Аймақтар • 02 Қыркүйек, 2019

Ақтау қаласында Өзбекстан Республикасының Бас Консулдығы ашылды

207 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ақтау қаласында Өзбекстан Республикасының Бас Консулдығының ашылу рәсімі өтті. Бұл бауырлас қазақ пен өзбек елдерінің арасындағы достық қарым-қатынасты одан әрі нығайту жолындағы маңызды шаралардың бірі. Тарихи сәттің тағы бір ерекшелігі - Өзбекстан Республикасының Бас Консулдығы Қазақстан Республикасының Конституциясы күні және Өзбекстан Республикасының Тәуелсіздігі күні аясында ашылуда. Сондай-ақ 2019 жылы Өзбекстан елінде Қазақстанның жылы деп жарияланып, жоғары деңгейде ұйымдастырылуда.

Ақтау қаласында Өзбекстан Республикасының Бас Консулдығы ашылды

- Бүгін қасиетті Маңғыстау өңірінде тарихи сәттің куәсі болып отырмыз. Жоспарлы түрде екі халық арасындағы ежелгі, терең тарихы бар мәдени және рухани байланысымыз одан әрі кеңейіп келеді. Екі ел арасындағы достық қарым-қатынасымыз одан әрі нығая бергей, деді Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов.

Айта кетейік, ағымдағы жылдың 17 шілдесі күні екі елдің Үкімет басшыларының қатысуымен «Бейнеу-Ақжігіт-Өзбекстан» республикалық маңызы бар автожолы салтанатты түрде ашылды. Бұл екі мемлекет арасындағы экономикалық жобаларды іске асыруға үлкен серпіліс беретіні анық.

2019 жылдың тек бірінші жартыжылдығында Маңғыстау облысының Өзбекстан Республикасының арасындағы тауар айналымы 1,5 млн АҚШ долларын құрады. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 4,3% жоғары.

Сонымен қоса, Маңғыстау облысында бүгінгі күні әртүрлі салада өзбек капиталының қатысуымен 33 біріккен кәсіпорындары жұмыс жасайды.