1 қыркүйекте жаңа мектептің табалдырығын 800 бала аттады. Аралас мектеп болған соң, 218 оқушы қазақ сыныбына, 431 бала орыс сыныбына барды. Оның сыртында мектепке даярлық сыныбының есігін 150 бала ашқалы отыр. Олар 2 қазақ, 4 орыс сыныбына барады. Ал мектеп жанындағы шағын орталыққа 3 топқа бөлінген 3 жастағы 75 балдырған қабылданбақ. Арнайы бағдарлама бойынша білім алатын инклюзивті 13 бала да 800 оқушының есебіне кіреді. Бұл жаңа мектептің ерекшелігінің бірі.
Жаңа тұрғын ауданда заманауи жаңа мектептің бой көтергені, әрине қуаныш. Білім ұясының дүрілдеп ашылу салтанаты өтті. Бір қызығы, мектепте орыс баласын табу қиынға түседі, орыс, қазақ сыныптарында отырғанның бәрі қара домалақтар. Ал қазақ балалары барған орыс сыныптарының саны қазақ сыныптарынан екі есе көп! Мектеп табалдырығын тұңғыш аттаған қара домалақтардың 2 сыныбы ғана мемлекеттік тілде, 5 сыныбы орыс тілінде білім алғалы отыр. Білім ұясының ашылу салтанатында мектеп басшылығы сценарий бойынша алғашқы қоңырауды бірге соғуға бір орыс балдырған таппай қиналғанын қайтерсің?
– Қазақ тілінде сөйлесем де, ойымды еркін жеткізе алмаймын. Ертең балама сабақ түсіндіре алмаймын ба деп жүрексінемін. Ол орыс балабақшасына, студияға барған. Өзінің қалауымен орыс сыныбына апардық. Бірақ ұлым қазақ тілінде ептеп сөйлейді, тілді үйде үйретеміз, домбыра үйірмесіне жазамын, ұмытпайды ғой, – деп ата-ана Гүлсім Ахметова өзін де, өзгені де алдарқатып сөйлейді. Баласын мектептегі орыс сыныбына жетектеп келген ата-аналардың барлығы бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай: «өзіміз қазақ тілін түсінбейміз, ертең үйде баламның сабағын қадағалай алмаймын, сосын ол сабаққа үлгере алмай қалады, одан да орыс тілінде білім алсын», дейді.
– Мектеп мұғалімдермен толық қамтылды. Біз жұмысқа тұруға келгеннің бәрін қабылдай салғанымыз жоқ. Қалалық оқу бөлімі берген екі буда өтініштердің арасынан іріктеп, таңдап тұрып алдық. Мұғалімдердің 56 пайызы жоғары және бірінші санатты мамандар. Маған олардың арасында: «Орыс тілінде білім алуға жазылған бір сыныпты маған беріңізші, 3-4 айдан қалдырмай қазақша сайратамын» деген мұғалімдер болды, оған ата-аналар көнбеді. Менің ішім удай ашиды, бірақ оларға не дейін? «Қарақтарым-ау, баланы қазақ сыныбына бермедіңдер ме?» деп ұсыныс ретінде айтып көрдім, бірақ олар өз таңдауын жасады, – дейді мектеп директоры Жанар Кушанова.
Жаңа заманауи мектептің 2-ші және 4-ші қазақ сыныбына екі баласын апарған ата-ана Сәуле Барақованың пікірі өз тұрғыластарынан тым өзгешелігі көңілге үміт ұялатты. Сәуле ана тілінде сөйлегенде өзіңді жаңылдырады, орысшаға онсыз да ағып тұр.
– Мектептің аралас болғанын уайымдап жүрмін. Орыс сыныбы көп, тілдік орта орысша болып кететін болды. Арасында орыс ұлты болса бірсәрі, ылғи қазақ баласы орыс тілінде сөйлейді, – дейді Сәуле қынжылып. Қазақ тілін жақсы сөйлегеніне қарап, Торғайдың тумасы шығар деп тұрғанбыз. Сәуле қашаннан қазағы жоққа тән Денисов ауданынан екен. Бұл өңірде сонау 80-90 жылдары қазақ көрудің өзі мұң болатын. Дәл сол кезде Сәуле орыс мектебін бітіріпті.
– Қостанай қаласындағы педагогика колледжіне келгенде бір ауыз қазақша білмейтінмін. Сенесіз бе, 2-3 жылда сөйлеп кеттім. Менде ана тілге деген аштық, ынтызарлық, патриотизм болды. Қазақ тілі үшін қиналдым да, жыладым да, бірақ мақсатыма жеттім. Қазір үйде қазақ тілінде сөйлесеміз. Баланың қазақ тіліне деген ынтасы тек ата-анасының ықпалы арқылы қалыптасады, – дейді Сәуле. Дегенмен қазақ тіліне шорқақ ата-аналардың баланы орыс сыныбына беруіне байланысты жұртшылық пікірі екіге жарылады. Әсіресе, бастауыш сыныптар бағдарламасы күрделі, ата-ана оны үйде баламен бірдей оқиды. Тіл білмейтіндер көмекші бола алмайтынын жасырмайды. Екіншілері тіл білуге ұмтылмайтын ата-аналарды кінәлайды. Қиыны да осы. Тілді ұмытқандарда ұлттық намыс, патриоттық сезім де білте шамның жарығындай әлсірей береді-ау, шамасы.
Қазір ата-аналардың арасында өзінің қазақ тіліне шорқақтығымен қоса, қазақ мектебінің мүмкіндігіне сенімсіздікпен қарайтындар да жоқ емес. Облыс орталығындағы орыс мектептерінде «Ұлтым, жұртым, қазағым!» деп сөйлегенде қабырғасы қайысатын кісілердің балалары, немерелері аз оқымайды. Мұндай көрініс кейбір аралас ұлт өкілдері көп тұратын аудандарға тән. Мысалы, Қарабалық ауданы орталығында М.Сералин атындағы мектеп алақандай ғана ауылдың шетіне таман, колледждің ғимаратына орналасқан екен. Биылғы оқу жылында онда 200-ге жетер-жетпес бала оқиды. Бұл Қарабалықта қазақ баласының жоқтығынан емес. Олардың көпшілігі орыс мектебіне барады. Қазақ мектебі шетте деп, көпшілігі баласын орталықтағы орыс мектебіне береді екен. Екінші себеп-сылтау – ата-аналардың қазақ тіліне шорқақтығы. Облыстағы 504 мектептің 241-інде, яғни әрбір екінші мектеп қазақ тілінде білім береді деген мәлімет алдамшыдай көрінеді. Ақиқатына келгенде, Қостанай-Торғай өңіріндегі барлық мектепте оқитын 105 мыңдай оқушының тек 30 пайызы ғана білімді мемлекеттік тілде алады.
Сонымен қатар өңірдегі барлық білім ұясының 68 пайызы шағын жабдықталған мектептер. Оның басым көпшілігі бастауыш мектептерде 5 бала, негізгі мектепте 41, орта мектепте асып кеткенде 200 бала оқитын алыс ауылдарда орналасқан. Қанша сылап-сипап айтсақ та, бүгінгі ауыл мектебіндегі білімнің деңгейін қала мектептерімен салыстыруға болмайды. Ауылдарда интернеттің жылдамдығы қаладағыдай емес. Ең бастысы, үздік мұғалімдер ауылға бара бермейді. Енді қараңыз, сол мектептердегі оқушылардың 70 пайызы қазақша оқиды. Ауыл мектебінің жағдайы осылай, ал қаладағы мектептерде әлгіндей орыс тілінің ықпалы қазақ тілінде білім алатын баланы дүбәра ұрпаққа айналдыратын түрі бар.
Басқасын айтпағанда, Торғайдың Қызбеліндегі қазақ мектебінен Фазылхан Бәйімбетов, Қараобадағы қазақ мектебінен Өмірзақ Сұлтанғазин секілді әлемдік деңгейге көтерілген физик, математик қос ғалым түлеп ұшқан еді. Қазақ тілінің қасиеті, қазақ мектебінің әлеуеті қайдасың?!
ҚОСТАНАЙ