Аймақтар • 02 Қыркүйек, 2019

«ҚазМұнайГаз» басшысы Маңғыстау өңірінің мұнайшыларын құттықтады

471 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма Төрағасы Алик Айдарбаев Маңғыстау облысының мұнайшыларын кәсіби мерекемен және қазақ мұнайының 120 жылдық мерейтойымен құттықтады. Салтанатты іс-шаралар 2019 жылдың 30-31 тамызында Жаңаөзен және Ақтау қалаларында өтті.

«ҚазМұнайГаз» басшысы Маңғыстау өңірінің мұнайшыларын құттықтады

-Тәуелсіздік алғалы бері мұнай-газ саласы жаңа кезеңге қадам басып, өндіріс өрге өрледі. Саланы аяққа тұрғызып, ілгері дамытуда Тұңғыш Президенттің орны бөлек. Елбасының қажырлы еңбегі мен саяси жігерінің арқасында еңсемізді тік көтеріп, талай биіктерді бағындырдық. Былтыр Қазақстанда 90 миллион тонна мұнай өндірілді. Жиырма сегіз жылда «қара алтынды» өндіру көлемі 3-тен аса есеге ұлғайды. Бүгінгі таңда еліміз мұнай мен газ өндірісі бойынша дүниежүзінде 13-ші орында тұр. Ең бастысы – мұнайшылардың әл-ауқаты жақсарды. Өткен жылдар мен бүгінгі күннің әлеуметтік-еңбек жағдайын мүлдем салыстыруға болмайды, деді өз сөзінде Алик Айдарбаев.

Мұнай-газ кешені қызметкерлерінің күні жыл сайын қыркүйек айының алғашқы жексенбісінде атап өтіледі. Кәсіби мереке президенттің жарлығымен 2003 жылы бекітілген болатын.

Биыл қазақстандық мұнайшылар үшін ерекше жыл. Мұнай-газ саласы 120 жылдық мерейтойын атап өтуде. Естеріңізге салайық, 1899 жылы Атырау облысындағы Қарашүңгіл кен орнында алғашқы мұнай бұрқағы атқылады. Отандық мұнай-газ саласының тарихы сол сәттен бастау алады.