Әдебиет • 30 Тамыз, 2019

Есенғали Раушан: Бір сағыныш бар еді, о да ескірді...

3841 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Есенғали Раушан: Бір сағыныш бар еді, о да ескірді...

Ағаң биыл отызға келеді.

Екінші рет.

Өтіпті алпыс көктем өкініші көп.

Алпыс жаз қуанышы мол көзден ұшты,

Алпыс күз артта қалды жетімсіреп.

 

Жастық-ай, орман едім, ордалы едім,

Жанымды ұғар еді ол да менің,

Деуші едім басқа басқа мені алдамас,

Тап мені тастап кетпес жолға дедім.

 

Қайтар ма жалынып-ақ сұрасам-ай,

Ағарды сөйтіп ерте мына самай,

Жоқ болды жарқ етті де екі отызың,

Екі-ақ күн қонып кеткен құдашадай.

 

Апыр-ай, сондай түндер қалай келте,

Тойдан жұрт тояттамай тарайды ерте.

Ағаңның тағы отызға келгісі бар,

Сан рет, талай мәртe.

 

*  *  *

Жылы бұлаққа қонайық бүгін барып,

Тиын тастап біз-дағы ырымдалық.

Жылы ғана бұлаққа аяғын сап,

Жылы ғана қыз отыр жымың қағып.

 

Жылы бұлақ жатады тулап ағып,

Бұлт көшеді су бойлап шудаланып.

Күз дейтұғын тәтесі келе жатыр,

О да отырмақ аяғын суға малып.

 

Кеше ғана Ай қонып, шық түнеген,

Қуқыл тартып төр жайлау түкті кілем.

Біз тастаған тиындар шоршып шығып,

Көп жұлдыз боп көкте тұр. Үрікті білем.

 

Алма-Арасан, ендеше Алма-Арасан,

Құну ағаң аунайды қарда масаң.

...Сүмбіледен көреді ел су суыса

Жылы қызды ұмытқан алдақашан.

 

*  *  *

Ей, жасыл көктем, жаңа леп,

Менің ауруымды өзіңменен ала кет.

Қалмай қойды ғой соңымнан,

Қарынға жабысқан талақ секілді қара бет.

 

Ей, құбылаға ұшқан құс бұлыт,

Мына пәлені алып кетші қанaтыңа қыстырып,

Осы ордан өтсем, олжам дер ем ғой қуанып,

Қырсық түндерді қырық оянатын қыстығып.

 

Шоқ-шоқ та гүлдер, шоқ гүлдер,

Сендер мейірімді едіңдер ғой,

неге қайрылмай кеттіңдер.

Мың сайран дүние мың қара құртқа айналып,

Көзден ұшқаны-ай көбелек қанат от күндер.

 

Табанға кірген шөңгеге айналып қайран гүл,

Азынап мұздай жел еседі ылғи қайдан дүр.

Осының бәрі түсің деп неге айтпайсың.

Есентай, тілің байланғыр.

 

Салқын бақтар-ай саялы,

Досың емес пе ем баяғы.

Жаз суық. Жол қиын. Күн бұлт. Қу басым.

Ненің жазасы екенін айтып өлтірсе ғой аяғы.

 

*  *  *

                                                   ... мешіттегі қыз

                                                      (Аманхан Әлім)

Мешіттен сені көріпті,

Құраннан ұзақ бас алмай.

Бір ару ғажап көрікті

Отырды дейді. Машалла-ай.

 

Жайнамаз жайып шалғынға,

Ауланың гүлін таптапты ел,

Ойнап жүр есік алдында

Бала күшік пен ақ кептер.

 

Сен арыл, тазар, бәрінен,

Ұқсап бір аппақ сәбиге,

Баруға қорқам әлі мен,

Алланың үйі жәмиге.

 

Өзімді өзім көрге айдап,

Елесің қайта кері арбап.

Құдайды қойып, мен бейбақ

Сені ойлап кетсем, не болмақ?

 

Не десе мейлі десін ел,

Тамұқ па әлде жұмақ па,

Сені ғой, жаным, кешірер

Мен қайтер екем бірақ та.

 

Төбеге қонды Ай барып,

Мешітке сыйды бар әлем.

Кіре алмай жүрміз айналып,

Ақ кептер, күшік және мен.

 

*  *  *

 Періштедей пәктікпен баурап, тектім,

 Сен өтесің жүрегін жаулап көптің.

 Таңғы шықтай тап-таза бір баласың

 Соның үшін қаштым мен, аулақ кеттім.

 

Соның үшін жәйім бар бұрылмаған,

Сайтанымды тыңдамай сыбырлаған,

Жасайыншы мен-дағы бір батырлық,

Мүмкіндік бер қорқуға, күнім, маған.

 

Керек емес, қой, айнам, хабарласпа,

Саған басқа жан лайық, маған басқа.

Көре қалсам зәуде бір «байқамайын»,

Ал сен жылдам өтіп кет амандас та.

 

Жас ғұмырсың бақыты, арманы алда,

Алданған да жоқсың сен, алдаған да.

Ал мен ше... мен, жоқ, қалқам, мен басқамын,

Мендей міскін ақын жоқ бар ғаламда.

 

Жылдар, жылдар, жылдар-ай сырғып өткен,

Мынау неткен мүсәпір мұңды көктем.

...Көп қорқыта бермеші, өзім дағы,

Бірінші рет өткелі тұрмын өрттен.

 

Ақын өлімі

                                                   Арғымаққа оқ тиді,

 Қыл майқанның түбінен

 (Бұрынғы шалдар)

– Папа, тағы кеш келдің бе,

Тағы ұрсатын болды ғой мама саған.

– Жоқ, ұрыспайды. Ол деген тамаша адам.

– Мойның неге қанап тұр?

– Жәй, әшейін...

бар, ұйықтай ғой, оны өзім таңа салам.

 

Ажал желі азынап еседі ордан,

Көшіп жатыр көшелер, көшеді орман.

Төсегіне қалжырап құлады ақын,

Кезекті бір дуэльден кеш оралған.

 

Тағы да бір шолды да тосын хатын,

Ең соңғы рет май шамды өшірді ақын:

«Құлыныма жуғызба, өзің жуғын,

жастық аздап қан болды, кешір, қатын!»

 

*  *  *

Мына сұр күз тұр екен бастап нені,

Қап-қара өзен қарсы ақпай қашпақ кері.

Жаздай баққан жаралы қолбатша құс,

Кетем дейді ол да ертең тастап мені.

 

Өлгенім жоқ, бәрінен шықтым тірі,

Жамау-жамау жүректің қырық тыртығы.

Мені тастап кеткендер, сеніңдерші,

Бір кездесу бары анық түптің түбі.

 

Күте-күте төзім де түгесілді ол,

Ұмытылмас мен үшін ұлы есімдер.

Сендер қандай болдыңдар, көрсем деймін,

Мен ғой сірә өзгермен, білесіңдер.

 

Бір сағыныш бар еді, о да ескірді,

Тыңдағым кеп алы-ы-ы-с бір көмескі үнді,

Өзім сенбей өзімнің өтірігіме,

Іздемеймін деп қоям мен ешкімді.

 

Өтірікке сендірем өзімді әлгі,

Суыды ол да, бір ыстық сезім бар-ды.

...Тұншыға өксіп жылып тұр таң атқалы,

Не алжыды мына күз, не жынданды.

 

*  *  *

Жарымес жел есірді алдан,

Күз түсетін сұры бар,

Жап-жас қалпы жесір қалған,

Жаздың жанын кім ұғар.

 

Кетті құстар шұғыл қайтып,

Неге үзілді нәзік үн,

Біткен жоқ-ты бірін де айтып,

Алты октава сазының.

 

Сайрап-ақ тұр, жайнап-ақ тұр,

Қосылсам деп әнге бір,

Қор болды ғой қайран ақ гүл,

Албастығы әлде бір.

 

Неге керек текке налу,

Деуші едің ғой еркелеп,

Мені сатып кеткен ару,

Сергелдең ғып ертерек,

...сен қайда жүр екенсің?!

 

*  *  *

Мені ешкім іздемейді.

Тек таң шымшық мүсіркеп біз кедейді.

«Қарындасың, ағатай, жоқ қой енді,

Мен қарындас болайын сізге» дейді.

 

Көктем өтті көз жасын текке бұлап,

Біледі ол да келгеннің кетпегі хақ.

Қос қарындас бар менде бұдан былай

Екеуі де жерде емес, көкте бірақ.

 

Ешкімге керек те емен,

Адым бассам көлденең бөгет көрем.

Қанаттыға қақтырмай мен бәрібір,

Қарындастарымды демеп келем.

 

Қақпай қойса қақпасын есігімді ел,

Мейлі, тіпті ұмытсын есімімді ел.

Аспан жақын секілді жерден гөрі.

Кешіріңдер.

 

*  *  *

Шие гүлдеп,

Шие гүлдеп көктемді сүйемін деп.

Тыңдамайды «қой, ойбай» деген сөзді,

Тоңсам дағы той көйлек киемін деп.

 

Сирень гүлдеп,

Сирень гүлдеп мен дағы сүйгенмін деп.

Жирендім деп айтпайды ол да бірақ,

...Ойланасың осы әнді үйренгің кеп.

 

Көктем биыл тілазар, ақпа құлақ,

Тауда жасын ойнайды, бақта бұлақ.

Аппақ біздің алма бақ, бірақ неге,

Көршіміздің алмасы аппағырақ.

 

Уақыт деген, апырм-ау, сайқал неткен,

Бақта отырмын қайта алмай

қайтам деп мен,

Көрші бақтың көркемі-ай, көзді арбайды

...шайтан көктем...

 *  *  *

Жолықтың түсім болып, болып қайғым,

Сенесің қалай маған, соны ұқпаймын.

Мен сені қызғанбағам,

қызғанбаймын,

Жоғалтып алам деп те қорықпаймын.

 

Сызылып, көркіңменен қызықтырып,

Үзіліп, тәтті жүзім үзіп тұрып,

Әлгіге ұсынасың, қысыласың,

Сабы алтын сары пышақпен шұжық тіліп.

Бірақ мен сені қызғанбаймын.

 

Бокалдар қайта түсті, көтерілді,

Бал шарап не төктіңдер, не төгілді.

Сабы алтын пышақ қалар дастарқанда,

Төргі үйге шығарып сап екеуіңді.

Бірақ мен сені қызғанбаймын.

 

Ұшады түнгі ауада қалқып әнің,

Мен шетте ауа жетпей алқынамын.

Ақырын көтеріліп баспалдақпен,

Есіктің алдына кеп сәл тұрамын.

Бірақ мен сені қызғанбаймын.

 

Содан соң барамын да тура саған,

(Келеді дәл осыған сірә шамам)

Сабы алтын сары пышақты сарт еткізіп

Өзімнің көкірегіме сұға салам.

 

Бейсенбі күн немесе Цезарьға өкпе

Қаған Цезарь, кеңеселік кел, бірге,

Күл мен Айды күлпарша ғып бөлдің де,

Жұмадан соң Сенбі депсің, бұ қалай,

Жұмадан соң Бейсенбі ғой, Сенбің не?.

 

...Неге, неге қоштастық біз ертерек,

Неге, неге тез суыды ерке леп.

Бейсенбі күн келем деген қыз келмей,

Жұма жетті Жексенбісін желкелеп.

 

Уақыт содан тоқтап қалды пәле боп,

Күту деген дерт жабысты және кеп.

Содан бері шаң жуытпай аруға,

Хан Цезарьді күстәналап мен әлек.

 

Цезарь қаған, нәсілі сараң жетімек,

Неге жаздың аптада күн жеті деп?

Тақтан түсіп қалар ма едің, жұмада,

Бейсенбі күн болсын десең екі рет,

...өй, сен де бір...

 

*  *  *

Күз дейтұғын арудың бұрымдары,

Сары алтындай еді ғой бұрындары.

Қазір неге көкшулан, неге қысқа,

Қазір неге барлығы құбылмалы?

 

Сықырлатып, сындырып керегемді,

Аласұрып мына күз неге келді,

Сілкіп, жұлқып кетеді қара дауыл,

«Мықтысың ба, қалайсың!» деп еменді.

 

Шайқап-шайқап қояды тағдыр мені,

Кейде сұмдық ызғарлы таңның лебі.

Менен жақын жоқ еді ешкім оған,

Кеп-кешегі жастықтың бал күндері.

 

Айырды ерте, ол рас гүл шоғымнан,

Көремін де бір бақыт, мың сорымнан.

Көзі от шашқан көкшулан қабаған ит,

Арс-арс етіп қалмайды қыр соңымнан.