Аймақтар • 02 Қыркүйек, 2019

Әліптомар мазары

495 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жиырмасыншы ғасырдан қалған тәбәрік – қойнауы тылсым тарихқа тұнған Қорғалжын өңіріндегі Әліптомар мазары.

Әліптомар мазары

Ел есінде сақталған деректерді екшегенде Әліптомардың Қызылжар өңірінің тумасы екендігі айтылады. Босағасына береке байланған, мыңды айдаған жылқылы бай болса керек-ті. Жай ғана мыңғырған малына, күпсіген байлығына мастанған жан емес, рухани байлықты да есінен шығармаған зерек жан екен. Сыпа бойын ғана емес, рухани жан дүниесінің де кіршіксіз бо­луын армандап өткен Әліптомар барынша тақуа адам болған деседі. Мұсылманның бір парызын өтемек болып, жанына үлкен ұлын ертіп қажылық сапарға аттанған. Бірақ бұл дүниедегі пенденің ойына алған оңды ісі оңынан оңғарыла берген бе? Ұлы сапардың бесінші күні аяқ астынан сырқаттанып, топырақ Қорғалжын ауданының Абай ауылы маңынан бұйырыпты.

Ел ағалары өмірден өткен адам­ның мән-жайын, сапарының мәнісін білген соң құрмет көрсетіп, арулап, жер бесікке тапсырған. Арада біраз уақыт өткен соң артта қалған ел-жұрты жиналып келіп, тақуаның басына мазар тұрғызады. Мазарды салу үшін осы өңірде көп кездесетін ұсақ тастарды пайдаланған. Берік болсын деп жылқының қылын араластырып, өсімдік тамырларының қоспасын құйып, кірпіш соққан. Шикі кірпіш болса да бүгінгінің отқа күйдірілгенінен кем емес. Бәлкім артық. Ал сыры – құпия. Сайын даланың азынай соққан желі мен Арқаның ақ жауынына шыдап әлі тұр. Әлі де талай заман шыдайтын түрі бар. Бір ерекшелігі, күңгірт және ашық түсті кірпіш алмастырылып, кезектескен тәртіппен қалаған. Осы тәсілдің өзі өзгеше рең беріп тұр.

Бүгінгі заманда Әліптомар та­қуаның жамбасы жерге тиген жер діни ғибадат орны болып саналады. Басына келіп мінәжат еткен жан байлықтың мұрат емес, жан тазылығы мен арлы адалдықтың мәңгілік серік екендігін ұғынады. Еңселі мазар ел рухының биік екендігін меңзеп тұр.   

 

Ақмола облысы,

Қорғалжын ауданы