Қоғам • 30 Тамыз, 2019

«Он үште – отау иесі» санаға сыймайтын ұғым ба?

5194 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жаратушы Иеміз қыз баланы 9-10, ұл баланы 12-13 жасқа толғанда балиғаттық ке­зеңге қадам басатындай етіп жаратқан. Мұны «Он үште – отау иесі» деген ата-бабаларымыз да, қазіргі ғылым да жоққа шығармайды.

«Он үште – отау иесі»  санаға сыймайтын  ұғым ба?

Бүгінгі ұрпақ тәрбиелеу үрдісі кешегі ата-бабаларымыздың жолынан біршама алшақтап кеткендей көрінеді. Бұған заман ағымының, қоғамдық қатынастардың, өмір сүру дағдысының бұрынғыдан мүлде басқа сипатқа енуі өзіндік әсерін тигізгені белгілі. Алайда бабалар салған ұлы жолдан ауытқуымызға қоғамдық қатынастардағы уақыт көшімен ілесе келген өзгерістердің тигізген ықпалына түсіністікпен қарағымыз келгенімен, негізгі діңгектен, кешегілер салған сүрлеуден ажырамауымыз керек-ақ.

Біздің көпшілігіміз материалдық тұрғыда қамтамасыз етуді, әсіре әлпештеуді, жиырмадан асқанша, тіпті отызға дейін бесікке бөлеуден басқа барлық жағдай жасауды бала тәрбиесінің басты қағидасы ретінде түсінетіндейміз. Бұл түсінік бабаларымыздан бізге жеткен «Балаңды жеті жасқа дейін патшаңдай көр, жеті жастан соң құлыңдай жұмса, он бес жасынан досыңдай сырлас», «Он үште – отау иесі» дейтін мағынасы кең ауқымды нақылды, тәрбиелік мәні зор ұғымды санамыздан алшақтатып жіберді.

Қазақ «Он үште – отау иесі» деп тегін айтпаған. Он үш – алғашқы мүшел жас. Баба­ларымыз бұл жасқа келгенді азамат болдыға балап, бір шаңырақтың жүгін арқалатқан. Осы жаста бабаларымыз әмеңгер атанған. Ал біз мұны санамызға сыйдыра алмаймыз. Неге? Өйткені әсіре балажандық, бала душар болуы мүмкін ықтимал қауіп-қатерлерден туындаған бойымыздағы секемшіл сезім, тағы басқа жағдаяттар санамызды буып, әріден ойлауға, бабалардың әлгіндей ұғымының мәнісін түсінуге мүмкіндік бермейді.

Баламыз көзімізден таса болса, мазасыздық меңдеп, әлдебір қара ниетті ұрлап кетіп бара жатқандай шала бүлінеміз (бұған түсіністікпен қарауға болар), перзентің аулаға шықса, бір нәрсеге ұрынып қалардай қалтырап-дірілдеп шектен тыс күйгелектенеміз. Сөйтеміз де күйбеңдеп жанынан шықпай, жалпақтап, сылап-сипап, байғұс баланы «бөлеп» тастаймыз. Мұндай ата-ана «Он үште – отау иесі» деген ұғымды санасына қайдан сыйдырсын?

Он екі жасқа толған ұлымды нәйеті үйден таяқ тастам жерде тұрған дүкенге жұмсағанда жік-жаппар болып, абайлап жүруін сан қайталап айтып жіберемін. Дүкеннен қайтып келгенде бейнебір алыс та қиын сапардан келгендей қарсы аламын. Сосын «азамат болды деген осы» деп арқасынан қағамын.

Бірде әдеттегідей дүкенге кетіп бара жатқан балама сенімсіздік таныта қисапсыз ес­кертпелерімді айта бастағанмын. Сол сәтте ұлым: «Көке, маған да бір сеніңізші», деп­ салмақты түрде тіл қатты. Өзім ыңғай­сыз­да­нып қалдым. Оның сөзі маған біршама ой салды. Ұлыма кішкентай бала деп қарамай, оған сенім арта білген де жөн-ау деген ой санамда қылаң берді. Сол сәтте өзімнің әке сенімімен тоғыз-он жасымнан бастап атқа не түйеге мініп алып, бір отар қой баққаным, жоқ іздегенім, тағы басқа да шаруаларға араласқаным есіме түсті...

Бүгінгі он үштегі балаларымызды ана сүті аузынан арылмаған сәбидей көретінімізді жоғарыда айттық. Бұл өз кезегінде көптеген қыз-жігіттердің он үшті былай қойғанда, отызға, отыз беске толғанша өмірден орнын таба алмауына, талайлардың ата-анасының зейнетақысына телміріп, масыл перзент атануына алып келеді. Сондай-ақ көптеген жастардың экономикалық белсенді топқа кеш қосылуын да, «Бас екеу болмай, мал екеу болмайтынын» ұқпай, түрлі әлеуметтік кедергілерді сылтауратып, отбасын кеш құратындардың қатары қалыңдап келе жатқанын да көбіне балалық шақтан кеш қол үзуі себебінен туындайды деп айтуға болады.

Тәрбие ісінде бабалар өлшемінен қол үзу масыл ұрпақты көбейтеді. Ұрпағымызды ерте есейту, оң-солын ерте таныту өз қолымызда. Ол үшін перзенттерімізге сенім арта білейік, шамадан тыс өбектемей, бір мезгіл өз бетінше әрекет етуіне мүмкіндік берген абзал. Адамның болмыс-бітімі, мінезі орнығар он үш жасқа толған тұқым-зәузатына сенім арта білген кешегі қазақтың бүгінгі буыны алдында құрығанда 19-20 жасында отаудың, жиырма бес-отыз жасында Отанның жүгін көтерер ұрпақ өсіру міндеті тұрғанын ұмытпайық, ағайын.