Аймақтар • 30 Тамыз, 2019

Тоғызбұлақтан табылған тайқазан

715 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ерте көктемде жер жыртып жүрген кегендік диқандар көне заманғы жәдігер тауып алған еді. Тоғызбұлақ ауылы аумағынан шыққан олжа жайында ауыл адамдары «National Geographic Qazaqstan» журналының жетекшісі Мақсат Ясылбайұлына хабарлапты.

Тоғызбұлақтан табылған тайқазан

Журналистің қызығушылығын оят­қан жәдігер оның араласуымен тиісті ғалымдардың қолына тиіп, зерделеуден кейін  «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығына тапсырылған екен.

– Негізі, мұндай қазандар Қазақ­стан­ның Жетісу аймағы мен Қыр­ғызстанның Ыстықкөл алқабына қарас­ты біраз жерден табылды. Алғаш рет өткен XX ғасырдың басынан табылып, зерттеле бастаған. Мына «Тоғызбұлақ қазаны» да  пішіні, жасалу технологиясы, мотиві жағынан тура сол қазандарға ұқсайды. Ал бұл қазандарға ғалымдар б.з.д. V-II ғасыр­ларға тән жәдігер деп анықтама береді, – дейді  «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының сарапшы-маманы Досым Зікірия.

Ал тайқазанды тауып, тиісті қолға өткізген Тоғызбұлақ ауылының тұр­ғындары жәдігердің биіктігі 53 см, тереңдігі 36 см, диаметрі 55-58 см, ернеуінің ені 3 см болатынын айтады. Ал тұтқаларының бірі бүтін, қазанға орнатылған күйінде сақталса, екінші тұтқаның бір бөлшегі ғана қалыпты.

– Қола қазанның бүйірі сыртқа шығыңқы, дөңес күйінде құйылған. Бүйірінде екі жағынан доға пішіндес, жұмыр тұтқалар сәл көлбеу бұрышпен орнатылған. Табаны шұңқырлау. Қазанның ішкі және сыртқы бүйірлерінен құю кезінде пайда болған екі қалыптың түйіскен тұсынан жік көрінеді. Мұндай жік екі тұтқаның қазан бүйіріне жанасқан тұсынан және тағанның қазанның түбіне жанасқан тұсынан да байқалады. Ернеуі сыртқа қарай сәл қайырылып, көлбеу орналасқан. Осыны ескере келе, қазан тұтастай құйылған деуге болады, – дейді музей маманы Досым Зікірия.

 

Алматы облысы