Әлем • 02 Қыркүйек, 2019

Шартты ратификациялау құжаты БҰҰ-ға тапсырылды

280 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстан Ядролық қаруға тыйым салу туралы шартты ратификациялағаны жөнінде ресми құжатын Біріккен Ұлттар Ұйымының Хатшылығына тапсырды. Құжатты тапсыру рәсімі БҰҰ қоғамдастығында оныншы рет аталып отырған Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күніне орайластырылды, деп хабарлады еліміздің СІМ-нің баспасөз қызметі.

Шартты ратификациялау  құжаты БҰҰ-ға тапсырылды

 Іс-шараға БҰҰ және 103 елдің 500-ден астам үкіметтік емес ұйымдарының коалициясын құраған «ICAN» ядро­лық қаруға қарсы халықаралық қозға­лы­сының өкілдері қатысты. Олар Қазақ­станға ядролық қарусыздану ісіндегі беріктігі мен көшбасшылығы үшін ал­ғыстарын білдірді.

Құжатты депозитарийге тапсыра отырып, Қазақстан Республикасының БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Омаров бұл оқиға Қазақстанның ядро­лық қарудан азат әлем құрудағы жаһан­дық күш-жігерлерге қосқан тағы бір маңызды практикалық үлесі екенін атап өтті.

70 жыл бұрын кеңестік атом бомбасы алғаш рет сынақтан өт­кі­зілген ел бүгінде ратификациялау құжа­тын тапсыру арқылы 26-шы мемлекет болып ядролық қаруға заңды түрде тыйым салатын алғашқы тарихи шарт­тың күшіне ену перспективасын жақындатты.

Шарттың мәтінін әзірлеуге және оның қабылдануына Қазақстан белсен­ді түрде қатысып келгені белгілі. Құ­жат­тың негізгі ережелері әлемдегі төр­тінші ең ірі ядролық арсенал иесінен ядро­лық қарусыздану мен таратпау саласындағы көшбасшы мемлекетке айналудың өнегелі жолын көрсеткен Қазақстанның қағидатты  ұстанымына жауап береді.

Қазақстанның ядролық қаруға қар­сы жүр­гізіп жатқан күш-жігерлері елдің Тұ­ң­ғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2045 жылға қарай БҰҰ-ның 100 жылдық мерейтойына дейін ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізу жөніндегі бастамасын басшылыққа алуда. Ядролық қаруға тыйым салу туралы шарттың қабылдануы бұл қару түрін жою үшін күрес жолындағы тарихи маңызды кезең болмақ.

Шарттың күшіне енуі үшін 50 мем­лекеттің ратификациясы қажет. Осы орайда қазақстандық өкілдік бас­шысы: «Егер Боливия қажетті рати­фикациялар санының бірінші жартысына 6 тамыз күні – Хиросиманы бомбалау күні жеткізсе, Қазақстан екінші жартысының тұсауын Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күніне орайластырып ашып отыр. Осылайша еліміз бүкіл адам­заттың қауіпсіз болашағын ойлаушыларды осындай әрекеттерге баруға шабыттандыра түспек» – деп мәлімдеді.

Рәсім барысында қатысушылар барлық ядролық сынақтардың құрбан­дарын бір минут үнсіздікпен еске алды. «Біздің әрекетіміз, сонымен қатар яд­ро­лық қаруды қолдану салдарынан зардап шеккендердің барлығына деген құрметіміз болып табылады. Ортақ міндетіміз – осындай қайғылы жағдайлардың қайталануын болдырмау», – деп атап өтті Қ.Омаров.

Ядролық қаруға тыйым салу туралы шарт 2017 жылғы 7 шілдеде  БҰҰ-ның 122 мүше-мемлекетінің қолдауымен қа­былданды. Бұл құжат 2017 жылдың нау­рыз және маусым-шілде айларында Нью-Йорк қаласында өткен Ядролық қару­дың түбегейлі жойылуына әкелетін ядро­лық қаруға тыйым салу туралы заңдық мін­деттеуші күші бар құжат әзірлеу бойынша БҰҰ конференциясының екі сес­сиясы­ның қорытындысы болды. Бүгін­де 70 мем­­лекет Шартқа қол қойып, оның 26-сы осы құжатты ратификация­лаған. Қа­зақстан бұл құжатқа 57-ші мемлекет ре­тінде 2018 жылғы 2 наурызда қол қой­ды, ал  биылғы 29 тамызда оны ра­ти­­фи­ка­­циялағаны жөнінде ресми құ­жатын 26-шы мемлекет болып тапсырды.