Руханият • 02 Қыркүйек, 2019

Жетпіс жылдан бергі сырласым

336 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бәрі есімде. Біз бір қиырдағы «Қоғалы» атты ауылда тұрдық. Ес білер ағалар соғысқа аттанып кеткен. Колхоздың бар жұмысын шал-кемпір атқарды. Ауыл балалары болып ойнауды білмедік. Бұғанамыз қатпай бидайдың масағын тердік, тарыны торғайдан қорыдық. Тойып тамақ ішпедік.

Жетпіс жылдан бергі сырласым

Бүгін ойлап қарасам, бәрі ертегі секілді. Мен ес білгелі ауыл­­да үш хат тасушы болды. Соғыс бас­та­лар­да Сейтқасым, одан соң Сопы­ның Әбділдасы, Рүстем ата күн құрғатпай Қы­зылор­даға жаяу-жалпылап, бү­кіл газет-журналды, хатты дор­баға салып, ауыл­ға арқалап жет­кізетін. Нағыз жан­кеш­ті еңбек хат тасушыларда еді-ау!

Біз «Социалистік Қазақстан» газетін бала кезден жата-жастанып оқыдық. Ата-аналарымыз жұмыстан оралған кезде сығы­райған шамның жарығымен әр бетін оқып беретінбіз. Содан соң бой жазып, шайға отыратын. Күн сайынғы «Информбюроның» хабарына сол кезде «Социалистік Қазақстан» газетінен қанығатын едік. Майдангер ағалардың ер­лігін, жазған хаттарын газеттен оқып, төгілген қөз жасымызды жиі сүртетінбіз.

Бала кезден жанымызға жа­қын басылымға бүгінде жүз жыл толып отыр. Алғашқы саны Орынборда, одан соң Қызыл­ордада шыққанын мақта­ныш етеміз. Дауылпаз ақын Сә­кен Сей­фуллин басылымның тара­лымы бес мыңға жеткенде Ала­таудың баурайына киіз үй тіккізгені, мереке өткізгенін тарих беттеріндегі шежіреден оқы­ғанбыз.

Алыстағы ауылда отырып, «Социалистік Қазақстанның» ба­сынан өткен талай оқиғаларды естуші едік. Редактор Қ.Шәріпов бір жиналыста «Социалистік Қазақстан» «Казахстанская прав­да­ның» қосымшасы болуын қол­даймын деп, деп жоғарғы биліктің ығына көшкісі келгенде қайраткер Жұмабек Тәшенов «Социалистік Қазақстанды» жабатын да, ашатын да сен емес» деп тойтарыс берді, газетті жап­тырмады дегеннен де хабар­дармыз. Газетте редактор бол­ған Балғабек Қыдырбекұлы Колбин­нің тапсырмасын орындамай, Д.Қонаев жайында сыни мақала жазуға қарсы шығып, өз арызымен қыз­меттен кетіпті. Осындай қайраткер ағалар­дың арқасында басылым бүгінге жетті ғой.

Менің де жасым тоқсанға қарай бет бұрды. Бас басы­лым менің бала кезден бергі сырласым. Жетпіс жылдан астам уақыт бойы бір санын құр жібермеген шығармын. Қойын дәптерімде бәрі жазулы. Жақсы дүниелер шықса тұлпарға мінгендей қуат аламын.

Қазір «Егемен» қолға жылдам тиетін болды. Дереу беттер­ге шолу жасаймын, жақсы дү­ние­­лердің астын сызып, ұтым­­­ды сөздерді жазып аламын.­ Ба­сылымда қаламгерлер М.Жол­­­­­дас­беков, Е.Раушанов, Р.Сей­­­сенбаев, Б.Бодаубай, Ж.Сүлей­менов, Қ.Сәрсенбай, қазіргі қаламы ұшқыр журна­листер Нәзира Жәрімбет, Фа­рида Бықай, Сүлеймен Мәмет, Александр Тасболат, Айгүл Ахан­байқызы және тағы бас­қалардың жаз­ға­нына құмарта көз тігеміз. Басылым басшысы Дар­хан Қыдырәлінің танымдық дүние­леріне сусындап қаламыз.

Біз аға буын басылымның ба­ғын жандырған Шерхан Мұр­таза, Сапар Байжанов, Ұзақ Ба­ғаев­тарды жиі еске аламыз. Ке­шегі Ержұман Смайылдың, Ақсе­леу Сейдімбектің, Нүриден Муф­тахтың қалам сілтесін аңсайтын болдық.

«Егемен» әр сөзді байсалды, байыпты айтады, сол үшін де оның беделі жоғарылай түсуде. Әр шаңырақ басылымға үзбей жа­­зыл­са ұтады. Аға буынның ықы­ла­сы бөлек.

Сыр Алаштың анасы. «Еге­мен­ге» жылма-жылғы жазылу жағынан көш бастаушы болуға тиіс. Қаймағы бұзылмаған қаза­қы өңірде он-он бес мың таралым аз. Не істеу керек? Ба­сы­­лым журналистері жиі-жиі ел­ге шы­­ғып, кездесуді жиілету керек. Кітап­­хана, мектептерде сыр­­­ласу көбейсе деймін. Аға буын өкіл­дері жиі сыр ағытса ар­­­тықтық етпес еді. «Менің «Еге­менім» атты байқау қажет-ақ. Әкімдіктерден қолдау көбей­се. Мұнай компания­лары, пошта бөлімшелері, басылым жанашырларымен кездесу­лерді жиілету керек.

Басылымға алдағы жылға жазылу науқаны басталғалы тұр. Біздер, сол науқанның басы-қа­сын­да жүруді парыз тұтуға бел буғалы отырмыз.

 

Қайырбек Мырзахметұлы,

ардагер

Қызылорда