Қала тұрғындарының үрейін ұшырып, түн ұйқысының құтын қашырған тәртіп бұзушылардың оқыс әрекетінің себебін қалай түсінуге болады? Осыдан бір жылдан астам уақыт бұрын мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің талтүстегі өлімі де қоғамды дүр сілкіндірген оқиға болған еді. Алайда ай мен күннің аманында Алматыдай әсем шаһарда оқыс оқиғаға тап болу ешкімді таңғалдырмайтын жағдайға айналып бара жатқандай. «Ал мұндай ірі құқық бұзушылық әрекеттердің алдын алу мақсатында тиісті орындар не істеп отыр? Алматы қауіпсіз қала бола ала ма? Қоғамды ізгілендіруге бағытталған қандай қадамдар бар?» деген сұрақтарға жауап іздеген едік. Осы орайда қаладағы қоғамдық тәртіпті жіті бақылауда ұстап отырған Ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің мәліметтеріне сүйенсек, тиісті органның кешенді жүргізген шаралары нәтижесінде оңтүстік шаһардағы қылмыс ағымдағы жылдың алғашқы жартысында 0,3 пайызға төмендеген. Оның ішінде пәтер тонау – 2,5, қалта ұрлығы 3,4 есеге дейін, ал ұялы телефондарды ұрлау – 48, бопсалау – 43, бұзақылық 25 пайызға азайған. Жылдың басынан бергі аралықта 172 қылмыстық топтың әрекеті әшкереленген.
«Қауіпсіз аула» қанатқақты жобасы бойынша қала аудандарындағы көпқабатты және жеке тұрғын үй аулалары бейнекамералар көмегімен бақыланып, нәтижесінде 500-ден астам қылмыстың беті ашылып, он мыңнан астам құқық бұзушылық анықталған. Бұл күнде қалада қоғамдық тәртіптің сақталуы, жол қозғалысының қауіпсіздігін қадағалау мен құқық бұзушылықтың алдын алуда 100 мыңға жуық бейнекамералардың мүмкіндігі пайдаланылуда.
Былтырғы сараптама нәтижесі көрсеткендей, оқыс оқиғалардың басым көпшілігі клуб, дәмхана, мейрамхана сияқты жиырмадан астам ғимараттың маңында орын алған әрі «102» қызметіне түскен мыңнан астам қоңыраудың сегіз жүзге жуығы төбелес, қоғамдық тәртіпті бұзумен тікелей байланысты болған. Бүгінде мұндай орталықтардың қожайындарымен рұқсат етілген күзетті пайдалану мәселесі шешіліп, ғимараттың ішінде де, сыртында да «жедел нүктесі» бар бақылау камералары орнатылған. Ал адамдар көп шоғырланған орындардағы бейнемониторинг жүйесіндегі мыңдаған бақылау камералары дәлдігімен ерекшеленеді әрі ондағы ақпарат бірден ІІД жедел басқару орталығына түсіп отырады.
Қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған кешенді шаралар жүзеге асып отырғанымен де қалада құқық бұзушылық деректері толастар емес. Осы орайда Алматы қаласының Қоғамдық кеңес мүшесі Нұрлан Жазылбеков оңтүстік астанада адамдарды көлікпен қасақана қағу оқиғасының себептерін азаматтардың қоғамдық тәртіпті сақтаудағы мәдениетінің төмендігімен түсіндіреді. Соңғы жылдарда жұртшылықтың, әсіресе жастардың мәдениет деңгейінің төмендеп кетуі қоғамда кереғар жайттардың орын алуына соқтырып отыр. Қоғамдық орындарда тәртіптің, тазалықтың жоқтығын жиі көруге болады. Тіптен, нақты ережесі бола тұра, жолға таласқан жүргізушілердің ерегесіп қалатын сәттері де аз емес. Бүгінде тұрғындар өздері тұратын қаланың, тіптен көшенің тазалығына, сондай-ақ қарым-қатынас жасаудағы мәдениетінің деңгейінен ұялатын жағдайға жеттік, дейді сарапшы. Қазіргі кезде құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында қаланың Қоғамдық кеңесі тарапынан Ішкі істер министрлігіне бірқатар ұсыныстар дайындалған. Сондай-ақ жергілікті полиция қызметімен, оның ішінде миграция, туристік полициямен бірлесіп азаматтардың қауіпсіздігіне байланысты қадамдар қолға алыныпты. Құқық бұзушылық әрекеттерді қоғамдағы идеология, патриотизм, тәрбие жұмысының төмендігімен байланыстырған Нұрлан Жазылбеков қазіргі кезде Қоғамдық кеңес Жастар жылы аясында еліміздегі жоғары оқу орындарындағы заң факультеттерінің студенттерін қоғамдық жұмысқа тартуға басымдық берілгенін жеткізді. Сондай-ақ сарапшы тәртіп бұзушылар үшін жазалау түрлері мен айыппұл мөлшері күшейтілгенімен, жекелеген азаматтардың мәдени деңгейі көтерілмей құқық бұзу деректері орын ала беретінін айтады.
Қаладағы құқық бұзу әрекеттерінің салдарын тәрбие, мәдениет әрі жұмыссыздық мәселесімен байланыстырған Қоғамдық кеңестің тағы бір мүшесі Қазыбек Шайхтың айтуынша, тұрғындар қауіпсіздігін күшейтуде экономикалық қауымдастықтар құру тәжірибесі маңызды. Халықаралық сарапшылар бүгінде кооперативтерді кедейшілікпен күрестегі және азаматтарды жұмысқа тартудағы басымдық ретінде қарастырады. «БҰҰ Бас ассамблеясының 2009 жылғы резолюциясында кооперативтер рөлінің әлеуметтік ықпалдастықтағы, сондай-ақ кедейшілікпен күрестегі маңызы туралы айтылған. International Co-operative Alliance деректері бойынша 2010 жылдардың өзінде кооператив қозғалыстарына 700 млн адам тартылған. Сондықтан Қазақстан азаматтарының дәулетті тұрмысын қамтамасыз етуде экономикалық қауымдастықтарға бірігудің ықпалы зор», – дейді сарапшы. – Ал мұндай қауымдастықтар ерікті түрде белгілі бір мәселелерді бірігіп шешіп, мақсаттары мен мүдделерін тұрғылықты жердің өмір сүру сапасын жақсартуға бағыттауымен ерекшеленеді. Ұлыбритания мен Германияда сонау 1860-1880 жылдарда кооперативтер одақтарға бірігіп жатқан тұста Италия, Франция, Швейцария, Бельгия елдерінде де пайда бола бастаған. 1980-жылдардың аяғына қарай кооперация мүшелерінің саны Еуропада 2 млн-ға жеткен. Ал кеңестік кезеңдегі Жаңа экономикалық саясат кезеңінде кооперативтер тұтыну тауарларын өндіріп, кеңестік мемлекет экономикасының дамуына ықпал еткені белгілі.
Кооперативтер құру мәселесін дүниежүзілік экономика әліппесін меңгерген экономист-ғалым Оразәлі Сәбден де құптайтынын айтады. Кооперативтер құрудың ерекшелігіне тоқталып, ел азаматтарын экономикамен тығыз байланыстыратын кездің келгенін айтқан ғалым Скандинавия елдерінде 30-40 адамнан тұратын үкіметтік емес ұйымдар жергілікті мәселелерді шешіп, мемлекеттік органдардан нақты жұмыс талап етудегі тәжірибесі қазақстандықтар үшін тиімді дейді.
«The Economist» деректері бойынша, 2025 жылға қарай Алматы жаңа технологиялар мен білікті мамандарды тарту бойынша әлемдегі бәсекеге қабілетті жүз қаланың құрамына енетін болады. «Mercer» өмір сапасының негізінде Алматы 230 қаланың арасынан 175-орынды, ал «Economist Intelligence Unit» өмір сапасы индексінде 140 мегаполистің арасынан 100-орынды иеленіп отыр. Сондай-ақ Алматыда бүгінде «Ақылды қала» жобасының жүзеге асып жатқаны белгілі. Әрі қаланың 2020 жылдарға арналған бағдарламасында жайлы қала, қауіпсіз қала, әлеуметтік бағытталған қала сияқты басымдықтарды ескере отырып, көшелерде орын алған қылмыстардың үлесі 31 пайызға, жол-көлік апатының салдарын 100 адамға шаққанда 2,3 жағдайға дейін, кәмелеттік жасқа толмағандар жасаған қылмыстардың үлес санын 1,7 пайызға дейін төмендету қарастырылған. Яғни, жоғарыда келтірілген мәліметтерге сүйене отырып, бүгінгі қоғам ел дамуына ықпал ететін әлеуметтік институттар мен қоғамдастықтардың, сондай-ақ жекелеген адамдардың қолдауына мұқтаж екенін көреміз.
АЛМАТЫ