Тарих • 02 Қыркүйек, 2019

Көзбен көрген тарих

356 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Еліміздің бас басылымы «Егемен Қазақстанның» шыққанына 100 жыл – бір ғасыр толады. Елдің рухани өміріндегі айтулы оқиға. Қазір пікір алуандығы деген бар, бұл басылым біреуге ұнар, біреуге ұнамас, бірақ еліміздің бір ғасырлық шежіре-тарихын осы газеттің сарғайған беттерінен табатынымыз да шындық.

Көзбен көрген тарих

Енді сол басылымның өз тарихы бар. Газетті кімдер басқарды, онда қандай беделді қаламгерлер, қайраткерлер қыз­мет істеді, қандай игі істерге бастамашы болды, елдің рухани өміріне қалай ықпал етті деген тұрғыда біраз әңгіме айтуға болады. Бұл ретте баспасөз тарихын зерттеуші ағайындарға біраз жауап­кершілік жүктеледі. Сонымен бірге осы басылым редакциясында қызмет істеген адамдар да біраз жайға куәлік ете алады. Өзіміз  – солардың біріміз.

Басылымның жүз жылдық тарихы бар десек, соның соңғы алпыс жылында бұл газеттің ұжымымен етене жақын өмір кешкен екенбіз. Соның жарты ғасырға жуығында тікелей қызмет етсек, біраз жылында ұжымның ардагері ретінде жақын араласып келе жатырмыз. Сөйтсе де, газет тарихмен таныстығымызды сол өзіміздің сонда қызмет еткен кезеңмен ғана шектесек, ол да әділдік болмас еді. Біз осы басылымда өзімізден бұрын келіп қызмет атқарған адамдармен бірге жұмыс істедік. Олардың әңгімелерінен, тіпті жүріс-тұрыстарынан, өмірге көз­қарастарынан сол отызыншы жыл­дардағы ашаршылық нәубатының, саяси репрессия сойқанының, қырқыншы жылдардағы Екінші дүниежүзілік соғыс­­­тың қаһармандық рухының лепте­рін сезі­нетінбіз. Соның бәрін ой еле­гінен өткізіп, қазақ баспасөзінің қара шаңы­рағы болған газет ұжымының сол тұстағы тыныс-тіршілігін аңғарғандай болдық.

Газет редакциясы ұжымымен тіке­лей араласымызға келсек, Ұлттық универ­ситеттің журналистика бөлімінде оқып жүрген кезімізде кейін белгілі әдебиет сыншысы болған Зейнолла Серікқалиев екеуіміз 1958 және 1960  жылдарда «Социалистік Қазақстанда» өндірістік тәжірибеден өтіп, газет ұжымына қатты бауыр басып кетіп, кейін одан ажыраған емеспіз. Тіпті шамалы уақыт сыртта жұмыс істесек те, «СҚ»-ның редакциясын өз ұжымымыздай санаушы едік.

Шамалы уақыт сыртта жұмыс істедік дегенге келсек, университетті бітір­­ген­нен кейін осында қалатын болған­быз. Редакторымыз Қасым Шәріпов «жол­­даманы басқа жаққа ала бер, Ор­та­лық комитетпен келісіп, осында­ алып қаламыз» деген. Соған орай 1960­ жылдың тамызында редактордың бұй­рығымен жұмысқа да қабылдандық. Бі­рақ күтпеген жағдайдың қырсығы тигені бар. Уәде де берген, жұмысқа да алған, редакторымыз шет жаққа іс­сапарға кеткен кезде партия Орталық комитетіндегілер менің жолдама алған жаққа бармағанымды «біле қойып», редактордың келуін күтпей бару­ға тиіс жағыма қуған да жіберген.

Бірақ көп уақыт өтпей бауыр басқан ұжымға қайта оралудың сәті түсті. Газет­тің Семей облысында меншікті тіл­шісінің орны босағанда редакция басшылығы бізді тауып алған. Сөйтіп, республиканың бас басылымындағы жарты ғасырдай еңбек жолымыз бас­талған.

Осы жерде тағы бір шамалы уақыт сыртта жұмыс істеу жайын айтпасқа бол­­майды.  Үш жылдай «СҚ»-дан ажы­рауға тура келген. Партияның ұйға­рымымен 1986 жылдың қаңтарында Ал­маты облыстық «Жетісу» газетіне редак­­тор болып тағайындалдық. Сонда «Социа­листік Қазақстан» газетінің бас редакторы Балғабек Қыдырбекұлы ағамыздың «...Айналайын Мамадияр, «СҚ»-ның беде­лімен бара жатырсың, оны ешқашан да ұмытпа» дегенінде біраз шындық бар еді.

Бұл қызметте көп болғанымыз жоқ. Бар-жоғы бір жарым жыл ғана. Оған сергелдеңге ұшыраған сонша уақытты қоссақ, барлығы  – 3 жыл. Сонда «Қаң­­ғып келген шүрегей» Геннадий Кол­биннің қаһарына ұшырағанбыз. Желтоқсан оқиғасының құрбандарына байланысты 1987 жылы болған соттан материал берген кезде «соларға бүй­регің бұрылды» деген айыппен партия­дан шығарылып, қызметтен қуылдық. Ал­матыдан «жұмыс табылмай», аудан­дық газеттің корректоры болып, күн сайын Қаскелең қаласына қатынап жұ­мыс істеуге тура келген. Содан «жер аудару» мерзімі біткен соң қайта бауыр басқан ұжым – «СҚ»-ға оралдық. Сонда «саяси сенімсіз» адамды мұндағылар, үлкені бар, кішісі бар, құшағын жайып қарсы алған. Содан кейін табан аудармай 75 жасқа қараған жасымызға дейін, зейнеткерлікке шыққанша еңбек еттік. Республикамыздың бас басылымының тарихын да, рухын да іштей білеміз деу­ге қақымыз бардай көрінеді.

60 жыл аз мерзім емес. Осы жылдарды бас басылымның бастан кешкен талай тарихына куәлік ете аламыз. Газет үшін жанын салған талайлармен қызметтес болдық. Сонау өткен ғасырдың 60-шы жылдарында облыстарда меншікті тілші қызметін бірге атқарған Байжігіт Әбдіразақов, Алтынбек Жолдасбеков, Еркеш Ебікенов, Боранғали Ырзабаев, Байтұрсын Ілиясовтар үлкен қызметтің тұтқасын ұстайтындай тұлғалар еді ғой. Бірақ олар өздерінің «Социалистік Қазақстанын» тастап кетуге қимады.

Ойға небір жайсаңдар оралады. Ұжым­­ның берекесіндей болған ағайлар мен апайлар оралады. Оралғанда жеке-дара да емес-ау, бір-бірімен қолтық­тасқандай, үлкен айдынның лек-лек толқынындай шоғырланып оралады. Олар бір-бірін толықтырып, тұтас бір бейнеге топтасқандай көрінеді.

Сол 50-60-жылдарда ұжымның аға тұтар төрт ақсақалы болды – Қаби Мың­­жанов, Әбдібек Нұрмағамбетов, Қайролла Қасымжанов және Қайдар Баймұханбетов. Жұрттың бәріне ағадай еді. Ешкім олардың бетіне келіп, сөз айтпайтын. Төртеуінде төрт түрлі мінез бар. Сол мінездері өздеріне жарасатын. Бәрі де газеттің 30-40-жылдардағы өміріне куә адамдар. Соны бізге айтатын. Тағылым алыңдар дейтіндей еді.

Енді бір шоғыр қауым – соғыстан оралғандар, оның от жалынын бастан кешкендер. Оларды Жекен Жұмаханов, Сәуірбек Бақбергенов, Хамит Ерғалиев, Әзілхан Нұршайықов, Құрманғали Ұябаев, Қалмұхан Исабаевтар бастар еді. Бұлардың ерекшелігі  – әскери тәртіптің адамдары, жұмысқа жауапкершілігі де сондай. Біз өлімді де көргенбіз, өмір­ді сыйлай біліңдер дейтіндей. Жүз­дерінен мейірім төгіліп тұрар еді. Жекен ағамыздың әңгімелері қандай еді!

Сонда өзіміз көрмегенмен, осыдан біраз бұрын осында қызмет істеп кеткен Мұқан Иманжанов, Мерғали Ешмұханбетов, Бари Мәзитов, Ләзиза Серғазина, Әбдуәли Қарақұлов, Сағат Жұма­ғазиев сияқты ағаларымыз бен апайларымыз жайлы әңгімелер естіп, олардың өздерімен кездескендей болар едік. Тіпті соғыстың қиын жылдарында төменгі сыныпта оқып жүріп, хат тасушы, қате түзеушінің көмекшісі жұмысын атқарған, бертінде қоғам қайраткері болған Оразай Батырбековтің естеліктері арқылы Ғайса Сармұрзин, Жүсіпбек Алтайбаев, Байдібек Әлимановтарды таныдық. Неткен адал да, қайырымды, өз жұмыстарына жан-тәнімен берілген адамдар деп таңданасың.

Шығармашылық қызметкерлер ғана емес-ау, аға ұрпақ өкілдерінен жай қатар­дағы қарапайым қызметтер атқарған ма­ши­нистка Бибіш апай Батырбекова, Сәнәм апай Мырзабекова, редакция мең­­герушісі Мағзұм Көшеков, аға кор­рек­тор Орынбай Асылбаевтардың сол ұжым­ның ынтымағына ұйытқы бол­ғандарына куәміз. Стенографистка бол­ған Данаш апай Байқадамова, Мә­риям апай Исаевалар қандай еді. Жай қатар­дағы қызметкерлер емес, қайрат­керлер десек ләзім-ау.

Белгілі қайраткер Балғабек Қыдыр­бекұлы ағамыздың «отыз жеті жыл ішін­де жеті редактормен істес болдым» деп жазғаны бар. Ал біз осынау қасиетті қара шаңырақта болған кезде 13 редактормен қызметтес болыппыз. Бір тізім. Бірін атап, екіншісін тастап кеткен орынсыз көрінеді, түгел айтайық: Қасым Шәріпов, Кеңесбай Үсебаев, Ұзақ Бағаев, Сапар Байжанов, Балғабек Қыдырбекұлы, Көрік Дүйсеев, Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекіл­баев, Нұрлан Ора­залин, Уәлихан Қалижан, Ержұман Сымайыл, Сауытбек Абдрахманов. Жасы үлкендерінің шапа­ғатын да көрдік, кіші­леріне аға да болдық.  Бұлар­дың әрқайсысы туралы жанды жадыратар әңгіме табылады.

Сонау елуінші жылы газеттің сол тұстағы жауапты редакторы Қасым Шәріпов университет дипломын әлі ала қоймаған жеті студентті бірден жұмыс­қа қабылдады. Олар газетке жаңа бір леп алып қана келген жоқ, Балғабек Қыдыр­бекұлы, Төлеубай Ыдырысов, Бекділдә Абдуллин, Әбіраш Жәмішев, Әбілмәжін Жұмабаев, Пернебек Бей­сенов, Орақбай Смағұлов кейін қазақ баспасөзінің тұлғаларына айналды. Өзіміз де солардың ағалық қамқорлығын сезініп, журналист болып қалыптастық.

Сірә, бұл да редакторлардың өз­дері басқарған ұжымды жаңа биікке кө­те­ру­дегі бір әдісі, ізденісі шығар. Осын­дай ізденісті одан кейінірек Сапар Бай­жанов ағамыз да жүзеге асырды. 70-жылдардың басында өзі жұмысқа кірісе салысымен республиканың жер-жерінен біраз журналистерді қызметке шақырды. Сарбас Ақтаев, Мыңбай Ілес, Ақселеу Сейдімбек, Қойшығара Сал­­ғарин, Нүриден Муфтах, Бекболат Әдетов, Сабыржан Шүкіров, Кеңшілік Мырзабековтер қазақ баспасөзіндегі өз орындарын табуымен қатар, газеттің жаңа бейнесін қалыптастырды. Сол тұста келген екінші толқын өкілдері Ержұман Смайыл, Сауытбек Абдрахманов, Әбді­мүтәл Әлібеков, Мақсат Тәжімұрат, Жұ­ма­бек Кенжалиндер кейін бүкіл қазақ баспасөзіне ықпал етті деуге болады.

Көзіміз көрген редакторларымыз жа­йын­да айтатын әңгіме көп. Олар қазақ баспасөзінің тарихында тұлғалар болып қалады. Басқасын айтпағанда, Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбаевтар қандай еді! Жүрген жүрістері, тұрған тұрыстары аңыздай еді ғой. Шерағаңның ұжыммен танысқаны есте. «Сіз не істейсіз, Мәке?» деді Шерағаң. Колбиннің жер аударуынан оралған кез, бір техникалық қызмет атқарып жүргенбіз. Айтуға тура келді. «Бұл қалай?» деді ежірейіп. Қыз­метке өзіңді-өзің тағайындамайсың ғой. Осының өзіне қанағат еткен кез. «Облыс­тық газеттің редакторы, айдауда болған...сіз бөлімге бастық боласыз» деді. Оны келесі күні жүзеге асырды.

Өзімізге қатысы болғандықтан айтып отырғанымыз жоқ, «Егеменнің» тарихына үңілсең, оның тізгінін ұстағандардың барлығының да ерекшеліктері бар. Солардың жиынтық бейнесін жасасаң, көз алдыңа тұлғалар елестейді. Бұрын­ғыларын еске түсірейікші. Смағұл Сәдуақасов, Мұхтар Әуезов, Бейімбет Май­лин, Сәкен Сейфуллин, Тұрар Рыс­құлов, Ораз Жандосов, Ораз Исаев, Ғабит Мүсірепов, Жанайдар Сәдуа­қасов...Кейінгілер солардың жалға­сын­дай.

Тіпті бертіндегілер туралы біраз жай­­ды айтуға болғандай. Бұрындары қалып­тасқан қайраткерлер келіп, елдің бас басылымын басқарса, кейінгі кезеңде өзіне басшыны ұжымның өзі дайындап алғандай да жағдай қалыптасқан. Бұл дәстүрді Балғабек Қыдырбекұлы бастады. Редакцияның қатардағы тілшісі болып келіп, содан табан аудармай қызмет етіп, ақырында оның бас редакторлығына көтерілді. Бұл жолды күні кеше өмірден озып, бүкіл журналистер қауымын өкін­діріп кеткен Ержұман Смайыл бауырымыз қайталады. Студент кезінде осы газеттен өндірістік тәжірибеден өтіп, алғаш­­­қы қадамын жасаса, одан кейін қатардағы тілші болды, бөлімді басқар­ды, бас редактордың орынбасары, бірін­ші орынбасар қызметтерін атқарды. Жұрт­­ты мойындатып барып, басшылық тізгін­ді ұстады. Бас редактор болды, газет атындағы ашық акционерлік қоғам­ның президенті болды.

Редакция ұжымының өзі, ұлттық бас басылымның рухы дайындаған тұлға ретінде Сауытбек Абдрахмановты да айтсақ жөн. Сауытбек те мұнда тілші болып келіп, білікті де шебер журналист, ұйымдастырушы болып қалыптасқанда, ол үкіметтік, мемлекеттік жұмыстарға шақырылды. Қай жерде де өзін көрсете білген азамат, республика үкіметі «Еге­мен Қазақстан» республикалық газеті» ашық акционерлік қоғамын құру туралы шешім қабылдағанда, осынау жаңа құры­лымды басқаруға сол Сауытбекті жіберді. Сауытбектің елдің бас басылымын ең ұзақ басқарған қайраткер екенін де айтқанымыз орынды болар. Ондай сенім кез келгеннің үлесіне тие де бермейді. Арасында респуб­лика Ақпарат министрлігін де басқарғаны бар. Қазір ол – Парламент Мәжілісінің депутаты, танылған мемлекеттік, қоғамдық қайраткер.

«Егемен Қазақстанның» 100 жылдық мерейтойы қарсаңында көп жай көңілге оралады. Бұл басылымның сарғайған беттерінде халқымыздың, еліміздің тарихы, шежіресі жатыр. Онда ұлттық рухымыздың қайнарлары бар. Біреулер сәуегейсіп, «бұл басылым биліктегі пар­тия­ның сөзін сөйледі, еліміз бастан кешкен ауыртпалықтарда кінәсі бар» дегенді де айтқысы келеді. Елдің бас басылымы, оның ұжымы сол қиындықтарды елмен бірге көтерді. Басшылары болған біраз қайраткерлердің «халық жауы» болып атылғанын да білеміз. Біразының қызметтен қуылғанын да білеміз. Басы­лым әрқашан халықпен бірге болды.

Ғасырлар бойы аңсаған Тәуел­сізді­­гімізге қолымыз әзер жеткенде, «Егемен Қазақстан» еліміздің егемен­дігі жолында халықтың жаршысы, тәуелсіздігінің ұраншысы болды. Соған орай халықтың да әрқашан бұл басылымды қолдап келгенін де айту парыз. Жүз жасаған газетті халық оқиды. Екі жүз мыңдай таралым халық қолдаған, халықтың мүддесін мақсат тұтқан басылымның ғана үлесіне тиеді. «Егемен Қазақстан» алда да халықпен бірге. Халық үшін жасай береді.

 

Мамадияр ЖАҚЫП,

«Егеменнің» ардагер журналисі