100 • 28 Тамыз, 2019

«Еңбекшіл қазақ» газеті: Қазақты «қазақ» дейік, қатені түзетейік

1847 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

1923 жылы «Еңбекшіл қазақ» газетінің №66 санында шыққан «Қазақты «қазақ» дейік, қатені түзетейік» мақаласын назарларыңызға ұсынамыз. Бұл мақаланы Манап Шамиль деген бүркеншік есіммен Сәкен Сейфуллин жазған.

«Еңбекшіл қазақ» газеті: Қазақты «қазақ» дейік, қатені түзетейік

Бүгінге шейін қазақты орыстар «киргиз» деп келді. Не себепті қазақ­ты орыс «киргиз» деп кеткенін тексермей-ақ, ол «киргиз»-қыр­ғыз деген аттың қалайша жалпы қазаққа жапсырылып кеткенін баян­да­май-ақ, енді бұл тарихи қатенің түзетілуге керек екенін жұртқа айтқым келеді. Орыстың патшасы қазақты қаратып алып, жалпы қазаққа «киргиз» деп ат жапсырылған соң, қазақ халқын оңай қаратып алған соң орыс патшасының төрелері, жасауылдары қазақты бір түрлі, құр, мүгедек, мақау жануар деп санап, «киргиз» дегенде бір түрлі менмендік қиянатпен, қорлаған мазақпен айтатын болды. Ақ патша­ның «шарапатына» мәз болған мырзалар қазаққа жоғарыдан төмен қарап, тұмсығын көкірейтіп, пысқырып, «киргиз» дейтін болды. Төрелердің қатындары итіне ұрысқанда: «Ах, ты, полкан! «Киргиздан» да жамансың!» дейтін болды. Ақ патшаның жасауылдарының, төрелерінің бұл аңыздары орыстың надан халықтарының араларына да жайылды. Келе-келе тұрмыстың игілігін өзгелермен бірдей ешуақытта қазақтың көруге лайығы жоқ деп ойлайтын болып, қала тұрмысына түсіп, оқып, тазарақ тұра бастаған қазақты көрсе таңырқап: «Қарашы, тіпті өзін «киргиз» дейтін емес!» деп тамсанып жүретін болды. Қазақтың бір қылығын жақтырмаса: «Белгілі, енді киргиз болған соң қайтушы еді!» дейтін болды. Қырға шыққан шабармандары, жасауылдары қазаққа зорлық қылғанда, қазақты қорқытқанда көзін алартып, тісін қайрап: «У, киргиз-з-з!» дейтін болды.

«Киргиз» дегенді әлгі мырзалар бір түрлі ызбарланып, тістеніп айтатын болды.

Енді ол күндер өтті. Октябрь төңкерісі қазаққа бұлай қарауды тиды. Енді қазақ та – бір, басқа халықтар да – бір. Қазір әр жерде осындай тарихи қателерді түзетті һәм мұндай түзетілген аттарды Совет үкіметі де қатты ықтиятпен қабыл алды. Мәселен, Хиуаны қазір «Хорезм жұрты» дейтін болды. Сартты «өзбек» дейтін болды. Һәм бұл түзетіліп қойған аттарды Совет үкіметі қолданып кетті. Біз «киргиз» деген атты жоғалтып, «қазақ», «қазақ» деп кетсек, басқа халықтар да бізді «қазақ» деп осы атты қолданып кетпек. Біздің бір үлкен кемшілігіміз – осы күні басқа жұрттан бұрын өзімізді өзіміз «киргиз» дейміз. Әуелі, біздің «Қызыл Қазақстан» журналы орысша «Қызыл Киргизстан» деп аталады. Бұл біздің едәуір әлсіздігімізді көрсетеді. Егер де біздің қазақ жігіттері бұл қатені түзетеміз десе оп-оңай түзетіп әкетер еді.

Біздің әр қазақ жігіті «Кир» деген періні тастап, қоймастан «қазақ», «қазақ» деген сөзді жұмсап, басқа жұрттың құлағына сіңдіріп үйрету керек.

Қазақстанның орталық үкіметі «киргиз» деген есімді жойып, «қазақ» деген есімді қолдануға жарлық (декрет) шығару керек. Қазақты «қазақ» дейік, тарихи қатені түзетейік!

Манап Шамиль