деген үлкен үмітім мен зор сенімім бар.

 

Ербол АЛШЫНБАЙ,

журналист