Аймақтар • 29 Тамыз, 2019

Жергілікті кадрлар өнімге жете мән беруде

298 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақстанда британдық AVONProtection лицензиясы бо­йын­­ша күләпара (капюшон) типті рес­пира­торлар өндіріле бастады. Ли­цензиар – негізінен мұнайгаз жобалары үшін жеке және ұжымдық қорғаныс құралдарын жеткізумен айна­лысатын қазақстандық «QHSE-Akbarys» ЖШС компаниясы.

Жергілікті кадрлар өнімге жете мән беруде

AVONNH15K респираторларын құрастыру «Астана – жаңа қала» АЭА индустриялық аймағында (Нұр-Сұлтан қ.) жолға қойылған. Жобаға салынған инвестициялардың жалпы көлемі – шамамен 1 млрд теңге. Жаңа 16 жұмыс орны ашылып отыр.

Респираторларды құтқару құралы ретінде 30 секундтан төмен уақытта қолдануға болады және бұл 15 минутқа дейін ауаның сүзілуін қамтамасыз етеді. Бұл – төтенше жағдайларда қауіпсіз жерге жету үшін жеткі­лік­ті уақыт. Бетті түгел жабатын мөлдір бетперде улы сұйық­тықтардың шашырауынан қор­ғайды. Оның үстіне булану­дан қорғалған. Қазақстанда шығарылатын модификация жергілікті климаттық жағдайға арнайы бейімделіп жасалған. Теңіз және Қарашығанақ кен орындарының операторлары «QHSE-Akbarys» ЖШС өнімдеріне осындай қасиеттері үшін ерекше қызығушылық танытуда.

Таяуда қазақстандық кә­сіп­о­р­ы­н­­ның құрастыру цехы та­ныс­­­тырылды. «QHSE-Akbarys» ЖШС-нің бизнесті дамыту жөніндегі менеджері Тимур Жарылқағановтың айтуынша, Қазақстан аумағында өндірісті ұйымдастыруға «Теңізшевройл» ЖШС бастамашы болды.

«Сіздер, біздің тапсы­рыс беру­шіміз ретінде Қазақ­стан­нан осы өндірісті ашуға кө­мек­тес­тіңіздер. Бүгін осы зауыт­тың жұмыс істеп тұрға­ны­на куә болып отырмыз»,  деді Т.Жарлықағанов өндіріс алаңының ашылу салтанатына қатысқан ТШО бас директоры Имер Боннерге қарап.

«Теңізшевройл» ЖШС-нің отандық нарықты дамыту бөлімінің үйлестірушісі Олжас Лұқмановтың айтуынша, осы өнімді жеткізу келісімшартында қазақстандық үлесті арттыру жос­пары бойынша AVONNH15K рес­­пи­раторларын өндіруді оқшау­­лау қарастырылған.

Ұзақ мерзімді келісім­шарт­тар­дағы қазақстандық қамтуды арттыру жоспары – 2017 жылдан бастап «Теңізшевройл» ЖШС-де жергілікті қамтуды дамытудың кешенді стратегиясының бір бөлігіне айналды. «QHSE-Akbarys» жетістігі осы тәсілдің бір ғана нәтижесі емес. Осы­лай­ша, KISCO компаниясы қазақстандық қамтуды дамыту жоспарын ұсынды, соған сәйкес Атырауда фланец төсемдерін шығаратын цех іске қосылды.

2018 жылдың соңынан бастап Атыраудағы KISCO өндірістік алаңында 23 қазақстандық жұмысшы жұмыс істейді, ал кәсіпорын ТШО-ға барлық халықаралық стандарттарға сәй­кес келетін отандық өнімдер жеткізеді. Айтпақшы, цех Аты­рау құмдарындағы немістің инже­нер­лік ой жемісінің оазисі іспет­тес. Өндіріс процесі неміс технологиясына сай, жұмыс­­шылар да соған сәйкес оқы­тыл­ған.

Жергілікті өндіріс үшін жет­кізу­шілер инфрақұрылымға қара­жат салатын осындай жергі­лік­ті қамтуды дамыту үлгісі жаңа жұмыс орындары түрінде ғана пайда әкелмейді. Мұндағы негізгі артықшылық – технологиялар мен дағдылар трансферті.

Тағы бір мысал – «Шым­кент­цемент» АҚ. Кәсіпо­рын Те­ңіз кенішіндегі ұңғы­ма­лар­ды цементтеу кезінде бел­сен­ді қолданылатын G маркалы бітегіш цемент өндірісін оқшаулауға мүмкіндік алды. ҚР аумағында осындай сыныптағы цемент өндірісін ұйымдастыру мүмкіндігі ТШО-ның ұзақ мер­зім­ді мақсаттарының бірі болатын. «Шымкентцемент» АҚ кездейсоқ таңдалмады. ТШО және ұңғымаларды аяқтау бо­йынша негізгі қызмет жеткізуші Шлюмберже мамандары өнді­ріс­тік мүмкіндіктерін анық­тау үшін үш цемент өндіру­ші­ге аудит жүргізді. Тек «Шымкентцемент» қана API 10A бойынша сертификатталған болып шықты, оның өнімдері Шлюмберже мен Шевронның зертханаларында сынақтан ойдағыдай өтті. Технологиялық процесс жолға қойылып, кәсіпорын Теңіз жобасының қажеттіліктері үшін әлемдік деңгейдегі цементті өндіре бастады. Бұдан басқа, G маркалы қазақстандық цемент халықаралық нарыққа экспорттау үшін жарамды. Қазіргі уақытта қазақстандық мамандар бүкіл компания штатының 95%-ын құрайды.

Теңіз жобасын жүзеге асы­ру­­ға мердігер мекеме­лер­­­­­дің қызметкерлерін қоса алған­да, барлығы 80 мыңға жуық қа­зақ­стан­дық жұмыл­ды­­рылды. 2018 жылы «Теңіз­шев­­ройл» ЖШС-нің отандық өнді­рушілердің тауарлары мен қызметтерін сатып алу шы­ғын­да­ры 1,3 трлн теңгеден асты. Салыстыру үшін айталық, сол жылы ТШО қызмет ететін бүкіл Атырау облысы бюджетінің шығыс бөлігі 100 млрд теңге­ден сәл астам болған еді.

Қазақстандық тауарлар мен қызметтердің негізгі көлемі Келешек Кеңею Жобасы (ККЖ) мен Ұңғы Ернеуіндегі Қысымды Басқару Жобасы (ҰЕҚБЖ) аясында сатып алынды. Бүкіл шығындардың 65%-ы – осы жобаларға тиесілі.

«Теңізшевройл» ЖШС-де тауарлар мен қызметтерді сатып алудағы жергілікті қам­ту үлесі үнемі өсіп келеді. Компа­нияның мәліметінше, 1993 жылы қазақстандық тауарлар мен қыз­мет­терді сатып алу шы­ғын­да­ры – 27 млн АҚШ долларына жетті. 2003 жылы бұл көрсеткіш 500 млн АҚШ долларынан асқан-ды. Ал 2013 жылы ТШО отандық тауарлар мен қызметтерді сатып алуға 2,3 млрд-тан астам АҚШ долларын жұмсады. Салыстыру үшін айталық, осы жылдың бірінші жартыжылдығындағы қорытынды бойынша бұл көрсеткіш 2,1 млрд АҚШ долларына жетті.

Қызметтер мен жұмыстар ТШО-ның негізгі сатып алулар бөлігін құрайды және компания атап өткендей, бұл үрдіс өзгермейді. 2018 жылы қазақстандық жеткізушілер ТШО-ның қызметтер пен жұмыстар бойынша негізгі өндіріс қажеттіліктерінің 70%-ын
қанағаттандырған.