Президент • 30 Тамыз, 2019

Ядролық қарусыз әлем және жаһандық қауіпсіздік үшін Назарбаев сыйлығы тапсырылды

2620 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

29 тамыз – Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні. Осы атаулы күннің қарсаңында Нұр-Сұлтан қаласында Ядролық қарусыз әлем және жаһандық қауіпсіздік үшін Назарбаев сыйлығын тапсыру рәсімі өтті.

Ядролық қарусыз әлем және  жаһандық қауіпсіздік үшін Назарбаев сыйлығы тапсырылды

Қазақстан ядросыз әлемге қарай нық қадам басуға жол ашты

Салтанатты шараға Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев және шетелдік дипло­ма­тиялық өкілдіктердің басшылары қатысты.

Алдымен Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сөз алып, бұл іс-шараның символдық мәні зор екенін, биыл Қазақстанның ядролық қаруды таратпау туралы шарт­қа және Ха­лық­аралық Атом энергиясы жөніндегі агент­тігіне (МАГАТЭ) қосыл­ғанына 25 жыл тол­ғанын, сондай-ақ Ор­талық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру туралы шарттың күшіне енгеніне 10 жыл болғанын атап өтті.

– Біздің басқосуымыз маңызды оқи­ға­лармен тұспа-тұс келіп отыр. Қазақ­стан қару-жарақ арсеналы жағынан әлем­дегі төртінші ел саналғанын білесіз­дер. Қазір біз ядролық мемлекеттер қа­тарынан әлемдік антиядролық қозғалыс­тың жаһандық көшбасшысына айнал­дық. Бұл Қазақстанның Тұңғыш Прези­денті Нұрсұлтан Назарбаевтың дана басшылығымен жүзеге асты. Осы мақсатқа жету жолы күрделі болды. Біздің халқымыз жанталаса қарулану мен әс­кери сынақтардың зардаптары қандай бо­ла­тындығын жақсы біледі. Өйткені Кеңес Одағындағы ядролық сынақтардың үштен екісі елімізде жасалып келді. Қазақстан ядросыз әлемге қарай нық қадам басуға жол ашқан көптеген бастаманы көтерді. Атап айтсақ, Нұрсұлтан Назарбаевтың Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы Жарлығының тарихи мәні бар. Полигон жұмысының салдарынан мыңдаған жергілікті тұрғын мен табиғатқа орасан зор нұқсан келді. Бір термоядролық бомба Жапониядағы Хиросимаға тасталған бомбадан 26 есе күшті болғанын түсінген маңызды. Радиоактивті қалдықтар 100 мыңдаған шаршы шақырымға таралды. Әлі күнге дейін ядролық сынақтардың салдарын сезініп келеміз. КСРО-ның жекелеген әскери лауазымды тұлғалары мен саяси элиталарының қарсылығына қарамастан, Елбасының қазақ жеріндегі полигонды жабуы – нағыз ерлік. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін Қазақстан әлем бойынша зымырандық-ядролық әлеуетке ие болғандардың бірі болды. Бізде 1400 ядролық оқтұмсығы бар 100-ден астам құрлықаралық баллистикалық зымыран орналасты. Жаппай қырып-жою қаруын ұстап тұру үшін барлық әлеуетіміз де болған еді. Сол кездегі Қазақстанның ядролық әлеуеті Франция, Ұлыбритания және Қытайдың жиынтық күшінен де асып түсетін. Кейбір елдердің жауапсыз басшылары біздің Тұң­ғыш Президентімізді оны сақтап қалуға илан­дыруға тырысты. Дегенмен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мұндай қаруға ие бо­лу түбегейлі қауіпсіздіктің кепілі болмай­тын­дығын айтқан еді, – деді Мемлекет басшысы.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның ядролық қарусыздану және оны таратпау саласындағы бірегей саясаты әлемдік тарихта теңдессіз екенін айтып, бірақ бұл тәжірибені барлық ел қолданбай отырғанына қынжылыс білдірді. Сондай-ақ ол БҰҰ деректері бойынша бүгінде әлемде 15 мың ядролық қару сақталып отырғанын, оның ішінде жүздеген ядролық қару санаулы секунд­тарда іске қосылуға қауқарлы екенін айтты.

Осы ретте Мемлекет басшысы Таяу Шығыстағы, Корей түбегіндегі жағдайлар, Ирандық ядролық бағдарлама бойынша бірлескен жалпыға ортақ іс-қимылдар жос­пары, Орта және қысқа қашықтықтағы зымырандарды жою туралы шарттың тағдыры анық болмай тұрғаны туралы сөз қозғады.

– Қазақстанның Тұңғыш Президенті әділ түрде бүкіләлемдік қоғамдастық тарапынан антиядролық қозғалыстардың көшбасшысы ретінде мойындалды. Ол ядролық күштерден арылуға, жаһандық және аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге орасан үлес қосты. Осы жылдары Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар елеулі бастама көтерді. Олар халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі маңызды факторларға айналып отыр. Бұл – Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақты құру туралы шарт, еліміздің аумағында МАГАТЭ қамқорлығымен халықаралық Төмен байытылған уран банкінің құрылуы, Қазақстанның ирандық ядролық проблеманы реттеудегі делдалдық миссиясы. Осының бәрі жаһандық тұрақтылық пен сенімнің іргетасын айтарлықтай нығайта түсті. Әлі де болса әлемде қауіпті шиеленіс байқалып отыр. Бұл туралы Елбасы өзінің «Әлем. XXI ғасыр» атты манифесінде айтып өткен еді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осылай сөзін сабақтаған Мемлекет басшысы Ядролық қарусыз әлем және жаһандық қауіпсіздік үшін Назарбаев сыйлығы биыл екі адамға бірдей табысталатынын мәлімдеді. Осы жолғы сыйлықты МАГАТЭ-нің Бас директоры болған, марқұм Юкия Аманоға және Ядролық сынаққа жалпыға бірдей тыйым салу туралы шарты ұйымы (ЯСЖТШҰ) Даярлау комиссиясының атқарушы хатшысы Лассина Зербоға беру туралы шешім қабылданды.

– Мемлекеттер арасындағы өзара құрмет пен сенім жаһандық деңгейдегі ядролық қауіпсіздіктің кепілі. Соны­мен қатар біз халықаралық құқық қағи­дат­тарына сүйене отырып, белсенді диалогты дамыта беруіміз қажет. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, алдымызда тұрған жұмыстарды бірге атқаруымыз керек. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың антиядролық бастамалары бұл үдерістердің маңызды бағдары бола береді деп сенемін. ХХІ ғасыр бейбітшілік пен жаңару ғасыры, бүкіл адамзат үшін ілгерілеу ғасыры болсын. Осы жолда баршаңызға табыс тілеймін, – деді Президент.

Адамзаттың амандығы үшін жалпыға ортақ келісімшарт керек

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 29 тамыз тек Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл әлемнің антиядролық қозғалысы үшін тарихи күн екенін атап өтті.

– 1991 жылдың дәл осы 29 тамызында менің Жарлығыммен әлемдегі ең ірі Семей ядролық полигонының жабылғанын білесіздер. Ол кезде Кеңес Одағы орнында тұрған, әскери адамдардың барлығы күшінде болған. Солардың қарсылығына қарамай, Қазақстан осы мәселені шешіп, халық­тың көңілінен шықты. Бұл халқымыз үшін 40 жыл бойы күткен тарихи шешім еді. 1949 жылғы 29 тамызда Қазақстанда Кеңес Одағының бірінші атом бомбасы жарылып, орасан зор экологиялық және адами трагедияға әкеп соқтырды. 40 жыл ішінде полигон­да 456 ядролық сынақ өткізілді. Кем дегенде 500 мың адам радиация залалын тартты. 2009 жылғы 2 желтоқсанда БҰҰ Бас Ассамблеясының 64-сесиясы Қазақстанның бастамасы бойынша 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні деп жариялады. Бұл күн 2010 жылдан бері бүкіл әлемде аталып келе жатыр, – деді Елбасы.

Тұңғыш Президенттің айтуынша, Қазақстан бейбітсүйгіштік индексі бо­йынша әлемнің 163 мемлекетінің ішінде 64-орынды иеленді. ТМД елдерінің арасында бірінші орында тұр. Сондай-ақ ядролық қарудан азат ел болуға деген ұмтылыс қазақстандықтардың жалпыұлттық сана-сезімінде маңызды компонентке айналды. Қазіргі таңда Қазақстан халықаралық қауіпсіздік пен тұрақтылықтың мойындалған доноры болып саналады.

– Бүгінгі барлық сын-қатермен бетпе-бет келіп отырған жаһандық қоғамдастық өзара салиқалы байламға келіп, ғаламшарымыздың болашағы үшін ортақ диалог жасауға ұмтылу керек. Бұл диалог барлық ядролық держа­ваның басшылары бір үстелдің басына отырып, келіссөз жүргізетін болса, нәти­желі болмақ. Мен біздің елордада АҚШ, Ресей, Қытайдың және басқа да ядролық державалардың басшыларымен кез­десіп, уағдаластыққа қол жеткізуге ресми ұсыныс жасадым. Адамзаттың тағды­ры үшін алпауыт елдердің жауапкер­шілікті мойындарына алған мұндай жағдайлар тарихта талай болған. Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін де, Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін де солай болып, нәтижесінде БҰҰ құрылды. Қазір бас қосып, басты мәселелерді шешетін уақыт келді. Өйткені барлық жанжалдар келіссөздермен аяқталады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен қатар Елбасы ядролық қару негізінде стратегиялық тұрақтылықтың көнер­ген тұжырымдамасын қайта қарау қажеттігін айтып, ядролық қарула­нуды қадағалаудың жаңа жүйесін қалып­тас­тыруды, ядролық қарулануды тоқтату бойынша жалпыға ортақ келісімшарт әзірлеу тұрғысында келіссөздер жүр­гізуді ұсынды. Сондай-ақ ол өз еркімен ядролық қарудан бас тартқан, ядросыз мәртебесі бар мемлекеттерге қауіпсіздік кепілі берілуі тиіс екенін баса айтты.

– Ядролық клуб мүшелері жаппай қырып-жою қарулары саласындағы сая­сат­тарын түзету есебінен міндет­темелер мен шектеулер қабылдауы тиіс. Бұл ретте олардың ядролық кешен­дер­ді жаңғыртуға қолдау көрсету­дің дәстүрлі тәжірибесінен тежелуі маңыз­ды. Аумақтарында полигон­дар орна­ласқан мемлекеттерге поли­гон­дардың инфрақұ­ры­лымдарын жоюды ұсынамын. Қазақ­станның тәжірибесі бар. Ол Ресейде де, АҚШ-та да бар. Біз олармен бөлісуге дайынбыз. Әлемнің барлық мемлекеттері тарапынан Яд­ролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шартты ратификациялау қажет. Әлемге ядролық қаруды иелену мен таратуға қарсы іс-шаралардың нақты жұмыс істейтін механизмі керек. Бұл қатаң механизм БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тиісті қарарларымен бекітілуі тиіс. Дүниежүзілік ауқымдағы мұндай шартты БҰҰ қабылдаған. Мұнан кейін де Үндістан мен Пәкістан ядролық мем­лекетке айналды. Сондықтан біз қабыл­даған бұл шарттың қатаң шаралар тетік­тері БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тиісті қара­рымен күшейтілуі тиіс, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Назарбаев сыйлығы антиядролық қозғалысқа серпін береді

Осы атаулы күннің маңызына кеңі­нен тоқталған Елбасы Қазақстан адам­заттың, мемлекеттердің бейбіт өмір сүру арманын жүзеге асыруға ұмтылған тұлға­ларды ерекше құрметтейтінін атап өтті. Сыйлықты тағайындау жөнін­дегі комитеттің шешімімен толық келі­се­тінін айтқан Нұрсұлтан Назарбаев Ядролық қарусыз әлем және жаһандық қауіпсіздік үшін Назарбаев сыйлығын өз қолымен Лассина Зербо мен марқұм Юкия Аманоның жұбайы мен бауырына тапсырды.

БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гуттериш салтанатты шараға қатысушыларға арнап видеоүндеу жолдап, онда әлемді ядролық қарудан азат ету халықаралық ұйымның басым бағыттарының бірі екенін, осы істе қажырлы еңбегі мен адалдығы және Ядролық қарусыз әлем және жа­һандық қауіпсіздік үшін арнаулы сыйлық тағайындағаны үшін Қазақстан­ның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа зор ризашылығын жеткізді. Сондай-ақ БҰҰ өкілі ядролық қаруға қарсы күресте қайраткерлік танытқан Лассина Зербо мен марқұм Юкия Аманоның мұндай атаққа әбден лайық екенін айтты.

Юкия Амано МАГАТЭ-ні тоғыз жыл бойы басқарып, халықаралық қауіп­сіз­дікті нығайтуға, ядролық қаруды тарат­­­пауға айтарлықтай үлес қосты. Оның Қазақстанда агенттіктің төмен байы­­тылған уран банкін құру жөнінде шешім қабылдауда және оны іске асыруда же­текші рөл атқарғаны даусыз. Иран яд­ролық бағдарламасы бойынша жал­пыға бірдей іс-қимыл жоспары тура­лы келісімді жүйелі жүзеге асыруы жоғары бағаланып отыр. Юкия Ама­но­ның дамып келе жатқан елдердегі қатер­лі ісік ауруларымен күрес жөніндегі МАГАТЭ қызметінің басым бағытында сіңір­ген еңбегі аталып өтті. Бұған қоса оның су ресурстарын басқару және азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы ядролық ғы­лым­ды қолдану бастамасы назарға алынды.

Лассина Зербо ЯСЖТШҰ жүзеге асыруға, Халықаралық мониторинг жүйе­сін құру бойынша жұмысты түгелге жуық (97%) аяқтауға еңбек сіңірді. Ол аталған ұйым аясында көрнекті қайрат­керлер тобын және жастар тобын құруға бастамашы болды. Лассина Зербо геофизика ғылымының докторы болған­дықтан, жаңа перспективті технология­лар мен әдістерді қолдануға баса назар аударып келеді. Ол – Бүкіләлемдік экономикалық форумның ядролық қауіпсіздік саласындағы кеңесінің тең төрағасы және Африканың энергетика, ғылым, технология, даму, бейбітшілік және қауіпсіздік саласындағы бірқатар зерттеу орталығының мүшесі.

Ядролық қарусыз әлем және жаһан­дық қауіпсіздік үшін Назарбаев сыйлы­ғын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2016 жыл­дың 10 қазанында тағайындады. Бұл сыйлық ядролық қаруды тарат­пау­ға, қарусыздандыруға, ядролық сынақ­тарды тоқтатуға, ядролық энергияны бейбітшілік мақсатта пайдалануға қос­қан зор үлесі үшін, бейбітшілік пен достықты, халықтар арасындағы сенімді, теңдікті нығайтуға бағытталған белсенді қызметі үшін беріледі. Таяу Шығыс елдерінде ядролық қарудан азат аймақ құруға қолдау көрсеткені және 1,5 млн си­риялық босқынды қабылдағаны үшін Иор­дания королі ІІ Абдалла аталған сый­лықтың алғашқы иегері атанды. Сыйлық корольдің 2017 жылғы 31 қазан мен 1 қараша аралығында Қазақстанға сапары барысында ресми түрде табысталды.