Руханият • 03 Қыркүйек, 2019

Бас жүлдені корей театры еншіледі

463 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қостанайда бекзат өнердің тағы бір фестивалі өтеді дегенде, қостанайлықтардың қозға­лақтап қалғаны рас. Ко­рей, неміс, ұйғыр, өзбек театр­лары Қазақстаннан басқа Тәуелсіз достастық елдерінің ешқайсысында жоқ, бұрын да болған емес. Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен елімізде биыл бесінші рет өтіп отырған этностық театрлар фестивалі қиын жыл­дары қазақ жерінен пана тап­қан, оны өзінің жерұйығына айналдырған ұлыстар өнерін дамытуға да мол мүмкіндікті сезініп отырғанын көрсетті.

Бас жүлдені корей театры еншіледі

Қонақтарға облыс әкімі Ар­химед Мұхамбетовтің жылы лебізін жеткізген Облыстық мә­­дениет басқармасының бас­шы­сы Ерлан Қалмақов, көрер­мендер мен театр әр­тіс­терін Мә­дениет жә­не спорт министрі Ақтоты Ра­йым­құ­ло­ваның атынан құт­­тықтаған министрліктің Кине­матография және театр басқармасының бас сарапшы­сы Гүлнафис Мырзашева ша­раның басты мақсаты елдегі эт­носаралық келісімді нығайту және Қа­зақстан халқының бай мәде­ниетін сақтау екенін айт­­ты. Бұл жолы Қостанайға Мем­лекеттік академиялық корей музыкалық театры, Шым­кент қалалық өзбек театры, Қ.Қожамияров атындағы Мем­лекеттік республикалық ұй­ғыр музыкалық комедия театры жә­не фестиваль шарты бойынша І.Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ дра­ма театры мен облыстық орыс драма теат­ры да өнер бәйгесінен сырт қал­ған жоқ.

– Біздің ұйғыр театры театр болғалы Қостанайға бі­рінші рет келуіміз екен. Фес­тивальдың ар­қасында То­был-Торғай өңірі жұр­тына өнерімізді ұсындық. Көрермен мен театр көзайым болып кездеспей, бұл өнердің қа­наты қатайған, қадамы жүрген емес. Театр өнерінің ерекшелігі де сол ғой. Сондықтан біз фес­тивальға өте ризамыз, – деді Қ.Қожамияров атындағы Ұй­ғыр театрының көркемдік же­текшісі Ялқынжан Шамиев.

Фестивальдан өнер өрісі­нің кеңдігі мен этностық театр­­лардың өскені байқалды. Мұ­ны театрлардың ойға жетеле­ген шығармаларын көріп, тама­шалаған Қостанайдың талғампаз жұрты да білмей қалған жоқ.

– Фестиваль шеңберіндегі спектакльдің бірін де қал­дыр­май тегіс қарап шықтым. Өнер­дің аты – өнер, таланттың аты талант екенін байқадым. Қазақ әдебиетінің маржаны «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» спектаклі корей театрының сахнасында асыл тастай қырлана, құлпыра түскен. Жаңа тәсіл, жаңа леппен қойылған. Шығарманы қа­зақ театры сахнасынан көр­ген басқа да, корей театры сах­на­сынан көргендегі алар ләз­зат бөлек екен. Керемет! – деген еді Қостанай қаласының тұрғыны Меңзада Сәмембет.

Фестиваль тек өнер бәйге­сінің бірі ғана емес, бұл театр­лардың өзара тәжірибе алма­суы, бір-бірінен үйрену, кем-кетігін түзеу мен жетпей, олқы түсіп жатқан жағын бір­лесіп іздеу мүмкіндігі-тұғын. Қа­зақстандағы алпыс шақты театрлардың арасындағы этнос­тық театрларға да драмалық шы­ғармалар мен жас кадр­лардың тапшылығы, техникалық жаб­­дықтау мәселелері ортақ екенін айтты журналистермен кездесуде Ғ.Мүсірепов атын­дағы Мемлекеттік ака­демиялық ба­­лалар мен жас­өспірімдер театрының көр­кемдік жетекшісі, өнертану ғылымдарының кандидаты, фестиваль қазылар ал­­қасының төрағасы Еркін Жуасбек.

Қайткенде де бәйгенің аты – бәйге. Қазылар алқасы са­раптай келгенде, «Екінші пландағы үздік ер адам бей­несі» аталымы бойынша Н.Са­дурдың «Панночка» спек­такліндегі Явтух рөлін сом­да­ған Қостанай облыстық орыс драма театрының актері Олег Смирнов, Н.Гогольдің «Үйлену» спектакліндегі Под­­колесин рөлін сомдаған І.Омаров атындағы Қостанай қазақ драма театрының ак­тері, Қазақстанның еңбек сі­ңір­ген мәдениет қайраткері Қо­нысбек Бегайдаров марапатталды. «Екінші пландағы үз­дік әйел бейнесі» аталымы­на Н.Гогольдің «Үйлену» спек­­такліндегі Дуняша және Ага­­фья Тихоновна рөлдерін ойнаған Қостанай облыстық І.Омаров атындағы қазақ драма театрының әртістері Назира Иман мен Диана Тұрсынова ие болды. Шымкент қалалық өзбек драма театры «Қасқыр ұлыған түн» спектаклі үшін «Көрермен көзайымы» аталымын еншіледі. «Үздік сцено­графиялық жұмыс» аталымы бойынша Н.Садурдың «Панночка» спектаклі үшін Қостанай облыстық орыс драма театры марапатталды. Қазылар «Үздік режиссерлік жұмыс» аталымы жүлдесін «Апат» спек­таклі үшін Ялкынжан Ша­миевке лайық деп тапты. Ал фестивальдың бас жүлдесі – «Үздік спектакль» аталымы «Поэма о любви» спектаклі үшін Мемлекеттік академия­лық корей музыкалық комедия теат­рына берілді.

ҚОСТАНАЙ