Ұлы дала картасы
Сенбі, 2 наурыз 2013 8:21
Төрткүл дүние көз тіккен әйгілі ЭКСПО көрмесінің 2017 жылы еліміздің елордасында өтетіні күллі қазақстандықтарды шексіз қуанышқа бөлегені белгілі. Айтулы оқиғаға орай еліміздің барлық жерлерінде дерлік бүгінде белсенді іс-шаралар өтіп жатыр. Солардың бірі де, бірегейі кеше елордадағы С.Сейфуллин атындағы қазақ агротехникалық университетінде болған ауқымды ізденіс шарасы дер едік. Университет студенттері ЭКСПО-2017 құрметіне арнап өз қолдарымен еліміздің топырақ ерекшеліктерін қамти отырып, Қазақстан картасын жасапты.

ЭКСПО-2017 көрмесі – ел мерейін өсіретін ұлы шара. Бұл шараны әсіресе, жастар қолдауда. Бүгінгі жиынға университет басшылығының ешқандай қатысы жоқ. Бұл студенттердің өз бастамалары мен идеялары, – деді аталған шарада сөз алған университет ректоры, профессор Ақылбек Күрішбаев. Сондай-ақ, ол Елбасының 2050 Стратегиясын іске асыруда жастардың атқарар жұмыстары ерекше екенін де назардан тыс қалдырмады.
«Қазақстанның топырақ картасы» тұғырнамасының ұзындығы 161, ені 91 сантиметр. Ал картаның өзінің ұзындығы – 103 сантиметр. Бұл аталған сандардың мәніне келсек, 161 көрмені өткізу туралы сайлауға қатысқан елдердің санын білдірсе, оның ішінде 103 мемлекет Қазақстанда көрмені өткізуді қолдап дауыс бергенін, ал 91 саны еліміздің тәуелсіздігін жария еткен жылдың символын білдіреді екен. Тұғырнамада Қазақстан картасынан басқа Алатау, Ұлытау, Жұмбақтас, Алтай тауларының жобасы қолдан құрастырылған. Бұл – «төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген халықтық қағидаға саяды.
– ЭКСПО-2017 көрмесіне әлемнің жүзден астам мемлекеттері мен бірнеше халықаралық ұйымдар қатысады. Олар ұлттық төл мәдениетімізбен және еліміздің экономикалық, технологиялық даму деңгейімен танысады. Осы ретте біз көрменің ажырамас бөлігі – ұлтымыздың ұлылығы мен еліміздің айшықты жетістіктерін әлемге паш етуіміз керек, – дейді шараны ұйымдастырушылар.
Студенттер белсенділігімен ұйымдастырылған шара бірінші курс студенті Анастасия Булахтың көрермендер алдында салған көрме келбетін өрнектеген суреті мен «Шаттық», «Қызғалдақ» би топтарының өнерлерімен өз жалғасын тапты.
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК,
«Егемен Қазақстан».
АСТАНА.
––––––––––––––––––
Суретті түсірген
Ерлан ОМАРОВ